Қазақстан неліктен 345 миллион еуро несие алды? – Қаржы министрлігі жауап берді
Қазақстан неліктен 345 миллион еуро несие алды? – Қаржы министрлігі жауап берді
Қаржы министрлігі Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚДБ) 345,7 миллион еуро несие алу себебін айтты. Мемлекеттік қарыз департаментінің директоры Асанәлі Дүйсенбайдың айтуынша, несие бюджет тапшылығын қаржыландыру аясында республикалық бюджеттің шығыстарын жабу үшін тартылып отыр.
"Биыл республикалық бюджет тапшылығы 2,9 трлн теңге көлемінде белгіленді. Бюджет заңнамасына сәйкес республикалық бюджет тапшылығы қарыз алу есебінен жабылады. Несие тиімді шарттармен берілетінін және ол бойынша сыйақы айтарлықтай төмен мөлшерлемемен – 2,5 пайыз деңгейінде есептелетінін атап өткен жөн. Бұл әлемдік қаржы нарықтарындағы мөлшерлеме деңгейінен төмен және біздің ішкі қор нарығындағы теңгемен несие алғанға қарағанда айтарлықтай төмен, мұнда теңгедегі пайыздық мөлшерлеме жылына 16 пайызға жетеді", – деді Қаржы министрлігі департамент директоры.
Сондай-ақ ведомство республикалық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша жүйелі мынадай шаралар қабылдап жатқанын айтты: • салық салуды жетілдіру бойынша заңнамалық шаралар; • салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру; • көлеңкелі экономикаға қарсы күрес. Бұған дейін Қазақстан парламенті 345 миллион еуро несиені мақұлдағаны хабарланған болатын. Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) арасындағы несиелік келісімге 2022 жылғы 24 тамызда Астанада қол қойылды. Қаражат несиелік келісім күшіне енгеннен кейін бір транш ретінде игерілетін болады. Халықаралық қайта құру және даму банкі Дүниежүзілік банктің негізгі несиелік институты болып табылады.