Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің ХVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Форумға облыстардың басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен екі ел іскер топтарының өкілдері қатысты. Президент бейнебайланыс режимінде өткен жиында барлық шектеуді алу және сауда саласында өзара тиімді жағдай жасау елдеріміздің сапалы экономикалық өсіміне жол ашатынын атап өтті.
– Өткен айда біз елдеріміз үшін атаулы дата – дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өттік. Осы уақыт ішінде екі мемлекет достық пен тату көршілік қатынастарға негізделген өзара тиімді стратегиялық серіктестік орната алды. Елдеріміз арасында сенімді және конструктивті диалог орнап, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Біз халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер (БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және АӨСШК) аясында өзара белсенді әрекет етеміз. Бұл өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және бүкіл Еуразияның жаһандық саясат пен экономикадағы рөлін арттыруға елеулі үлес қосады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастар жылдан- жылға күшейіп келеді. Өзара тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатыр. Бірлескен жобалар іске асырылып, өзара есеп айырысу бағытында ұлттық валюталардың үлесі ұлғая түсті.
– Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі жаңа рекордтық деңгейге – 24,5 миллиард долларға жетті. Биыл алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша тауар айналымының көрсеткіші 5 пайызға өсті. Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорттың ассортименті жақсарды. Оның құны 100 мың доллардан асады. Өткен жылмен салыстырғанда тауар атауларының саны 640-тан 1 050-ге дейін көбейді. Алматыдан Ресей өңірлеріне тауар жеткізу 2,5 еседен астам, ал Астанадан – 5 есе өсті. Шекаралас облыстар арасындағы сауда-саттық айтарлықтай жанданды. Мысалы, Ресейге Ақтөбе облысынан тауар жеткізу 48 пайызға, Павлодар облысынан 36 пайызға артты, – деді Президент.
– Қазақстанға құйылған Ресей инвестициясы жылдан-жылға артып келеді. Ресейлік инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикамызға барынша көптеп тарту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл – елдеріміз арасында тиімді өзара іс-әрекеттің жолға қойылғанын дәлелдейтін тағы бір дерек. Осы орайда, былтыр Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция пандемияға дейінгі деңгейден жоғары болды. Атап айтқанда, үштен бір еседен астам көрсеткішке жетіп, 1,9 миллиард доллардан асты. Сондай-ақ Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы да 34 пайызға артып, 535 миллион долларға жетті. Бұдан бөлек, елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі күшейтуге әлеуетіміз жеткілікті. Кооперациялық ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Бүгінде бұл сала бойынша Қазақстан мен Ресей арасында жалпы құны 23 миллиард доллар болатын 110 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы логистикалық желілерді жаңғыртуды жеделдетуге шақырды. Оның пікірінше, сауда мен экономика салаларында жаңа өсім көздерін қарастыруға уақтылы қабылданған батыл шешімдер ғана септігін тигізеді. Осылайша, Қазақстанның шекаралас өңірлерінде өнімді өткізудің заманауи және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру үшін бүкіл Еуразия кеңістігіне арналған сауда хабтары жүйесі құрылып жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бірлескен күш-жігерді мынадай салаларға жұмылдыруды ұсынды.
– Бірінші. Трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру және іске асыру – аталған комиссияның негізгі міндеттерінің бірі. Екінші. Шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмысты салынып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Солтүстік – Оңтүстік» трансұлттық дәліздерін ескере отырып, жүзеге асыру керек деп есептейміз. Бұл бағыттарды ЕЭО қызметімен ұштастыру қажет. Үшінші. Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында автомобиль жолдарын салуды, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құруды, сондай-ақ жоғары дәрежелі қайта жасалатын өнім өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді басым бағыт ретінде атап өтті. XVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумынан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөз жүргізді.
– Қазақстан үшін Ресей Федерациясы негізгі стратегиялық серіктес мемлекет болады және солай болып қала береді. Бізді түрлі саладағы терең қарым-қатынастар байланыстырады. Сіз Өңіраралық ынтымақтастық форумының кезекті отырысын меңзедіңіз. Бұл жолы ол Орынборда өтіп жатыр. Біздің одан әрі ілгерілеуімізге елеулі негіз бар. Біздің елдеріміз арасындағы сауда көлемі пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан 24,5 миллиард долларға жетті. Ресей капиталының біздің елімізге бағытталуына қатысты үлкен жоспарымыз бар. Мен Мемлекет басшысы ретінде және біздің Үкіметіміз өзара тиімді шарттар негізінде Ресей капиталы Қазақстанда тұрақты жұмыс істеуі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейіне көңіліміз толады деуге негіз бар. Сонымен қатар алға ұмтылу керек, дәл осы мақсатпен мен осында арнайы сапармен келдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Владимир Путин Мемлекет басшысын сайлаудағы сенімді жеңісімен және Президент қызметіне кірісуімен тағы да құттықтады.
– Ең алдымен, Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен ілтипат білдіремін. Ол Қазақстан Президенті болып қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы ресми сапарын Ресейге жасады. Мен оны сайлаудағы сенімді жеңісімен тағы да құттықтағым келеді және елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі ауқымды өзгерістерге қатысты барлық жоспарын жүзеге асыруда сәттілік тілеймін, – деді Ресей басшысы.Ресей Президенті сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстардың жоғары деңгейі мен ерекше сипатын атап өтті.
– Әрине, Қазақстан Президентімен жиі кездесіп тұрамыз, жақында ғана жүздескен болатынбыз. Біз әрқашан әр кездесуімізде өзекті мәселелерді талқылаймыз. Ең алдымен, экономика мәселесін көтереміз. Өйткені бұл – біздің барлық саладағы табыстарымыздың негізі. Біз оны жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана тұрақты түрде өтетін Өңіраралық форумға қатыстық. Онда да біздің әріптестер айтарлықтай нақты нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін, себебі сауданың дені шекаралас аймақтар арқылы өтеді. Адамдар бір-бірімен араласады, бір-бірінің мүмкіндіктерін жақсы біледі. Біз қазір 2021 жылы тауар айналымының өскенін атап өттік. 2022 жылы да тұрақты артып келеді. Сондай-ақ дәстүрлі бағыттарда, жоғары технологиялық салаларда жұмыс істеп жатырмыз, бұл болашақ үшін өте маңызды, – деді Владимир Путин.Қазақстан мен Ресей президенттері дәстүрлі түрде өзара сенім мен конструктивті негізде екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту жолдарын айқындады. Өнеркәсіптік қатынастар мен көлік-логистика саласындағы экономикалық іс-әрекеттерді күшейту басты міндет болып қала береді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойды.