Сенат ҰҚК төрағасын тағайындауға келісім берді
Сенат ҰҚК төрағасын тағайындауға келісім берді
1,163
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда Қазақстан Президентінің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісім беру туралы мәселе қаралды.
«Сенбі күні, яғни 26 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңға сәйкес, Мемлекет басшысына тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшыларының өкiлеттiгi жаңадан сайланған Президент қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады. Бұл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына да қатысты ереже. Конституцияға сәйкес Президенттің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісім беру Сенаттың ерекше қарауына жатады. Соған байланысты Сенатқа Мемлекет басшысының тиісті ұсынымы келіп түсті»,  деді Мәулен Әшімбаев.
Мемлекет басшысының Ермек Сағымбаевты ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындауына келісім беру туралы ұсынымын Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов оқып берді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед атап өткендей, Мемлекет басшысы ұсынған кандидатура Комитеттің отырысында қаралып, жан-жақты талқыланған. Нәтижесінде, қолдау үшін Сенатқа ұсынылды. Палата отырысында Сенат депутаттары Мемлекет басшысының Ермек Сағымбаевты ҚР ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындауына келісім беру туралы шешім қабылдады.