Екібастұз ЖЭО-дағы апат: 149 көппәтерлі тұрғын үйдің 129-на, 15 әлеуметтік нысанның 10-ына жылу берілді
Екібастұз ЖЭО-дағы апат: 149 көппәтерлі тұрғын үйдің 129-на, 15 әлеуметтік нысанның 10-ына жылу берілді
363
оқылды
Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Екібастұзда болған апатты жағдайға байланысты облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен штаб жиналысы және журналистерге арналған брифинг өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіде хабарлады. Депутаттың айтуынша, салаға жауапты министрліктің, өңірдегі құзырлы органдардың, жылу электр стансаларының басшылары төтенше жағдайға байланысты сауалдарға жауап берді. Прокуратура мен министрлік өкілдері тиісті тексеру шаралары жүріп жатқанын жеткізді.
"Қазір Екібастұз қаласында жағдай алғашқы кездегіден едәуір тұрақталған. 149 көппәтерлі тұрғын үйдің 129-на, 15 әлеуметтік нысанның 10-ына жедел жылу берілді.Қосымша төрт қазандық іске қосылған. Әрине, бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесін реттеу үшін тиісті шаралар жасалуда", – деп жазды ол.
Депутаттың хабарлауынша, үскірік пен аязға қарамастан, энергетика саласындағы жұмысшылар, төтенше жағдай қызметкерлері күні-түні жанкешті еңбек етуде. Жергілікті халық бірінші кезекте жылыту құрылғыларына зәру болып отыр, осының орнын толтыру үшін ел-халық жұдырықтай жұмылуда. "AMANAT"  партиясының ұйымдастыруымен кәсіпкерлер, еріктілер, белсенді азаматтар халықтың бір жағына шығысуда. Жергілікті билік басшылары қажетті жұмыстарды жүйелі жүргізіп жатқанын баяндады.