Мәулен Әшімбаев: Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз
Мәулен Әшімбаев: Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз
195
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президентінің салтанатты ұлықтау рәсімі туралы пікірін Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Оның пайымынша, бұл – еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға.
"Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Осылайша Мемлекет басшысы өзінің жеті жылдық қызметіне ресми түрде кірісті. Бұл еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға екені сөзсіз. Өткен сайлауда азаматтарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына зор сенім білдіріп, әділеттілікке табан тірейтін мемлекет, экономика және қоғам құру бағдарламасын қызу қолдағаны белгілі. Президентіміз ұлтымыздың осы үмітін ақтау өзінің алдағы басты міндеті болатынын жариялады. Сонымен қатар, сайлау алдында берілген уәделерді іске асыруға жол ашатын бастапқы әрі нақты жұмыс бағдарларын айқындап көрсетті", – деп жазды сенатор.
Ол Президентіміздің өз сөзінде заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты екенін қадап айтқанын еске салды. Осы жолда елден заңсыз шығарылған барлық активті елге қайтару маңызды міндетке айналуда. Бұл үшін заңсыз шетел асқан капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасы әзірленетінін жеткізді.
"Сондай-ақ Президентіміз өңірлерді, оның ішінде ауылдарымызды өркендетуге айрықша көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы ауылды дамыту мәселесін шешуге арналды. Сонымен бірге ауқымды индустрияландыру, инфрақұрылымдарды салу және жаңғырту ісі де тың серпінмен қолға алынады. Мемлекет басшысы өз сөзінде Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылатынын айтты. Осыған сәйкес алдағы жылдың 14 қаңтарында Сенат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл біздің депутаттық корпустың сапалық тұрғыдан өзгеріп, өз жұмысын жаңа міндеттер аясында лайықты жалғастыруына мүмкіндік береді", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы және алда жарияланатын басқа да бастамалар мен міндеттерді заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету Сенаттың алдындағы басты міндеті болып қала береді.