Онкологиялық аурулардың емін тапқым келеді – Камила Егізбек
Онкологиялық аурулардың емін тапқым келеді – Камила Егізбек
680
оқылды
Ғылым жолын ешкім ермек үшін таңдамайды. Өйткені бұл саланың әуре-сарсаңға салар мехнаты көп. Тарихта да та­лай ғалым бір жаңалық ашуға тұтас ғұмырын арнаған. Тіпті, өмірін арнаса да, оң нәтижеге қол жеткізе алмағандары қан­шама?! Ендеше ғылым – есі кеткендердің емес, нағыз жан­кештілердің саласы. Жақында мемлекеттік «Дарын» сыйлығын 23 жастағы жас ғалым Камила Егізбек иеленді. Оның жетістігі «қазақ ғылымы қартайып барады» деген қоғамдағы стереотипті бұзғандай болды. Жас ғалымның ізденістері жайлы өзінен сұрадық. – Жуырда ғана мемлекеттік «Дарын» сыйлығын алдыңыз. Жал­пы ғылым жолын таңдауыңызға не әсер етті? – Ғалым боламын деп бала ке­зімнен армандадым. Осы мақсатқа жету үшін мектепте оқып жүргенде түрлі жобаларға қатыстым. Осы­лайша, оқушы кезімнен бастап ғылымға қызығушылық таныттым. Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген жақсы сөз бар. Менің ойым­ша, барлық бала талантты болады. Тек сол баланың дарынын ұштау жақсы ұстаздың кезіккеніне бай­ланысты. Менің бағыма орай мек­тепте физика пәнінен Светлана Олишевич сабақ берді. 2014 жылы маған қазіргі ғылыми жетекшім Артем Леонидович оқыған Ядро­лық физика институтының Астана филиалында нанотехнология және ядролық физика бойынша дәрістер курсын тыңдауға мүмкіндік туды. Артем Леонидович ешқандай ғы­лыми тәжірибеміз болмаса да бізге ғылыми күрделі материалдарды қарапайым және қысқа түрде тү­сіндірді. Сонымен қатар оқушы­ларға зертханалар мен DC-60 ауыр иондарының үдеткіші бойынша ЯФИ АФ-ға экскурсиялар жүр­гізілді. Мен үшін бұл өте қызықты болды. Дәріс аяқталғаннан кейін мен физика зертханасында тағы­лымдамадан өткім келді. Осы оқи­ғалар менің мамандық таңдауыма және одан әрі ғылыми ізденістермен айналысуыма әсер етті. – Естуімізше, биомедицина са­ласы және су тазарту үшін нано­құ­рылымды темір бар ма­те­риал­дарды қолдану технологиясын зерт­теп жүр екенсіз. Бұл қандай техно­логия? – Технологияның негізінде маг­­ниттік қасиеттер арқылы ор­ганикалық бояғыштардан немесе ауыр металдардан (мысалы, мар­ганец) суды тазалай аламыз. Та­зарту үшін құрамында темірі бар нанобөлшектерді пайдаланамыз. Яғни, марганец нанобөлшектердің бетіне адсорбцияланады, содан кейін бұл нанобөлшектерді маг­ниттермен ұстап алады. Оны кейі­нірек жартылай өнеркәсіптік не­­месе өнеркәсіптік масштабта қол­дануға болады. Био­меди­ци­нада бұл нанобөлшектер маг­ниттік гипер­термияда қолда­ны­лады. Яғни, темір бар нанобөл­шектер сыртқы магнит өрісінің әсерінен ісікке айналып 42°C-қа дейін қызады, бұл ісік сау тіндерге зиян кел­тірместен жасушаларды бұзады. Құрамында темірі бар на­нобөлшектердің бір­дей магниттік қасиеттері дәрі-дәр­мектерді жет­кізуде де қолданылады. – Қазір физика-техникалық фа­культетте «Ядролық физика» ма­мандығы бойынша магистратураның екінші курсында оқисыз. Ядролық физика ғылымның ең қиын сала­сының бірі емес пе? – Иә, шынында да, ядролық физика – ең күрделі сала. Сонымен бірге ғылымның ең қызықты және дамып келе жатқан салаларының бірі. Ядролық физика 1911 жылы Резерфордтың тәжірибесінен басталады. Ядролық физиканың атасы Эрнест Резерфорд деп айтсақ болады. Оған дейін Демокрит ең кішкентай бөлшек атом деп айтып келген болатын. Ал Резерфорд тә­жірибе жүзінде атомның ортасында ядро бар екенін, 90 пайыз ауыр зат атомның ортасында орналасқанын, яғни протонның бар екенін анық­тайды. Кейін оның шәкірті Джеймс Чедвик нейтронды табады. Сөйтіп, атом ядродан, ядро протон мен ней­троннан тұрады дейтін тұжы­рыммен ядролық физика баста­лады. Ядролық физиканың мақ­саты – ядролардың қалай орналас­қанын, ядролардың ішінде қандай реакциялар жүріп жатқанын, оның құрамы, құрылысы қандай, ядро­лық элементтердің ішіндегі бізге белгісіз қандай элементтер бар деген сынды тақырыптарға зерт­теулер жүргізу. Мысалы, бұрын химиялық элементтердің саны 107 болған, қазір олардың саны 117-120-ға жетіп қалды. Ядролық физика әртүрлі бағытта дамиды. Мысалы, энергетика, ядролық медицина бағытында. Осы ядролық физиканың пайда болуының арқасында тізбекті реакцияның, реактордың, ядролық бомба мен атомдық қарулардың пайда болуы­мен үлкен соғыстар тоқ­татылды. Жалпы, ядролық физиканы қиын деп қорқудың қажеті жоқ. Маңыз­дысы – бұл салаға деген қызығушы­лық болса болғаны. Ең бастысы – бас тартпау. Бір тақырыпты тү­сінбедім екен деп ғылымнан қол үзетін жандар бар. Бірақ ғылым – үнемі ізденіс пен уақытты, тө­зімділікті қажет етеді. Сондықтан түсінбеген кезде тоқтап қалмай, басқа ғалымдардан сұрап, түрлі әдебиеттерді оқу қажет. – Басқа қандай жобалармен айналыстыңыз? – Мен тазарту саласында жо­ғары тиімділікке ие церий мен гадолиний қосылған құрамында темір бар нанобөлшектерді алу әдісін әзірледім. Сондай-ақ син­тездеу және термиялық өңдеу жағ­дайларына байланысты синтез­делген нанобөлшектердегі құры­лымдық ерекшеліктер мен фазалық өзгерістерге іргелі зерттеулер жүр­гіземін. Қазір практикалық қолдану үшін құрамында металл бар на­но­бөлшектердің ZnO допингінің әсерін зерттеумен белсенді айна­лысудамын. – Елімізде жас қалымдарға қол­дау қаншалықты деңгейде? Жоба­ларыңызға мемлекет қолдау көрсетті ме? – Бүгінде мемлекет тарапынан жастардың ғылыммен айналы­суына қолдау көп. Жас мамандар­дың зерттеулеріне түрлі гранттар бөлінеді. Сонымен қатар жастар шетелдің белді оқу орындарынан тағылымдамадан өтіп жүр. Мұның бәрі жастарға еліміздің дамуы үшін ғылыми зерттеулермен белсенді айналысуға мүмкіндік береді. Пре­зидент өз Жолдауында гранттың жүру мерзімін үш жылдан бес жыл­ға дейін өсірді. Бұл – жас ғалым­дарға үлкен қолдау. Себебі кейбір ғылым саласы уақытқа бағынбайды. Мысалы, жануарлардың жаңа тү­рін, картоп пен астықтың жаңа сор­тын алуға он жылдап уақыт ке­теді. Ал кейбір жұмыстардың жете­кшілері үш жыл біткен соң бас­қа конкурсты жеңіп алып жал­ғастырмаса, жоба аяқсыз қалып жатады. Сондықтан ғылым сала­сын дамытуға гранттың бес жылға бөлінгені өте орынды. Бұған дейін жас ғалымдарға арналған жеке кон­курстар болмаған. Тек былтырдан бастап жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліне бастады. Енді жастар қолынан келгенше елімізді эконо­микалық жағынан дамытуға бағыт­талған тың зерттеулер жасай­тын болады. – Скопусқа 15-тен астам ғылыми мақала жариялапсыз. Жалпы қо­ғамда әлемдік журналдарға мақала жариялау қиын деп жиі айтады. Бұл қаншалықты шындық? – Ғылыми мақалаларды белді ғы­лыми басылымдарда жариялау – зерт­ханада өткізген көптеген са­ғат­тардың, ғылыми әдебиеттерді тал­дауға арналған ұйқысыз түн­дер­дің, байқалған өзгерістерді сипат­таудың, нәтижелерді талқылау кезінде әріптестерімен дауласудың нәтижесі. Осы кезеңдерді өткер­ген­нен кейін ғана ғылыми-зерттеу жазып, оны скопуста жариялауға мүмкіндік аласың. Әлемдік жур­налдарға мақала жариялағаннан кейін ғана сол жоба нақты сенікі бо­лып бекітіледі. Ал скопусқа ма­қала жарияламай, өзін ғалыммын деп санау – ұят. Себебі мақала түріндегі түпкілікті нәтиже – ға­лым­ның ғылыми қызметін бағалау критерийлерінің бірі. Бұл жерде зерт­теушінің жасы да, діні де маңыз­ды емес. Ең бастысы, өз зерттеуін жақсы көріп, сол салада нақты деңгейге жету. Иә, мен 15-тен астам ғылыми мақала жа­рия­ладым, оның ішінде 10 мақала им­пакт факторы жоғары халық­аралық басылымдарда басылды. Scopus базасы бойынша Хирш индексім 4-ке тең. Ендеше қоғамда қалыптасқан «әлемдік журналдарға мақала жариялау қиын» деген сөз қисынсыз. Ізденсең, әрқашан дамуға ұмтылсаң бәрі оңай. – Алдағы жоспарларыңыз қандай? – Болашақта нанобөлшектерді медицинада онкологиялық ауру­ларды емдеуде қолдану мүмкіндігін зерттеуді жалғастырамын. Сондай-ақ өзім зерттеген технологияларды өнеркәсіптік өндіріске енгізуді жоспарлап отырмын. – Әңгімеңізге рақмет!