ҚазҰАЗУ қызметкерлер санын қысқартып, жалақыны көтермек
ҚазҰАЗУ қызметкерлер санын қысқартып, жалақыны көтермек
606
оқылды
Еліміздегі тарихы терең іргелі оқу орындарының бірі болып табылатын Алматыдағы «Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде» қазіргі уақытта шамамен 6500 студент білім алып жатыр. Университеттегі профессор-оқытушылар құрамы (ПОҚ), әкімшілік - басқарушы персонал (ӘБП), оқыту-көмекші персонал (ОКП), қызмет көрсететін (ҚК) құрамының жалпы саны саны 1800 адамды құрайды. Бұл деген 3-4 студентке бір қызметкерден келеді деген сөз.
«Мұндай жағдайда университетті тиімді басқару туралы сөз айтудың өзі мүмкін емес. Сондықтан ҚазҰАЗУ Басқармасы ӘБП, ОКП және ҚК санын айтарлықтай қысқарту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, университет басшылығының ұсынысы бойынша, Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес ҚазҰАЗУ Басқармасының саны 10-нан 6 адамға дейін қысқарды, орынбасарлардың, проректорлардың және басқа да басшы кадрлардың саны екі есеге азайды»,-делінген аталған оқу орнының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Берілген ақпаратқа сүйенсек, басқару штатын мұндай оңтайландыру университетке 2022 жылғы 1 қазаннан бастап профессор-оқытушылар құрамының жалақысын 25% - ға арттыруға, ал ағымдағы жылдың 22 желтоқсанынан бастап ӘБП, ОКП, ҚК жалақысын 25% - ға арттыруға мүмкіндік туғызып отыр. Жаңа 2023 жылы рейтингтік бағалау негізінде университет қызметкерлерінің ең белсенді бөлігінің тиімді еңбек үлесін ескере отырып, ӘБП, ОКП, ҚК құрамының жалақы мөлшерін 40-50% - ға дейін. Ары қарай одан да көп мөлшерде ұлғайтуға мүмкіндік беретін ынталандыру жүйесін енгізу жоспарлануда. ҚазҰАЗУ-дың түпкі мақсаты – профессор-оқытушылар құрамы мен ЖОО қызметкерлерінің еңбекақысын еліміздің жетекші университеттерінің деңгейіне көтеру. Сонымен қатар, қысқартылуға түскен барлық штаттық қызметкерлерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес бір ай бұрын хабарламалар берілді, әрі жұмыстан шығу жәрдемақылары толық төленген.