Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина апат болған Екібастұз қаласындағы жағдайды баяндады.
"Мәжіліс депутаттарымен бірге жылусыз және сусыз қалған Екібастұз қаласына бардық. Бірінші кезекте Екібастұз қаласының 337 орынға арналған ауруханасына бардық. Қазір ауруханада 240 науқас жатыр. Палаталарда температура бірқалыпты. Педиатрия бөлімі пациенттерінің айтуынша, тіпті ыстық. Аурухана штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жоспарлы және шұғыл түскен пациенттерді қабылдап жатыр", - деп жазды депутат.
Айтуынша, әріптестерімен бірге штаб отырысына қатысқан. Онда Екібастұздың қазіргі жағдайы хабарланған.
"Қала тұрғындарын жылытуға арналған №36 пунктке бардық. Қалада мұндай пункттер саны 12. Мектепте қала тұрғындары үшін асхана жұмыс істеп тұр, жылыту пештері қосылған. Мектепте жылы және Екібастұз тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Қаладағы жағдай тұрақталып келеді, қалалық және облыстық биліктің бақылауында", - деп жазды Айгүл Нұркина.