Балық шаруашылығына бап керек
Балық шаруашылығына бап керек
402
оқылды
Атырау десе, әдетте мұнай мен газ еске түседі. Бірақ Атыраудың бар байлығы кен орындарымен ғана шектелмейді, балығы да бар. Атырау облысына жұмыс сапары ая­сы­нда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мұнайлы өңірдің балық шаруа­шы­лығын дамытуға міндетті екенін айт­ты.
«Облыстағы балық шаруашылығын да­­мыту қажет. Бұл – осы аймақтың эко­но­микасында маңызды рөл атқаратын сала. Каспий теңізі мен Жайық өзенінде ба­лықтың түр-түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен балық шаруа­шы­лығын одан әрі өркендету үшін бірқа­тар жүйелі шара қабылдау қажет. Ең ал­­­дымен, бекіре тұқымдас балықтың са­нын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлем­дік нарықта оған сұраныс өте жо­ғары», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент 2025 жылға дейін бекіре балығын өсіретін және қара уыл­дырық өндіретін 8 кәсіпорын ашы­ла­тынын мәлімдеді. Бұл, әрине, жақсы жаңа­лық. Енді балық шаруашылығының Атыраудағы қазіргі шынайы жағдайына келейік. Бірінші, балық аулау жайы. Көктемде Жайық–Каспий бассейні бойынша 11 225 тоннаға жуық балық ауланды. Оның ішін­де Жайық өзенінде 2 850 тон­на, Қиғаш өзенінде 2 505 тонна, Каспий теңізінде 5 870 тонна балық ауланды. Бір қарағанда, ауыз толтырып айтар­лық­тай көрсеткіш болғанымен, балық ау­лауға бөлінген 20 мың тонна лимит то­лық игерілмеді. Неге? Қазбалап кел­ген­­де, оның себебі тереңде екенін аңғар­дық.
Мамандар Жайық және Қиғаш өзен­де­рінің Каспий теңізіне құяр тұстары­ның, яғни сағаларының тым таяздап кет­кеніне алаңдаулы. «Соның салдары­нан көктемгі маусымда балық шаруашы­лы­ғы субъектілерінің кемелері теңізге қа­рай шыға алмай, қиындықтар туында­ды», – дейді Атырау облыстық Балық шар­уашылығы басқармасының бас­шы­сы Артур Сәдібекұлы.
Ашығын айту керек, балық шаруа­шы­лығы мен өндірісін дамытуда Атырау об­лысы үшін Жайық және Қиғаш өзен­дерінің маңызы өте зор. Бұл өзендердің бойында 19 балық шаруашылығы кәсіп­орны кәсіптік балық аулаумен айналы­сады. Бірақ Жайық және Қиғаш өзендері­нің Каспий теңізіне құяр сағасының таяз­дануы мемлекеттік деңгейде дереу шаралар алынуы керек екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзін­де Жайық өзенінің теңізге құяр тұсы не­бәрі 30-40 сантиметрді құраған. Қиғаш өзе­нінің құяр сағасы тіпті бітеліп қалған.
«Бұл жағдай Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті Шекара қызметі Жағалау күзеті ке­мелерінің, Солтүстік Қашаған жедел құт­қару экипажының құтқару кемелері, об­лыстағы 19 балық шаруашылығы кә­сіпорындары кемелерінің теңізге кіріп-шығуына үлкен қиындық келтіріп отыр. Апатты жағдай аймақтағы әлеуметтік-эко­номикалық ахуалға теріс әсер етуде. Өйткені 4 000-нан астам балықшыны бірік­тіретін 800-ге жуық балық аулау бри­гадасы теңізге шыға алмай, табыс көзі­нен айырылуда. Облыстағы балық шаруашылығы субъектілерінің қаржы инс­титуттары алдындағы 1,7 млрд теңге­ге жуық берешегін өтеуге үлкен қиындық келтіруде. Балықтардың негізгі бөлігінің уылдырық шашатын табиғи орны болып саналатын Жайық және Қиғаш өзен­дері­не балықтар кіре алмай, мекендейтін орын­­дарын ауыстырып, Каспий теңі­зінің жағалауындағы басқа елдерге қарай миграциялау жолдарын өзгертуі әбден мүм­кін. Сондықтан осы аталған жерлер­ге жедел түрде түп тереңдету жұмыстарын жүр­гізу қажет», – дейді Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының бас­шысы Артур Сәдібекұлы.
Егер күрделі мәселе оң шешілмесе, Жайық, Қиғаш өзендері мен Каспий теңі­­зінің арасы үзіліп, орны толмас эко­ло­гиялық апат болуы мүмкін. Себебі өзен мен теңіз арасының үзілуі, су құра­мын­дағы оттегінің азаюының әсерінен, балықтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады.
«Сондықтан Жайық өзенінің саға­лық кеңесінің ұзындығы – 6 шақырым, ені – 40 метр, тереңдігі – 3,60 метр көле­мін­де, ал Қиғаш өзенінің сағалық кеңе­сінің ұзындығы – 20 шақырым, ені – 30 метр, тереңдігі 2,5 метрге дейін су түбін түп тереңдету жұмыстарын жүргізу мә­селесін шұғыл шешу қажет», – дейді Атырау облыстық Балық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Артур Сәді­бекұлы.
Балық қырылу дегеннен шығады, Атырауда әлі күнге бұл мәселенің шешімі та­былған жоқ. Биылғы сәуір-маусым ай­­­­ларының өзінде облыста 1 тонна 493 келі балық өлу фактісі болған. Өткен жылы 12 тонна балық қырылған еді. балық Соның ішінде Атырау қаласында «Бақ­сай» каналында 65 келі, Махамбет ауда­нында «Алмағамбет» су айдынында 1 тонна 428 келі өлі каракөз балығының ша­бақтары жиналды.
Қазір су көздері жергілікті атқарушы ор­гандары Жайық-Каспий облысаралық бас­сейндік балық шаруашылығы инс­пек­циясымен бірлесіп, балық өлу жағ­дай­ларының алдын алу және балық қо­рын молайту бағытында жұмыстар ат­қа­рып жатыр. Бірақ оның өзі жеткіліксіз. «Қазір орман қоры жерінің аумағында ор­наласқан су айдындарында, балық өлу қау­пі өте жоғары. Мысалы, Жайық-Кас­пий облысаралық инспекциясының бас­шысымен бірге су көздерін қарап шық­тым. Сол кезде көлдердің арналары қо­қыс­қа толып жатқанына куә болдым. Ол жерлерде өсімдіктер, тұрмыстық қо­қыс­тың, қураған ағаш қалдықтарынан аяқ алып жүру мүмкін емес», – дейді Аты­рау облыстық Балық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Артур Сәді­бе­кұлы.
Тағы бір күрделі мәселе – Атыраудағы бекіре балығын өсіретін және қара уыл­дырық өндіретін екі шаруашылықтың дәл қазіргі уақытта жағдайы мүшкіл. Атыраудағы бекіре өсіретін зауыт ашыл­ғаннан бері 24 жылдың ішінде бірде-бір рет жөнделмеген. Кәсіпорындағы қон­дыр­­ғылардың бәрі тозған. Еңбек өнім­ді­лігі туралы әңгіме қозғаудың өзі ұят. Әсі­ресе, тоғандарға су жеткізетін 4 сорғы әбден ескірген. Үздіксіз 8 сағат су айдауы тиіс техника қазір бар-жоғы 3 сағат қана жұ­мыс істейді. Тозығы жеткен сүзгілер мен тоғандар еңбек өнімділігін арттыруға ке­д­ергі. Бассейндердің де жағдайы мәз емес.
Рас, Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрі Серікқали Брекешев бұл мәселеге байланысты сең қозғал­ға­нын мәлімдеді. «Атырау облысында бе­кіре өсіру зауыттарын жаңғыртуға қа­тыс­ты инвестициялық ұсыныстар әзір­ле­неді. Жыл сайын табиғи су қойма­ларын­да балық ресурстарын сақтау және көбейту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік ба­лық өсіру кәсіпорындары жыл сайын ба­лық шабақтарының өсімін қамтамасыз ете­ді. Бірақ олардың өндірістік базасы тоз­­ған, жаңғырту жүргізуді қажет етеді», – деді Серікқали Брекешев Үкімет саға­тында. Бірақ бұл мәселенің өзі бір-екі жылда шешіле қояды дегенге сену қиын.
Бағамдап қарасақ, балық шаруа­шылығы осы салаға қатысты ведомство, мекеме-зауыттардың ғана мәселесі емес. Шаруашылықтың дамуына облыстың әр тұрғыны тікелей жауапты. Өйткені мем­лекеттік деңгейдегі проблемалық мәсе­лелерді былай қойғанның өзінде, қара­пайым күнделікті ойланбай тастай са­ла­тын қоқыстарымыз су маржан­дарының оттегі жетпей қырылуына әкеліп жатыр. Сондықтан табиғатқа қаморлықты ең болмағанда өзімізден бастап үйренсек екен..

Атырау облысы