Дені сау, білімді ұрпақ – болашағымыз
Дені сау, білімді ұрпақ – болашағымыз
339
оқылды
«AMANAT» пар­тиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мә­селелері жөніндегі рес­пуб­ликалық қоғамдық кеңе­сінің кезекті отырысы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, кеңес мүше­лері, партия жанындағы өңір­лік және аймақтық қоғамдық кеңес төрағалары және мү­шелері, Bilim Invest Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығы, «Әділет» орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығы өкілдері қатысты. Отырыста 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауы­ның қорытындысы және сайлауал­ды бағдарламасында айтылған білім беру, ғылым, медицина, мектепке дейінгі дайындық сала­сына қатысты мәселелер талқы­ланды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова парламенттік партия фракциялары мен ірі қоғамдық ұйымдар жұ­мылып, Халықтық коалиция құр­ғаны туралы айтты. Бұл коалиция Қасым-Жомарт Тоқаевты пре­зидентке үміткер ретінде ұсынған болатын.
«Сайлау науқаны кезінде рес­публикалық қоғамдық штаб жұ­мыс істеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қаланы қоса алғанда 5 мыңнан астам елді мекенді аралап, 24 мыңға жуық үгіт-насихат шарасын жүргізді. Бұл іс-шараға 3 млн-ға жуық сайлаушы қамтылды. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңға жуық ұсы­ныс пен тілек жиналды. Соны­мен қатар Tokayev2022 сайты жұмыс істеді. Аталған сайтқа келіп түскен тілектер саны 51 мыңнан асады. Сайлауға 8,3 млн адам қа­тысты. Оның қорытындысы бо­йынша кандидатымызға 81,31 пайыз дауыс берілді. Осылайша, халық­тың жоғары сенімі артылып, ал­дағы 7 жылдық дамудың бағыты айқындалды. Еліміз Әділетті Қа­зақстанды құруға қадам басты. Ең алдымен әлеуметтік сала, эконо­мика, өңірлік саясатта халық түбе­гейлі өзгерістерді күтіп отыр. Бұл өзгерістер тек Президенттің пәр­менімен жүзеге аспайды, олар – қоғам боп жасалатын бастамалар», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Кеңес төрағасының айтуынша, сайлау кезінде барлық кандидат­тарға бірдей мүмкіндік берілген. Сайлау заңға сәйкес өткізілген. Оны барлық қазақстандық және халықаралық байқаушылар атап өтті. Сонымен қатар барлығына сын көзбен қарайтын азаматтарға да мүмкіндік берілді. Дауыс беру бюллетеніне «барлығына қарсы» бағаны енгізілді. Бұл графа бойын­ша 5,8 пайыз дауыс берілді. Олар­дың да пікірлері партия үшін маңыз­ды. Алдағы уақытта түрлі мә­се­лелер бойынша шешім қа­был­­данар кезде ескерілетін бо­лады. Өз кезегінде Bilim Invest Ұлт­тық білім беру инвесторлары қауым­дастығының президенті Күләнда Батырбекова елдің ер­теңіне сенім білдіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергенін айтты.
«Өзім ауылдық жердегі білім мәселесін көтеріп жүрген азамат болғандықтан, осы саладағы бе­лес­терді бағындыру үшін бар күш-жігерімді салып келемін. Прези­дентіміздің бағдарламасы осыған сәйкес келіп тұр. Сол себептен де мен ол кісіні шын көңіліммен қол­даймын. Ендігі кезекте оны жүзеге асыруға өңірлердегі барлық әріптестеріміз атсалысуы тиіс. Маман дайындауда, студенттерді тәжірибеге тартуда ауылды бірінші кезекте ойлауымыз керек. Осыған біз жүйелі түрде келгеніміз дұрыс. Мәселен, қазіргідей коттедждерде балабақша ашып, әркім бас-басына жұмыс жүргізгені жөн емес. Бірдей типтік үлгіде жас санатына қарай төрт топтық балабақшалар салу қажет. Бұл менің арманым», – деді ол.
Ал Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін қозғады.
«Мемлекеттің ең үлкен бай­лығы – оның азаматтары. Соған сәйкес, халық денсаулығы Прези­дент бағдарламасында жан-жақты көрініс тапқан. Ауылдық меди­цина саласында жүзеге асырыл­ғалы жатқан реформа өте құп­тарлық бастама. Өйткені, халқы­мыздың жартысы ауылда тұрады. Әйтсе де, республикадағы 75 мың дәрігердің 18 пайызы ғана ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сол себептен де, бағ­дарламада көрсетілген барлық бастаманы орындауымыз керек. Оның үстіне 3 миллионға жуық халық меди­циналық сақтандыру жүйесінде жоқ. Осы мәселе алдағы 7 жылда шешіледі деген үміт бар. Себебі оның ішінде 1,5 млн адам – ауыл тұрғыны. Ана мен бала денсау­лығын жолға қоямыз десек, осы мәселені түбегейлі шешуіміз ке­рек», – деді Әлназарова.
Осыдан кейін де сөз алған спи­керлер білім беру және денсаулық сақтау мәселесі бойынша сөз сөй­леді. Солардың ішінде белгілі ға­лым, KazVac вакцинасының ав­торы, «QazBioPharm» ұлттық хол­дингі» АҚ бас директоры Күнсұлу Зәкәрия «Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ғы­лымның жетістіктері мен проб­ле­малары» тақырыбында баяндама жасады. Ол ғылым саласына қан­ша көп қаражат бөлініп жатса да, нәтижесі мардымсыз екендігіне назар аудартты.
«Жалпы алғанда соңғы 30 жылда Қазақстанда адамның аса қауіпті инфекциясын зерттеуге бағытталған 172 ғылыми жоба мен ҒТП-лар жүзеге асырылған. Со­ның ішінде қаншама өндіріске дайын өнімдерді жасап шығар­ғанымен, тек қана аурудың алдын алуға арналған 4 вакцинаны тіркеу мүмкін болған. Сонда да болса, мемлекет қаржыландыратын жо­ба­лардың қатары арта түскен. Бірақ, жүз есе аз нәтиже беріп ке­леді. Енді сайлауалды бағдарламада ғылыми қызметтің жаңа техноло­гияларға бағытталатыны айтылып отыр. «QazBioPharm» ұлттық холдингі» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын толықтай қолдайды», – деді Күнсұлу Дальтонқызы.
Жиында сондай-ақ, Bilim Media Group ЖШС-нің бас директоры Рауан Кенжеханұлы, «Әділет» республикалық мектепке дейінгі және орта білім беру қауым­дастығының төрағасы Динара Құдайкулова, «Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Мақсұтбек Дүйсенбекұлы, Ұлттық волон­терлер желісінің төрағасы Вера Ким және тағы басқалар сөз сөйледі. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар Президенттің сай­лауалды баяғдарламасы аясында қарастырылып, жүзеге асыры­латын болады.