«Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті
«Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті
260
оқылды
«Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында кезектен тыс Президент сайлауының қорытындысы мен мемлекеттік тіл жағдайы талқыланды. Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты күрмеуі қиын мәселелер бар. Мәселен, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік тілде қызмет алу қиын. Спорт секцияларын қазақша жүргізетін жаттықтырушылар жоқтың қасы. Соның салдарынан спортпен қосымша шұғылдана алмай жүрген балалар бар. Білім беру мекемелерінде де қазақ сыныптары мен топтарында кадр мәселесіне қатысты түйткіл жетерлік. Кей аудандар әлі күнге дейін «Қазақ тілі» қоғамының филиалын ашпаған. Атаулары қазақшалануы тиіс елді-мекендердің тұрғындары тарапынан қарсылық болмағанымен, ономастикаға қатысты аяқсыз қалған жайттар бар. «Тіл туралы» заң мен Кәсіпкерлік кодексінің баптары бір-біріне қарама-қайшы. Соның салдарынан жергілікті атқарушы биліктің қолынан келер қайран жоқ. «Ебидоеби» дәмханасы сияқты келеңсіз атауларды ауыстыруға да ешкімнің пәрмені жетпейді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды. Мирас Кеңес отырысына қатысқан Қызылжар ауданына қарасты Архангельское ауылдық округі қоғамдық кеңесінің мүшесі Әлім Төлебаевтың айтуынша, ауыл мектебінде мемлекеттік тіл мәселесі тіпті ушығып тұрғанға ұқсайды. Ол мектеп басшылығы, қызметкерлері, мұғалімдері, кітапханашысы мемлекеттік тілді білмейтіндіктен, қазақтілді оқушылар мен ата-аналардың құқығы бұзылуда. Кеңес мүшелері бұл ауылға барып, жағдайды өз көзімен көретін болып келісті. Тиісті басқармалар басшыларының орынбасарлары мемлекеттік тілді дамыту бойынша жұмыс жүргізілетінін айтып сендірмек болды. Бірақ бұл – тез арада шешіле қоятын мәселе емес екенін жиналғандардың барлығы да мойындады. Орталық сайлау комиссиясының ресми деректеріне сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар дауысының 81,3 пайызын жинады. Біздің облыс бойынша Халықтық коалициядан ұсынылған кандидат үшін сайлаушылардың 80,5 пайызы дауыс берді. Мирас Кеңес отырысында баяндама жасаған қоғамдық кеңес мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева Президент сайлауы жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Қоғамдық кеңес мүшесі, «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы Жанат Мұхаметжанов бақылаушылардың сайлау күнгі жұмысы туралы баяндады. 20 қарашада 628 сайлау учаскесінде партиялық емес бақылау орталығының 1884 бақылаушысы үш ауысыммен дауыс беру барысын бақылады. Бұған қоса партиялардан – 713, ЦНН – 1884, МИСК, «Мұқалмас», «Еркіндік қанаты», «Ел дауысы», «Бақыла», «Біздің сайлау» және басқа да тәуелсіз бақылаушылар ұйымдарынан 187, сондай-ақ шетелдік 18 бақылаушы жұмыс істеді. Бақылаушылардың айтуынша, сайлау барысында ешқандай заң бұзушылық болған жоқ.