Су ресурстарын пайдаланудың ұлттық картасы жасалуы керек – Ғани Ташқараев
Су ресурстарын пайдаланудың ұлттық картасы жасалуы керек – Ғани Ташқараев
Әлемді толғандырған мәселенің бірі – экология жағдайы. Қоршаған ортаның ластануы да жаһан жұртын алаңдатып тұр. «Табиғатты аялау керек» десек те, ауаның ластануы, су тапшылығы, қоқыс қалдықтарын шашып тастау, пластикалық өнімдерді көбірек тұтыну сияқты мәселелер күн тәртібіне шығып кетті. Бұл орайда не істемек керек? Біз өз сауалымызды Мәжіліс депутаты Ғани Әбдіғаниұлына қойған едік. – Ғани мырза, әлемдік экологияның жағдайы жаһан жұртын алаңдатып тұр. Оның ішінде жаһандық жылыну процесі де бар. Экологияны реттеу үшін не қажет? – Қоршаған ортаның ластануы және экологиялық жағдайдың нашарлауы – бұл қазіргі таңда бүкіл әлем халқын толған­дырып отырған өзекті проблема. Бұл – ауаның ластануы, су көздерінің ластануы мен тапшылығы, қалдықтар мәселелері, климаттың жаһандық жылынуы және оның жағымсыз салдары, озон қабатының жұқаруы, биоалуантүрліліктің жойылуы және тағы басқалар. Экологиялық ахуал­дың адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететінін баршамыз білеміз. Климаттың жаһандық жылынуы – аса өзекті экологиялық проблема, оның теріс экономикалық және әлеуметтік салдарын еңсеру бүкіл елдердің бірлескен және өзара келісілген іс-қимыл жасауын талап етеді. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін не істеу қажет деген сұрағыңызға келетін болсақ, ең алдымен, ұлттық деңгейде эко­номикалық қызметтің, барлық өндірістік процестер мен өнеркәсіп орындарының қоршаған ортаға жағымсыз әсерін төмен­детуге бағытталған іс-шараларды қабыл­даумен қатар, «жасыл» экономикаға көшуде қомақты қадамдар жасалуға тиіс. Сонымен қатар, халықаралық деңгейде барлық мемлекеттердің бірлескен іс-қимылы мен жауапкершілігіне негізделген іс-шаралар жүзеге асырылуға тиіс. Бұл барлығымыз білетіндей, әрбір мемлекеттің жаһандық жылынуға қосатын үлесіне қарай жауапкершілік деңгейін анықтап, экономиканың «жасыл» салаларын да­мыту, төмен көміртекті даму жолына негіз­делген өндіріс орындарын ұйымдастыруға баса назар аудару. Біздің еліміз де өз тарапынан қажетті іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Мысалға, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл бағытында халықаралық деңгейде 2015 жылы қабылданған Париж келісімін Қазақстан 2016 жылы 4 қарашада рати­фикация­лады. Париж келісімі аясында Қазақстан парниктік газдар шығарын­дыларын 2030 жылға қарай 1990 жылғы дең­гейден 15 пайызға, ал халықаралық қол­дау болған жағдайда 25 пайызға қыс­қарту жөнінде міндеттеме қабылдады. Қазіргі уақытта Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығын қол жеткізу стратегиясы әзірленіп жатыр, онда барлық экономика салалары бойынша парниктік газдардың шығарындыларын азайту мен нөлдік деңгейде қол жеткізудің экономикалық, қаржылық, технологиялық және техникалық шешімдері көзделген. – Су тапшылығы туралы мәселе көтер­геніңізді білеміз. Әсіресе, су тапшылығы диқандардың да бас ауруына айналды. Суармалы егістікпен айналысатын диқан­дар егістің 60 пайызынан айрылып қалып жатыр. Бұл орайда, қандай шешім шы­ғарған дұрыс? – Су тапшылығы – қазіргі уақытта және болашақта барлық елдер мен дүниежүзі халқы үшін зор қауіп туғызып отырған аса күрделі проблема. Біздің мемлекетіміз тұрғысынан алатын болсақ, ең бірінші кезекте, су ресурстарын тиімді, ұтымды және үнемді пайдалануды жолға қою керек. Су ресурстарын тұтынудың экономика­ның дамуына негізделген ұлттық деңгейдегі болжамы мен картасы жасалуға тиіс, осы­ның негізінде су тапшылығын болдыр­маудың ғылыми негізделген шаралары қабылдануға тиіс. Өндірістік процестерде суды пайдалану жабық айналмалы (закрытый, круговой) циклге негізделуге тиіс. Еліміздегі су ресурстарының басым бөлігі басқа мемлекеттер аумағынан бастау алып, толығатын ескерсек, мемлекетаралық іс-қимылдар қажет. Ал, Каспий және Арал теңізін сақтап қалуға қатысты қабылданып жатқан шара­лармен қатар, аталған өңірлерде өнеркәсіп­ті ұйымдастыру мен дамытуда су ресурс­тарын пайдалану мен тұтыну мөл­шері негізге алынған шешімдер қабыл­дануға тиіс. – Жерүсті және жерасты суларының ластануына әкеп соқтыратын фактордың бірі – өзен маңайында кең таралған пайда­лы қазбаларды өндіру жұмыстары. Суды ластамау үшін өндірісті тоқтатуға қауқа­рымыз жете ме? – Суды ластамау үшін өндірісті тоқтату қажет деген қате пікір. Адамдардың әл-ауқатын жақсарту мен экономикалық даму – біздің қоғамымыздың ажырамас бөлігі, сондықтан да өндірісті тоқтату мүмкін емес. Біз өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту, атап айтқанда, атмосфераға шы­ғарылатын ластаушы заттардың мөлшерін, су көздерінің ластану деңгейін, қалдықтар мен қоқыстар мөлшерін реттеу бағытында өндірістік процестерге қойылатын құқық­тық талаптарды күшейту, өнеркәсіп орын­дарын озық және экологиялық таза тех­нологияларды қолдануға ынталандыратын экономикалық, фискалдық және техника­лық құралдарды пайдалану бағытындағы іс-шаралар жүзеге асырылуға тиіс. Қысқаша айтқанда, біз экономикалық даму мен экологиялық ахуалды жақсарту арасындағы тепе-теңдікті сақтауды негізге алып, өнеркәсіптердің жұмысы мен антропогендік қызметті реттеуіміз қажет. – Қоқыс полигондарын жойып, оны егістік аймағына айналдыру мүмкін бе? Оның елге зардабы қандай? – Қоқыс полигондарының барлығын жойып, егіс алқабына айналдыру мүмкін емес. Мұндай шешім қабылдаудан бұрын полигондарда қандай қоқыстар көміл­геніне ерекше назар аудару қажет. Мысалға, ыдырау кезеңі бірнеше ондаған жылдарға созылатын радиоактивтік қалдықтар көмілген полигондардың орнында егістік алқаптарын ұйымдастыру адам өмірі мен денсаулығына өте қауіпті. Халқымызға тигізетін зардабы шексіз, ақылға сыймай­тын шешім болады ғой. Алайда, полигон болған аумақтардағы топырақтағы, жерасты суларындағы лас­тау­шы заттардың нормативтік деңгейі ғы­лыми негізделген, лабораториялық және сараптамалық тексерулермен растал­ған жағдайда егістік алқаптарына айнал­дыруға болады. Мысалы, Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы жерлерді ауыл шаруашылық мақсатында қолданылып жүргенін білеміз. – Былтыр елімізде қуаңшылық болғаны белгілі. Батыс жұрты тіпті қатты зиян шекті. Қуаңшылықты болдырмау мүмкін емес секілді. Жаңбыр жаудыратын қондырғылар іске қосылды. Біз мұндай қондырғыларды жиі пайдалана аламыз ба? – Қуаңшылықты болдырмау мүмкін емес, ол үшін климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды шешу мен оның салдарын азайтуға қатысты бірлескен іс-қимылдар қабылдану қажет деп айтып өттік. Ал, жаңбыр жауатын қондырғыларды жиі қолдануға болмайды, біз табиғи процес­тердің, оның ішінде табиғаттағы үлкен және кіші су айналымын өзгертіп, мүлдем жағымсыз салдарды тудыруымыз мүмкін. Жылдың белгілі бір мезгілінде, атап айтқанда, қыс және көктем айларында, жауын-шашын көп болатын немесе су тапшылығы болмайтын кезеңдерде суды жинақтап, сақтауға арналған жасанды су қоймаларын жасау. Екіншіден, суды пайдаланудың маусымдық болжамы мен жоспарын жасау қажет. – Депутат ретінде сізге арыз-шағымын айтып келетін тұрғындар көп пе? Жалпы, көбіне қандай мәселелер жиі айтылады? – Иә, арыз-шағыммен жүгінетін адамдар саны көп, оларды толғандыратын басты мәселелер – жұмысқа орналасу, жалақының аздығы, баспана мәселесі, қымбатшылық, яғни азық-түлік бағасының күн санап өсуі, коммуналдық қызметтерге бағаның артуы, несие пайызының жоғары болуы және ауылдық жерлерде медицина­лық қызметтің қолжетімсіздігі. – Ауылға жиі барып тұрасыз ба? – Әрине, мүмкіндік болса, жиі барып тұруға тырысамын. Осындай сәттерде халық­пен кездесіп, олардың мұң-мұқта­жын тыңдап, барынша шешілуіне атсалы­самын.