Кеше Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мекемеге белгілі композитордың есімін беру құрметіне арнап салтанатты концерт ұсынды. Концертке шығармашылық ұжымдар мен әншілер қатысты. Биыл КСРО халық әртісі, қазақтың көрнекті композиторы, педагог және қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл. Оның «Дайрабай» және «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Қамар-сұлу», «Алпамыс» және «Абылай хан» опералары, романстар мен әндері қазақ өнерінің қайталанбас қазыналарына айналған. Маэстроның шығармашылық қызметі 2004 жылдан бастап елордамен тығыз байланысты. Еркеғали Рахмадиев өмірінің соңғы күндеріне дейін өзінің талантын, тәжірибесі мен білімін айналасындағылармен бөлісті. Сондықтан өзі композициядан дәріс берген елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Үлкен залына композитордың есімі берілген. Ал 2021 жылы Мемлекеттік академиялық филармония ресми түрде халық әртісінің есімімен аталды. Осы айтулы оқиғаға орай, 25 қараша күні елордалық филармония ұжымы мен орындаушылары салтанатты мерекелік концерт ұсынды. Кеш барысында маэстроның ең танымал туындылары, оның ішінде опералардан үзінділер, симфониялық күйлер орындалды. Концертке Қазақ оркестрі, Симфониялық оркестр, Камералық хор, «Шалқыма» халық би ансамблі, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, «Қорқыт» этно ансамблі және Е.Рахмадиев атындағы МАФ орындаушылары, Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы, сондай-ақ Фируза Рахметова, Алтынбек Әбілда және тағы басқалар қатысады. Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов, дирижер – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов. Камералық хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижеры – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова, «Қорқыт» этно-ансамблінің көркемдік жетекшісі – мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек, Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартеттің көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев, Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі – халықаралық байқаулардың лауреаты Берік Батырхан, бас дирижеры – халықаралық байқаулардың лауреаты Ернар Нұртазин. «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Әбдірасул Есекеев.