Ел еркесі – Еркеғали
Ел еркесі – Еркеғали
440
оқылды
Кеше Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік ака­демия­лық филармония мекемеге белгілі композитордың есі­мін беру құрметіне арнап салтанатты концерт ұсынды. Кон­цертке шығармашылық ұжымдар мен әншілер қатысты. Биыл КСРО халық әртісі, қазақтың көрнекті композиторы, педагог және қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл. Оның «Дайрабай» және «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Қамар-сұлу», «Алпамыс» және «Абылай хан» опералары, романстар мен әндері қазақ өнерінің қайталанбас қазына­ларына айналған. Маэстроның шығармашылық қызметі 2004 жылдан бастап елордамен тығыз байланысты. Еркеғали Рахмадиев өмірінің соңғы күндеріне дейін өзінің талантын, тәжірибесі мен білімін айналасындағылармен бө­ліс­ті. Сондықтан өзі компо­зиция­дан дәріс берген елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Үл­кен залына композитордың есімі берілген. Ал 2021 жылы Мемле­кеттік академиялық филар­мония ресми түрде халық әртісінің есі­мімен аталды. Осы айтулы оқиғаға орай, 25 қараша күні елордалық филар­мония ұжымы мен орындаушы­лары салтанатты мерекелік концерт ұсынды. Кеш барысында маэстроның ең танымал туынды­лары, оның ішінде опералардан үзінділер, симфониялық күйлер орындалды. Концертке Қазақ оркестрі, Симфониялық оркестр, Камералық хор, «Шалқыма» ха­лық би ансамблі, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, «Қорқыт» этно ан­самблі және Е.Рахмадиев атын­дағы МАФ орындаушылары, Ха­лық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Светлана Айтбаева, Арай­лым Рахымқызы, сондай-ақ Фируза Рахметова, Алтынбек Әбіл­да және тағы басқалар қа­тысады. Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Пара­сат» орденінің иегері, про­фессор Айтқали Жайымов, дирижер – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов. Камералық хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижеры – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова, «Қорқыт» этно-ансамблінің көркемдік жетекшісі – мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек, Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартеттің көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мың­таев, Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі – халық­аралық байқаулардың лауреаты Берік Батырхан, бас дирижеры – халықаралық байқаулардың лауре­аты Ернар Нұртазин. «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Әбдірасул Есекеев.