Кербұлақта кері кеткен іс көп
Кербұлақта кері кеткен іс көп
Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы көп істен басшылардың немкет­тілігі байқалады. Осыдан ба, әйтеуір аудандағы қай саланы алып қарасаңыз да, бауы табылмағанымен, байлауы келіспеген шаруа жеткілікті. Бұған сы­байлас жемқорлық тәуекелі бар аудандарға Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті ұйымдастырған ке­зекті сапарда көз жеткізіп қайттық. Кербұлақ ауданының орталығы Сары­өзек кентінің тұрғындары ширек ғасырдан бері сапалы ауызсуды тұтынуды армандап ке­леді. Кентті көгілдір отынмен қамту мә­се­лесі де дәл осындай күйге түскен. Алма­ты­дан Талдықорған өңіріне тартылған газ құ­быры ауданның аумағымен өткенімен, оған басқа елді мекендерді айтпағанда, ау­дан орталығының өзі әлі қосыла алмай отыр. Бұл жергілікті биліктің кемшіліктерге көз жұма қарап, мердігерлердің өз ісіне жүр­дім-бардым қарауын аңғартса керек. Есе­сіне қыруар қаржы бөлінсе де, кер­бұлақ­тықтар оның игілігін көре алмай жүр. Қызығы, аудандағы суға қатысты бар­лық тендерді ұтып алатын бір ғана «жолы бол­ғыш» мердігер бар. Тіпті, жұмысынан жыл сайын мін табылып жатса да, бұл мер­ді­гер тендерлерде жиі жеңімпаз деп таны­ла­ды. Сарыөзек кентін ауызсумен қамта­ма­сыз етуге бөлінген 929 миллион теңгенің тен­дерін де сол баяғы «Көлсайстрой» ЖШС ұтып алыпты. Құрылыс жұмыстары биыл тамызда аяқталуы керек болған. Одан бері бір­неше ай өтсе де, ешқандай нәтиже жоқ. Осыған байланысты Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы об­лысы бойынша департаменті тарапынан об­лыстық әкімдікке тиісті шаралар қолдану ту­ралы хат та жөнелтті. Осыдан кейін ғана ба­рып, іс ілгері басып, халыққа ауызсу бе­ріл­ді. Шоқан Уәлихановтың музейі ор­на­лас­қан Шанханай ауылында да дәл осындай жағ­дай. Елді мекенді ауызсумен қамтуға 255,9 миллион теңге бөлініп, игерілген. Алай­да 2019 жылы ғана іске қосылған су құ­бы­рында содан бері 12 апатты жағдай тір­келіп, ақыры ауыл ауызсусыз қалған. Кейін­нен мердігердің жоба жасау кезінде қара­пайым қателіктерге жол берілгені анық­талыпты. Аудан аумағындағы жерасты суларының орналасу ерекшелігі ескеріл­меген. Содан барып жерасты суларының дең­гейі күрт төмендеп кетіп, ұңғымалардағы со­рап­тар су жинақтайтын мұнараға су жет­кізе алмай қалыпты. Ал бюджеттен мил­лион­даған қаржы қарастырылып тұрғы­зыл­ған мұнара қазір бақшаға қойылған қарақ­шының кебін киіп тұр. Орталық­тан­дырылған су құбырынан қайыр болмаған соң кербұлақтықтар бұлақтың суын таза­лап, тұндырып ішіп отыр.
– Сапалы ауызсу ішеміз бе деген қуа­ны­шымыз ұзаққа созылмады. Су мұнара­сы­ның пайдасын көрмедік. Жұмысы бас­тал­ған бойдан тоқтап қалды. Қазір сырттай «ес­керткіш» дейміз. Қазынадан мил­лион­да­ған қаржы қарастырылып тұрғызылған жо­баның сиқы – осы. Айналып келгенде қара­пайым тұрғындар зардап шегіп отыр. Жауапсыздықта да шек болуы керек қой. Әй, мынандай пиғылмен, жауапсыздықпен түбі оңбаймыз, – дейді шанханайлықтардың мұ­ңын жеткізген ауыл тұрғыны Руслан Анар­ханов.
Бұл фактіні облыс әкімдігінің Тұрғын үй шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл де жоққа шығара алмайды. Тұр­ғындардың әзірге бұлақ суын ішіп, кү­нел­тіп жүргенін жасырмайды. Көктем мен күзде су тасып, бұлақ суы лайланғанда тұр­­­ғын­дар­дың біраз қиындық көретінін мойындады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі Жетісу облысы бойынша де­пар­таментінің басшысы Мақсат Жебе­ге­нов­тің айтуынша, аудан әкімдігінің сал­ғырт­тығы мен мердігерлердің жауап­сыз­ды­ғы салдарынан қазынаның миллиондаған қаржысы жұмсалған жобалардың игілігін жұрт әлі күнге көре алмай жүр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай тиісті жұмыстар жүргізуде көптеген ол­­қы­лық анықталды. Қазір осындай жағ­дай­лардың барлығына жемқорлықтың ық­палының бар-жоғы тексеріліп жатыр екен. Өкінішке қарай, сол тұста ауданды бас­қарған, өңірді сумен, газбен қамту ісіне жауап­ты болғандардың көбі қазір бұл ау­данда жұмыс істемейді. Бірінің қызметі өс­кен, енді бірі өзге өңірге қоныс аударған. Бір­ақ жемқорлық фактісі анықталып жат­са, кімнің қайда жүргеніне қарамастан заң алдында жауап беруіне тура келеді.
Қазір аудандық әкімдік жобалау кезінде ес­керілмей қалған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша қосымша жұмыстарды қол­ға алуды жоспарлап отыр. Бұл мемле­кет­тік қазынадан қосымша қаржы бөлуді қа­жет етеді. «Сарыөзектегі және Шанха­най­дағы жағдайда тапсырыс берушілер кем­шіліктерге дер кезінде назар аудармаған, нысандарды пайдалануға қабылдауда жауап­сыздық танытқан. Бүгінде аталған екі жо­баға қатысты жемқорлық тәуекелдерінің болу-болмауы тексеріліп жатыр», – дейді Же­тісу облысы бойынша Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мақсат Мырзаханұлы.
Аудандағы тағы бір өзекті мәселе газ­дан­дыру екенін жоғарыда атап өттік. Өзге елді мекендерді былай қойғанда, аудан ор­та­лығы Сарыөзек кентінде 2020 жылы пай­далануға берілген газ тарату жүйесіне әлі күнге бірде-бір абоненттің қосылмауы да күдікті ойға жетелейді. DAUR Capital ЖШС атты «жолы болғыш» мердігердің құры­лыс-құрастыру жұмыстарын сапасыз жүр­гізуінен және желінің дұрыс тартыл­мауы­нан тұрғындар бас-аяғы 1,8 миллиард теңге жұмсалған жобаның игілігін көре ал­май жүр. Бұл жағдайға да шұғыл назар ау­дарған Жетісу облысы бойынша Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл депар­таменті нақты шараларды қолға алыпты. Соның нәтижесінде мердігер ұйым жібер­ген кемшіліктерін түзетуге кірісіп, «Жыл соңы­на дейін бәрін ретке келтіреміз, тұр­ғын­дар жаңа жылды көгілдір отынмен қар­сы алады» деп уәдесін берді. Жылдың аяқ­талуына дейін бір ай ғана қалды. Үш жыл бойы жырлап келе жатқан күрделі жағ­дайдың шешімі бір айда табыла қалар де­генге сенім аз. Дегенмен жауапсыз мер­ді­герлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­ре­сушілердің пәрменінен ығатындай. Бұл орайда Мақсат Жебегенов басқаратын департамент алдына бюджеттің әр теңгесін өз мақсатында жұмсалуын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдердің ал­дын алып, тұрғындардың әлеуметтік әділ­дікке деген сенімін арттыруды мақсат етіп отыр.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы