Тұлпардың тұяғы әлемдік додада топ жарды
Тұлпардың тұяғы әлемдік додада топ жарды
10,331
оқылды
Алматылық  11 жастағы Марғұлан  Рамазанов Абу-Дабиде күрестен "WORLD JIU-JITSU FESTIVAL" атты  әлем чемпионатында жасөспірімдер арасында алтыннан алқа тағып, ел абыройын өсірді. Қазақ елінің намысын қорғаған ол, 50 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Марғұлан Алматыдағы  "Sagаdat Batyr" спорт клубында 4 жылдан бері жаттығады. Жаттықтырушысы Елжан Жұмаділ  шәкіртінің  өте еңбекқор екенін айтады. Бапкердің айтуынша осы жолғы әлемдік додаға 160-тан астам елдің жасөспірім спортшылары қатысқан.
– «Марғұлан менде күрестің осы JIU-JITSU түрінен жаттығып жүргеніне екі жылдай болды. Осы жолғы Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатына әлемнің 162 елінен ең мықты деген балуандар қатысып бақ сынады. Солардың арасынан менің шәкіртім Марғұлан оза шауып бас жүлдені жеңіп алды. Бұл біріншіден, Алланың қалауы,  екіншіден тынбай еткен жаттығулардың нәтижесі деп санаймын», – дейді Марғұланның бапкері Елжан Жұмаділ.
 width= Палуандық өнер Марғұланның қанында, ата-тегінде бар. Себебі өз атасы марқұм Самат Рамазанов көзі тірісінде самбодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, КСРО құрамасының мүшесі, әлем чемпионатының қола жүлдегері, сумодан Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, қазақша күрестен абсолютті чемпион атанған болатын. Қазақ «Әке көрген оқ жонар» дегенді осындайда айтса керек. Марғұланнның әжесі, Гүлжихан Мұқатайқызы немересі JIU-JITSU-ға дейін де спорттың бірнеше түрімен айналысқанын айтады.
– «Немерем осы күреске дейін каратэмен де айналысты. Спорттың ол түрінен де белбеулері бар.   JIU-JITSU-мен айналысқанына екі жылдай болды. Осы жылдар ішінде жасөспірімдер арасындағы бірнеше халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иесленіп үлгерді. Ал, әлем чемпионатына бірінші рет бақ сынады. Соған қарамастан алтыннан алқа тағынып, Араб Әмірлігінде  еліміздің әнұранын шырқатқаны баршамызды қуантты. Құдай ғұмыр берсе немеремнің бұдан да биік жарыстарда ел намысын қорғайтын ер болып өсетініне сенемін», – деді жас әлем чемпионының әжесі Гүлжихан Мұқатайқызы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында еліміздегі жастардың спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлінетінін айтқан болатын. Президент ол үшін барлық түрлі үйірмелер тегін болады, сонымен қатар бірнеше спорттық кешендер бой көтеретінін айтқан болатын. Өткен сенбі кешкісін жас чемпионды Алматы әуежайынан  жанкүйерлері мен туыстары зор қошеметпен қарсы алды.  

                                                            Нұрболат Адырбек, Алматы