Екібастұз қаласындағы штабтың жиынына «Екібастұзжылуэнергоның» иесі Александр Клебанов қатысты. Бұл туралы Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан Facebook-тағы парақшасында жазды. «Александр Клебанов – Қазақстандағы аса ірі дәулеті асқан 50 алпауыттың бірі. Биылғы жылдың есебі бойынша Клебановтың байлығы – 580 млн доллар. Құрамына «Павлодарэнерго» компаниясы кіретін «ЦАТЭК» АҚ-ның қожайыны. Зайыбы – Дарья Клебанова, Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі ірі магнаттардың бірі. Естеріңізде болса, бұған дейін Қызылжардағы жылу электр стансасында үлкен апат болып, бір жұмыскер қайтыс болған. Ол апат та осы тұлғаның иелігіндегі компанияда болған. Журналистердің қатысуымен өткен жиында әріптесім Ерлан Саиров болған апат төңірегінде Клебановқа қаржылық, моральдық жауапкершілікке қатысты бірнеше сауал қойған. «Біздің меншігімізге өткен 2007 жылдан бері мен осы ТЭЦ-тан бір тиын пайда көргем жоқ, керісінше 17 млрд теңге шығында отырмын… Қажет болса 1 тиынға қайтадан мемлекетке өткізуге дайынмын», – деді станса қожайыны. «Сонда осыншама ауыр жағдай болған, сіздің иелігіңіздегі серіктестікте бір емес екінші рет апат болып отырған кезде ТЭЦ-ты бір тиынға мемлекет меншігіне қайтарып, барлық жауапкершіліктен құтылғыңыз келе ме?» – деген әріптесімнің қосымша сұрағына, «арнайы комиссия құрылып, жағдайдың жан-жақты, егжей-тегжейлі тергеп-тексерілуіне мен де мүдделімін» деп жауап берді Александр Клебанов», – деп жазды депутат.