Сенатқа 20 өңірдің әрқайсысынан 1 депутаттан сайланады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды. Отырыста сонымен қатар Парламент Сенаты депутаттары сайлауының негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2017 жылы сайланған Сенат депутаттарының Конституциялық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы Жарлығымен Сенат депутаттарының кезекті сайлауы 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалғанын атап өтті. Осылайша, 2023 жылғы 14 қаңтарда республиканың 20 өңірінде еліміздің жоғары заң шығарушы органының жоғарғы палатасының бір депутатын сайлайды. Оларға жанама сайлау құқығы негізінде мәслихат депутаттары дауыс береді. Сайлау науқанының негізгі кезеңдері туралы Ортсайлауком Төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталып, 14 желтоқсанда аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Яғни 2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18-ден кейін басталып, 13 қаңтарда сағат 00.00-ге дейін жалғасады. Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыстарды санау хаттамасы сайлаушылардың бірлескен отырысында жарияланады және сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Жалпы республика бойынша Сенат депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей, яғни 2023 жылғы 20 қаңтардан кешіктірмей белгілейді. Және сайлау қорытындылары туралы (сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей) бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялайды.