Жүк тасымалына шектеу көп
Жүк тасымалына шектеу көп
196
оқылды
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Шымкенттегі бірқатар құзырлы органдарда болып, өңірдегі кәсіпкерлердің өзекті мәселесіне қатысты жайттарды тал­қылады. Атамекен кәсіпкерлер палатасында өт­кен жиында негізінен республика көлемінде ше­шілуі тиіс күрделі мәселелер сөз болды. Жиында бизнес-омбудсменге шым­кент­тік кәсіпкерлер бизнес жүргізудің қиын­дық­та­ры туралы айтып берді. «Қазақбитум» ЖШС-нің бас директоры Ержан Бейсенбаев Шым­кентте локомотивтердің жетіспеушілік проб­­лемасын көтеріп, бұл өңір эко­но­ми­ка­сы­ның дамуына кері әсерін тигізіп жатқанын атап өтті. «Біздің компания Ресейден гудрон әке­­леді. Ресей шекарасынан Шымкентке дейін битум шикізаты бар вагондар 3-4 күн жол жүреді. Ал Шымкент станциясынан То­ғыз станциясына дейін кем дегенде 5 күн жү­ре­ді, кейде тіпті одан да көп уақыт кетеді. Те­міржолшылардың айтуынша, оларда бүкіл өңірде бір ғана локомотив бар және оның өзін өзге қажеттіліктер болса, бірден алып қоя­ды. Осыған байланысты бізде зауыт жиі тоқ­тап тұрады. Ал жаңасын іске қосу үшін тағы 2-3 күн қажет. Салдарынан қала қажетті би­тум көлемін ала алмай отыр. Есесіне өңір­де битум тапшылығы пайда болды. Бізге «Қа­зақстан темір жолы» мен Шымкенттегі ло­комотив арасындағы осындай жүйесіздікті реттеп беруіңізді сұраймыз», – деді кәсіпкер. Бизнес-омбудсмен Шымкенттегі ҚТЖ жұмысына қатысты шағымдардың көптігін, бұл мәселе компания басшылығымен және тиіс­ті министрлік өкілімен келіссөз үсте­лін­де шешілетінін атап өтті. «Сіздер айтқандай, жыл­­дамдық 3-4 есеге төмендегенін көріп отыр­­мыз. Бұл бизнес үшін үлкен мәселе. Мұ­ның­ бірнеше себебі бар – локомотив­тер­дің жоқтығы, дұрыс емес маршрут, астық та­ситын көліктердің тапшылығы болуы мүм­кін, көптеген мәселелер бар. Жалпы ел­де тауарды тасымалдау жылдамдығы алты есе төмендеді, бұл экономиканың дамуына ке­рі әсер етеді. Бірақ ол өкінішке қарай Шым­кентте шешілмейді. Келесі аптада біз осы мә­­селе бойынша ҚТЖ басшылығымен кез­десу­ге ниеттіміз, кездесуге Монополияға қар­­­сы агенттікті, Индустрия және сауда ми­нис­трлігін шақырамыз. Бизнесмендерге кез­­десу нәтижесі бойынша жеке есеп бере­тін боламыз», – деді ол кәсіпкерлермен кез­де­суде. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қосылған құн са­лығы да мазалап жүр екен. «Шымкентмай» АҚ және «Шымкентмай-Доня» ЖШС бас­шылығы ҚҚС асып кеткен соманы қай­тару Қазақстанның экспорттық кәсіп­орын­да­рын ынталандыруға қайшы келеді және кері­сінше экспорттық әлеуеттің төмендеуіне әке­леді деген күмәнін жеткізді. Бұл валю­та­лық түсімдердің және шикізатты өңдеу кө­лемінің төмендеуін білдіреді. Ішкі нарық­ты әлеу­меттік маңызы бар өнімдермен қам­та­ма­сыз етуге де қауіп төнуі мүмкін. Кәсіп­кер­лер мұны мемлекет тауарлардың отандық өн­дірісін дамытуды ынталандыру үшін қо­лайлы жағдайлар жасаудың орнына кезекті әкім­шілік кедергі жасады деген пікірде. Со­нымен қатар, ережелердегі жаңалықтар ҚҚС асып кеткен соманы қайтарудың оңай­ла­тылған тәртібін қолдануға құқығы бар са­лық төлеушілерге ғана қатысты болуы ке­рек еді дейді. Ал, бизнес-омбудсмен бұл бойын­ша мұның күрделі мәселе екенін, мә­се­лелердің басым көпшілігі республикалық дең­гейде шешілуі керектігін атап өтті. «Қар­жы министрінің бұйрығымен ҚҚС қайтару тәр­тібі туралы салық кодексінің нормалары ара­сындағы қайшылықтарды айтып отыр­сыз­дар. Біз бұл мәселені білеміз, үкіметке тиіс­­ті ұсыныс жасадық. Қазіргі таңда келіс­сөз­­дер жүргізіп жатырмыз», – деп жауап бер­ді ол. Астанаға оралған соң бұл мәселені пы­сықтайтынын жеткізді. Жүн өндірушілердің жұмысына да қауіп тө­­ніп тұр. 30 сәуірде жүнге экспорттық баж са­­­лығын алып тастауға мораторий аяқ­та­ла­ды. Еліміздегі бірегей жүн өңдейтін «Шым­кент-Кашмир» кәсіпорнының директоры Санат Шағанбекұлы бұл баж салығы 2023 жыл­дың 1 мамырынан бастап екі жылдан кейін қайтарылуы кәсіпорын жұмысына кері әсерін тигізеді деп қауіптенеді. «2021 жы­­лы ҰКП-ның араласуымен Қазақстан жүн­­ге 10 пайыздық экспорттық баж салығын алып тастады. Бұған дейін бұл мәселе мем­лекеттік органдардың, бірлестіктердің, ҰКП-ның қатысуымен түрлі орындарда жыл­­дар бойы талқыланып келген. Соның нә­ти­жесінде Қазақстанда жуылған жүнімізді қ­а­былдайтын жаңа кәсіпорындар іске қо­сылған жағдайда 2 жылға, яғни 2023 жылдың 30 сәуіріне дейін экспорттық баж салығын алып тастауға қол жеткіздік. Алайда бүгінгі күн­ге дейін жағдай өзгерген жоқ, жаңа зауыт­тар іске қосылмай, ел ішінде сұраныс жоқ. Өнімдеріміз тек шетелде ғана сұранысқа ие», – дейді Санат Шағанбекұлы. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл сауда вице-министрлерімен бұл мәселені талқылап, мораторий жойылғанға дейін қалған жарты жылда жағдайдан шығудың жолын табуға уәде берді. Бизнес-омбудсменге балық өнімдеріне еуро номер алу жөнінде жүгінген «Алина» шаруа қожалығы өнімдерін Еуропалық Одақ ел­деріне экспорттау үшін кәсіпорын Еур­о­па­­лық Одақтың тізілімінде тұруы керек, алайда бұл үлкен проблема болып тұрғанын жет­кізді. «Бүгінде Қазақстанда кәсіп­орын­ның еуропалық стандарттарға сәйкес­тігі туралы еурокод беретін орган жоқ. Бұған дейін оны ветеринарлық бақылау және қа­дағалау органдары берген. Бірақ бірнеше жыл­дан бері еурокодтарды беру тоқтатылды. Ре­сейде орын алып жатқан жағдайға бай­ла­нысты Еуропалық кәсіпорындар бізбен ті­ке­лей байланысып жатыр. Ал біз еурокодсыз экспорттай алмаймыз», – деп шағымданды кә­сіпкерлер. Рустам Жүрсінов бұл халық­ара­лық-құқықтық сипаттағы өте күрделі мә­селе екенін, енді бұл проблеманы шешуді тездету үшін Сыртқы істер министрлігіне жү­гінетінін атап өтті. Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің түйт­кілді мәселелерін тыңдау барысында тиісті ми­нистрлік өкілдерінен, түрлі деңгейдегі де­партаменттердің жауапты тұлғаларынан шұ­ғыл жауап алып отырды. Жалпы жиында темір жолға қатысты ша­ғымдар көп айтылды. Оңтүстік өңірлерде бол­ған Рустам Жүрсінов бұдан бөлек, кәсіп­кер­лер тарапынан жер мәселесі, құрылыс тауарларының шектен тыс қымбаттауы ком­панияларды банкротқа ұшыратып, сал­дары­нан басталған объектілердің аяқталмай қалу қаупі бар екенін атап өтті. «Көтерілген мә­се­­лелер өте маңызды. Олардың басым көп­ші­лігі республикалық сипатта. Бір бөлігін біз қабылдау кезінде бірден шешуге тырыс­тық, қалғанын Астанада тиісті ве­до­мст­во­лар­мен пысықтайтын боламыз», – деді ол.

Шымкент қаласы