Гендерлік зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Гендерлік зорлық-зомбылыққа жол жоқ
730
оқылды
Өткен аптада елордада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» науқаны басталды. Зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі науқанның мақсаты мен шара аясында көтерілетін өзекті мәселелерді халыққа түсіндіруге мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, еріктілер белсенді қатысуда. Айта кету керек, бұл шара әр жыл сайын аталып өтеді. Биыл да тұр­ғын­дар арасында ауқымды ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, гендерлік зорлық-зомбылыққа жол бермеу туралы кеңінен аталып өтіледі. Мәселен, еңбек ұжым­дарында, білім беру ұйымдарында (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары) психологтармен, медиа­торлармен, әйелдерді зорлық-зом­бы­лықтан қорғау жөніндегі инспек­торлармен кездесулер ұйымдас­тырыл­ған. Сондай-ақ тәжірибелі сарапшылар отбасымен жұмыс жөніндегі мамандарға, дағдарыс орталықтарына, мектеп психолог­тарына, ата-аналар қауымына оқыту тренингтерін өткізеді. Биыл 29-30 қараша күндері сала­уатты өмір салтын қалыптастыру орталығы Политехникалық және гуманитарлық колледж базасында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл» тақырыбында сту­денттерге арналған семинар-тре­нинг­тер өткізсе, «Үміт» дағдарыс орта­лығының базасында уәкілетті мемлекеттік органдар, әкімдік жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері көрсе­тілетін қызметті алушылар қатары­нан азаматтарды қабылдайды. Сондай-ақ Астана қаласы Поли­ция департаменті де ауқымды шара аясында бірқатар кездесу өткізіп, спорттық шараларды қолға алады. Мысалы, өткен аптаның соңында Астана қаласындағы №71 мектеп-лицейінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқанының басталуына ар­нал­ған спорттық жарыс өтті. Есіл ауданының ПБ қорғау нұсқамасы шығарылған тұлғалар есебінде тұр­ған адамдар арасында өткен достық кездесу тартысты болды.
Астана қаласы Полиция департа­менті Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зом­бы­лықтан қорғау тобының инспек­торы, подполковник Гүлмира Шрах­ме­тованың айтуынша, мұндай шараларды тұрақты өткізудің ма­ңызы зор. Ал жарысты сенбі күнін­де өткізілуінің де өзіндік мәні бар көрінеді. «Өйткені біз сенбі күні агрессорлармен жұмыс жүргіземіз. Сол күні олардың көбісі үйінде болады. Мысалы, осы сенбіде біз Республикалық әкелер одағының өкілі мен мешіт имамын шақыртып, агрессорлармен профилактикалық жұмыс өткіздік. Сонымен бірге қаладағы мектеп-лицейде агрессор­лармен бірге волейболдан ойын ұйым­дастырдық. Сол арқылы агрес­сор өз бойындағы теріс эмоциясы мен агрессиясын спорт залда қалды­руын мақсат тұттық. Полицейлердің ұсынысы бойынша, ойынға қатысу­шылар 16 күн акциясының түсі қызғылт сары киім киіп, науқанды қолдайтындықтарын көрсетті. Бұл олардың әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы екендіктерін көрсету мақсатында ұйымдас­тырылды», – дейді Гүлмира Шрах­метова.
Сондай-ақ ол гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар тұрақты негізде өткізілетінін жеткізді. Өйт­кені агрессорлармен тұрақты түсін­діру жұмысын өткізу керек. Жәбір­ленушілерге психологиялық және құқықтық көмек қажет болса, агрес­сорлардың әрекетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Қалалық поли­ция департаментінің мәлі­метін­ше, биыл 10 айда отбасы­лар­дағы агрессия фактілері бойынша азаматтардан 14 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 3500-ден астам отбасындағы жанжал­қой әкімшілік жауапкер­шілік­ке тартылса, полиция қызмет­керлері отбасылық-тұрмыс­тық қа­тынастар саласында құқық­бұзу­­шылық жасауға бейім 7000-нан астам адамға қатысты қорғау нұсқа­маларын шығарған. Ал елордадағы дағдарыс орталықтарына 319 адам жіберілсе, оның ішінде 94 әйел, 225 бала бар. Сондықтан «Гендерлік зорлық-зом­былыққа қарсы 16 күндік бел­сенді іс-қимыл» халықаралық нау­қанын жыл сайын ұйымдастырыла­ды. Яғни, әр жылы 25 қарашада әйел­дерге қатысты зорлық-зомбы­лықты жою үшін ұйымдастырылатын акция Халықаралық күрес кү­нін­де басталып, 10 желтоқсанда Халық­­аралық Адам құқықтары кү­нінде аяқталуының да маңызы осында.