«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, кеңес мүшелері, партия жанындағы өңірлік және аймақтық қоғамдық кеңес төрағалары және мүшелері, Bilim Invest Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығы, «Әділет» орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығы өкілдері қатысты. Отырыста 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауының қорытындысы және сайлауалды бағдарламасында айтылған білім беру, ғылым, медицина, мектепке дейінгі дайындық саласына қатысты мәселелер талқыланды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова парламенттік партия фракциялары мен ірі қоғамдық ұйымдар жұмылып, Халықтық коалиция құрғаны туралы айтты. Бұл коалиция Қасым-Жомарт Тоқаевты президентке үміткер ретінде ұсынған болатын.
«Сайлау науқаны кезінде республикалық қоғамдық штаб жұмыс істеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қаланы қоса алғанда 5 мыңнан астам елді мекенді аралап, 24 мыңға жуық үгіт-насихат шарасын жүргізді. Бұл іс-шараға 3 млн-ға жуық сайлаушы қамтылды. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңға жуық ұсыныс пен тілек жиналды. Сонымен қатар Tokayev2022 сайты жұмыс істеді. Аталған сайтқа келіп түскен тілектер саны 51 мыңнан асады. Сайлауға 8,3 млн адам қатысты. Оның қорытындысы бойынша кандидатымызға 81,31 пайыз дауыс берілді. Осылайша, халықтың жоғары сенімі артылып, алдағы 7 жылдық дамудың бағыты айқындалды. Еліміз Әділетті Қазақстанды құруға қадам басты. Ең алдымен әлеуметтік сала, экономика, өңірлік саясатта халық түбегейлі өзгерістерді күтіп отыр. Бұл өзгерістер тек Президенттің пәрменімен жүзеге аспайды, олар – қоғам боп жасалатын бастамалар», – деді Жұлдыз Сүлейменова.Кеңес төрағасының айтуынша, сайлау кезінде барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілген. Сайлау заңға сәйкес өткізілген. Оны барлық қазақстандық және халықаралық байқаушылар атап өтті. Сонымен қатар барлығына сын көзбен қарайтын азаматтарға да мүмкіндік берілді. Дауыс беру бюллетеніне «барлығына қарсы» бағаны енгізілді. Бұл графа бойынша 5,8 пайыз дауыс берілді. Олардың да пікірлері партия үшін маңызды. Алдағы уақытта түрлі мәселелер бойынша шешім қабылданар кезде ескерілетін болады. Өз кезегінде Bilim Invest Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының президенті Күләнда Батырбекова елдің ертеңіне сенім білдіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергенін айтты.
«Өзім ауылдық жердегі білім мәселесін көтеріп жүрген азамат болғандықтан, осы саладағы белестерді бағындыру үшін бар күш-жігерімді салып келемін. Президентіміздің бағдарламасы осыған сәйкес келіп тұр. Сол себептен де мен ол кісіні шын көңіліммен қолдаймын. Ендігі кезекте оны жүзеге асыруға өңірлердегі барлық әріптестеріміз атсалысуы тиіс. Маман дайындауда, студенттерді тәжірибеге тартуда ауылды бірінші кезекте ойлауымыз керек. Осыған біз жүйелі түрде келгеніміз дұрыс. Мәселен, қазіргідей коттедждерде балабақша ашып, әркім бас-басына жұмыс жүргізгені жөн емес. Бірдей типтік үлгіде жас санатына қарай төрт топтық балабақшалар салу қажет. Бұл менің арманым», – деді ол.Ал Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін қозғады.
«Мемлекеттің ең үлкен байлығы – оның азаматтары. Соған сәйкес, халық денсаулығы Президент бағдарламасында жан-жақты көрініс тапқан. Ауылдық медицина саласында жүзеге асырылғалы жатқан реформа өте құптарлық бастама. Өйткені, халқымыздың жартысы ауылда тұрады. Әйтсе де, республикадағы 75 мың дәрігердің 18 пайызы ғана ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сол себептен де, бағдарламада көрсетілген барлық бастаманы орындауымыз керек. Оның үстіне 3 миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ. Осы мәселе алдағы 7 жылда шешіледі деген үміт бар. Себебі оның ішінде 1,5 млн адам – ауыл тұрғыны. Ана мен бала денсаулығын жолға қоямыз десек, осы мәселені түбегейлі шешуіміз керек», – деді Әлназарова.Осыдан кейін де сөз алған спикерлер білім беру және денсаулық сақтау мәселесі бойынша сөз сөйледі. Солардың ішінде белгілі ғалым, KazVac вакцинасының авторы, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ бас директоры Күнсұлу Зәкәрия «Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ғылымның жетістіктері мен проблемалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол ғылым саласына қанша көп қаражат бөлініп жатса да, нәтижесі мардымсыз екендігіне назар аудартты.
«Жалпы алғанда соңғы 30 жылда Қазақстанда адамның аса қауіпті инфекциясын зерттеуге бағытталған 172 ғылыми жоба мен ҒТП-лар жүзеге асырылған. Соның ішінде қаншама өндіріске дайын өнімдерді жасап шығарғанымен, тек қана аурудың алдын алуға арналған 4 вакцинаны тіркеу мүмкін болған. Сонда да болса, мемлекет қаржыландыратын жобалардың қатары арта түскен. Бірақ, жүз есе аз нәтиже беріп келеді. Енді сайлауалды бағдарламада ғылыми қызметтің жаңа технологияларға бағытталатыны айтылып отыр. «QazBioPharm» ұлттық холдингі» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын толықтай қолдайды», – деді Күнсұлу Дальтонқызы.Жиында сондай-ақ, Bilim Media Group ЖШС-нің бас директоры Рауан Кенжеханұлы, «Әділет» республикалық мектепке дейінгі және орта білім беру қауымдастығының төрағасы Динара Құдайкулова, «Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Дүйсенбекұлы, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Ким және тағы басқалар сөз сөйледі. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар Президенттің сайлауалды баяғдарламасы аясында қарастырылып, жүзеге асырылатын болады.