Қарағанды облысында бүйрегі ауыратын 500-ден астам адам донорға зәру
Қарағанды облысында бүйрегі ауыратын 500-ден астам адам донорға зәру
169
оқылды
Мәжілісте талқыланған донор мәселесі елімізде әлі де күрделі, - деп хабарлайды 24.kz. Мәселен, Қарағанды облысы бойынша бүйрегі ауыратын 500-ден астам адам донорға зәру, оның үшеуі бала.Қазір науқастар аптасына үш мәрте гемодиализдің көмегіне жүгінеді. Бірнеше сағатқа созылатын бұл ем-шарадан жаны қиналған жандар донор табылып қалар деген үмітпен келеді.Алайда әзірге сау бүйрек табылмай тұр. Ал дертке шалдыққандар саны жыл санап артып келеді. Балсана Әлиманованың жасы 57-де. Осыдан 11 жыл бұрын дәрігерлер қос бүйрегінің ауыр дертке шалдыққанын анықтап, диагноз қойған. Содан бері тағдыры осы аппаратқа таңулы. Гемодиализ 4 сағат ішінде қанды түрлі улы заттардан тазартады. 11 жылдан бері күтіп жүрмін. Мүмкін мені де шақырып қалар, маған да бүйрек табылып қалар. Осы 11 жылдың ішінде мен әже болдым, 5 немерелі болдым. Енді солардың өскенін, өнгенін, табыстарын көргім келеді. Әлі де болса өз қолыммен тәрбиелегім келеді, - дейді қала тұрғыны Балсана Әлиманова. Евгений Круц- бүйрегін ауыстырған Қарағанды облысындағы ең алғашқы адам. Жеті жыл бұрын жасалған операция сәтті аяқталып, қазір өзін жақсы сезінеді. Дегенмен, асқынып кетпес үшін өте үлкен күтім керек екен. - Күзде және көктемде үнемі бетперде киіп жүремін. Кісі қарасы көп жерлерде жүрмеуге, қоғамдық көлікке мінбеуге тырысамын. Түрлі дертті жұқтырып алмас үшін қолымды күніге бірнеше мәрте жуып отырамын. Солып қалған бүйректі алып тастамайды. Ол артқы жақта қала береді. Ал донордан алған бүйректі алдыңғы жақтан салады. Кейде жаңа мүшені ағза қабылдамауы да мүмкін, - дейді қала тұрғыныЕвгений Курц. Евгенийдің айтуынша, қазір донор табу өте қиын. Мәселен, осы күнге дейін өңірде 57 ересек және 11 бала бүйрегін ауыстырған болса, соның тек 16-сы ғана қаза болған жандардың мүшесін алған. Қалғандарына туған-туыстары беріпті. Ал науқастар саны жыл сайын өсіп келеді. Тек былтырғы жылдың өзінде гемодиализға тәуелді 159 адам тіркелген. - Терең ұйқыға кеткен науқастың қайта оянуы екіталай. Медицинада ондай адамның миы өлген деп есептеледі. Сондай ауыр халде жатқан бірнеше адамның туған-туыстарымен сөйлесіп, сау мүшелерін донорлыққа сұрадық. Бірақ өкінішке орай, осы күнге дейін Қарағанды облысында бірде-бір адам келіскен жоқ. Гемодиализ өте ауыр ем-шара. Бұдан құтылудың жалғыз жолы донор табу, - дейді клиникалық аурухананың гемодиализ бөлімінің меңгерушісі Салтанат Сариева. Қазіргі күні аймақта 8 гемодиализ орталығы бар. Бір мезгілде 167 адамды қабылдай алады. Әзірге бұл жеткілікті. Ал облыста донорға зәру адамдардың саны 500-ден асады.