Сарыарқаға серпін сыйлаған жобалар
Сарыарқаға серпін сыйлаған жобалар
226
оқылды
Астана қаласына қарасты Сары­арқа ауданы уақыт өткен сайын көр­кейіп келеді. Ауданда жалпы 994 көппәтерлі үй және оларға қарасты 587 аула бар. Жыл сайын 40-қа жуық аула толықтай жөнделіп, 80-ге жуық аулада қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Толықтай жөндеу жұмыстары респуб­ликалық «Халық қатысатын бюджет» бағ­дар­ламасы аясында және тұрғындардың өтініш­тері негізінде жүргізіледі. Республикалық «Халық қатысатын бюд­жет» бағдарламасы алғаш рет осы Сары­арқа ауданында басталған. Жылдан-жылға тұр­ғын­дар арасында бағдарламаға қызығушылық артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 45 жоба, 2022 жылы 71 жоба бойын­ша тұрғындардан өтініш келіп түскен. Жалпы, Сарыарқа ауданының аумағында соңғы 3 жылда 125 аула, 32 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Биыл ауданда 23 аула «Халық қатысатын бюд­жет» бағдар­ламасы аясында абаттан­дырыл­ды. Бұдан бөлек, 22 аула және 8 қоғам­дық кеңістік абат­тандырылды. Белсенді азаматтар мектебі «Белсенді азаматтар мектебі» жобасы аясында елорда тұрғындары өз идеясы мен ұсынысын білдіре отырып, аула аумағын абаттандыруға, аудандарды жарықтан­дыруға және көгалдандыруға тікелей араласа алады. Енді бұл шараға мектеп оқу­шылары да қа­тысады. «Белсенді азамат­тар мектебі» жо­басының арқасында алдағы уақытта аудан­дарды абаттандыру бойынша жобаларды балалар әзірлейді. Бұл туралы Сарыарқа ау­данының әкімі Жүсіп Жұма­ғұлов мәлімдеді.
– Абаттандыруда жаңа тәсілдер енгізіп жатырмыз. Қазір «Белсенді азаматтар мек­те­бі» жобасы іске асырылуда. Бағдар­ламаның басты идеясы – абаттандыруды тұрғындар өздері жасайтын болады. Біз өз идеяларын ер­­кін ұсы­натын, өз ойын қор­ғап, оның маңыз­­ды­лығын дәлелдей алатын және оны іске асыруға дайын қатысу­шыларды қолдай­мыз, – деді Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов.
Аудан басшысының айтуынша, 9-10-сы­нып оқушылары арасында «Бел­сен­ді азамат­тар мектебі» жобасы іске қо­сылды. Енді жасөспірімдер өз ауданын жақсартуға тікелей қатыса алады. Жоба «Халық қатысатын бюд­жет» бағдарл­ама­сына негізделген. Бағдарлама аясындағы сабақтар екі бөлікке бөлінген. Жобаларды егжей-тегжейлі әзірлеуге кіріспес бұрын, оқушыларға абаттандыру, қаржы­ландыру процесі қалай құрылғаны және өз жос­парын дайындау үшін не қажет екендігі туралы айтылды. Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар өздерінің тұжырым­дама­лары­ның схемаларын жасай бастады. Кейін жос­пар­лар комиссияның қарауына жіберіледі. Онлайн дауыс беруде жеңіске жету және Сары­арқа ауданының аумағында жобаның іс­е асырылуы балалар жұмысы­ның соңғы ке­зеңіне жатады. Сондай-ақ балалардың жұ­мыс­тары ауданның басқа тұрғындарының жо­баларымен қатар да­уыс­қа салынатын болады. Қазір бағдар­ламаға 90 шақты оқушы қатысуда. Мәселелер шешілді Биыл ауданда тұрғындар тарапынан қо­йылатын ең маңызды мәселелер шешіл­ді. Айталық, алаңы 6,5 мың шаршы метр бола­тын Қайнар және Құсмұрын көшелерінің қиы­лысында орналасқан сквер абаттан­дырыл­ды. Алаңның жартысынан астамына қарағаш, жөке, қарағай, шырша, алмұрт, шетен ағаш­тары отырғызылған. Кеңістік төрт аймаққа бөлінген: балалар ойын алаңдары, воркаут және демалу аймағы, сондай-ақ іс-шараларға арналған аймақ. Сонымен қатар үстел тен­нисі мен шахмат ойнауға арналған үстелдер, бала­лар алаңында инклюзивті шағын архи­тек­­тура­лық формалар бар. Жаңа алаң зама­науи жергілікті суару жүйесімен, жарықтан­дыру­дың жаңа үлгісімен және бейне­бақылау камераларымен жабдықталған. Сондай-ақ ауданның тұрғын алап­тарын­да жоғары жылдамдықты интернет тартылып жатыр. Қазірдің өзінде «Көктал-2»-де алғаш­қы абоненттер жоғары жылдам­дықты интер­нетке қосылды. Тұрғын алап­та талшықты-оптикалық байланыс желі­лерін өткізгенге дейінгі желінің орташа жылдамдығы 10 Мбит/с-қа жететін. Енді тарифке байланысты тұрғындарға 50-ден 500 Мбит/с-қа дейінгі жылдамдықпен ин­тернет қолжетімді. Соңғы 8 жылда өзекті болып қалған жү­йелі мәселені шешу GPON (Gigabit Passive Optical Network) заманауи техно­логиясының арқасында мүмкін болды. Бұл технология FTTH (fiber to the home) әдісі­мен қосылады. Әдістің оптикалық кабель әр абоненттің үйіне қосылуымен ерек­шеленді. Өз кезегінде оптикалық кабельдер 500 Мбит/с дейін тұ­рақ­ты жоғары интернет жылдамдығын қам­тамасыз етеді.
– «Көктал-2»-де 25 шақырым оптика­лық кабель тартылды. Тұрғын алапта тал­шықты-оптикалық байланыс желілерін орнату аяқ­тал­ды. Келесі жылдың наурыз-сәуір айларын­да жоғары жылдамдықты интернет «Агро­қала­шық» пен «Көктал-1» тұрғындары үшін де қолжетімді болады. Осылайша, Сарыарқа тұрғын алаптарында әлсіз Интернеттің көп­жылдық мәселесіне нүкте қоямыз, – деді Жүсіп Жұмағұлов.
Ағаш отырғызу телімі «Көктал» тұрғын алабынан 5 шақырым жерде орналасқан. Телім 1965 жылы негізделгеннен бері бұл жақ­та ауызсуы мен кәріз жүйесі болмаған. Қазір ағаш отырғызу телімінің 350 тұрғыны аптасына 2-3 рет «Астана Су Арнасының» арнайы техникасы жеткізетін суды пай­даланып отыр.
– Тарихы ұзақ бұл мәселеге келесі жылы нүкте қоямыз. Тұрғындар жобаның мақұлдан­ғанын, құжаттардың дайын болғанын, кон­курс­тың өткізілгенін және схемалардың бе­кі­тілгенін жылдар бойы күтті. Қала басшы­лығының тапсырмасы бойынша тиісті қаржы бөлінді. 2023 жылы аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз, – деді аудан әкімі.
Қазір тұрғын телімін су, кәріз және электр энергиясының желілерімен жаб­дық­тау жұмыстары жүргізілуде. Әр комму­ни­кацияның ұзындығы жоба бойынша 3 ша­­қырымнан асатын болады. Әр желі осы тұр­ғын алапта 60 жыл бойы өзекті болған сұ­рақтарды шешпек. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Жұмыс басталғалы 3 айда сыйымдылығы 200 текше метр болатын су резервуарлары орнатылды. Кәріз сақина­ларын монтаждау және құбырларын салу, сумен жабдықтау және су бұру үшін құдықтар орнату жұмыстары 80 пайыз аяқталды. Енді жаңа комму­никацияларды орталық коллек­торға қосу жұмыстары басталды. Көгілдір отынға көшуде Ауданда көгілдір отынға көшу жалға­суда. Жыл басынан бері газға қосылған абоненттер саны 2,7 есеге ұлғайды. Осы­лайша, ауданның 3 499 нысаны газға қо­сыл­ды. Тағы 89 нысанды қосу үшін тех­никалық шарттар берілді. Аудан әкімдігі 5 141 абонентті газдандыруды жос­парлап отыр. Ауданның тұрғын алаптарында жеке және көппәтерлі үйлер ғана емес, әлеу­меттік ны­сандар да газдандырылуда. Осы жылдың күзінен бастап №19 және №68 мектептер, №85 бөбекжай-балабақшасы, Шейх Кунта Қажы мешіті және «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы газбен жылытылуда. Жалпы, жоспарланған 16 әлеуметтік нысан­ның 10-ы газдан­дырылды. Нысандардың ба­сым бөлігі балабақшалар мен мектептер. Газға қосылу үшін қала әкімдігі бірқатар жеңілдік қарастырды. Мысалы, әлеуметтік көмек мөлшері 90 АЕК-тен 130 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Енді кейбір абоненттер үйді газға қосу кезінде жұмсалған қаражаттың 413 400 теңгеге дейінгі сомасын қайтара алады. Егер 2021 жылы 77 адамға әлеуметтік көмек көрсетілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш бірнеше есеге көбейді. Сонымен қатар Halyk Bank газға қосылу үшін пайызсыз несие беруде. Эко­логиялық таза отынға көшуді жеделдету үшін қажетті құжаттар саны екі есеге қыс­қарды. Айта кету керек, келесі жылы елорда­ның басты даңғылдарының бірінде жаңа комму­нал­дық базар іске қосылып, көлік айрығының құрылысы аяқталады. «СТО Мастеров» базарының орнына за­манауи коммуналдық базардың құры­лысы басталды. Инвестордың арқасында жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа орындар да ашылады. Аудан әкімі ірі жобаларды салу кезінде қала тұрғындарының пікірі ескерілетінін айтты. Мысалы, жергілікті тұрғындармен кездесуден кейін құрылыс жоспарына жаңа сквер мен иттерді серуендетуге арналған алаңды абаттандыру енгізілді.
– Тілендиев–Бейсекова қиылысында жолайрығын салу 3 жылдан бері жоспар­ланып келеді. Биыл бюджеттен бұл жоба қолдау тапты. Биыл инженерлік желілер, ал келесі жылы жолайрығының құрылысы бас­талады, – деді Жүсіп Жұмағұлов.
Осылайша, Астананың оң жағалауында орналасқан Сарыарқа ауданындағы тұрғын­дардың мәселелері шешіліп, аудан күннен-күн­ге көркейіп келеді.