Жұмыс тобы ұсыныстар топтамасын әзірледі
Жұмыс тобы ұсыныстар топтамасын әзірледі
200
оқылды
Парламент Сенатында еліміздің сот жүйе­сін реформалау мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында осы саладағы ұлттық заңнамаға енгізілетін түзетулер және сот жүйесін реформалау бойынша құрылған жұмыс тобы атқарған істің қорытындысы талқыланды. Жиынды ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін реформалауды заңнамалық қамтамасыз етуге баса мән беріп отырғанын, бұл әділетті мемлекеттік басқару жүйесін құрудың негізі екенін атап өтті.
«Президентіміз наурыз айындағы Жолдауында барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айрықша айтты. Соңғы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін атап көрсетті», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Палата Спикері Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес Сенат жанынан құрыл­ған жұмыс тобы сот жүйесін реформалауға қатысты ұсы­ныстар әзірлегенін айтып, олардың негізгі ба­ғыттарына тоқталды. Нақты айтқанда, судьяларға күштік органдардың қысымын төмендету және қылмыстық процесте бәсекелестікті дамыту тетіктері ұсынылды. Одан бөлек, қамауда ұстауға балама бұлтартпау шараларын қолдану аясын кеңейтуге арналған те­тіктер де ұсынылды. Адамгершілік бағыттағы балама ретінде зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмыс жасағандар үшін электронды білезік тағу мәселесі көтерілді. Бастамалардың тағы бірі сот процесінде «іс бойынша объективті шындық» пен әділ шешімге кепілдік берумен байланысты. Жұмыс тобы азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарының тізбесіне «әділдік қағидатын» енгізуді ұсынды. Судья шешім шығарған кезде соған сүйенуге тиіс. Әрине, ол үшін бұл шешім заңға негізделуі және оның шегінен шықпауы қажет. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін медиативтік қызметтерге мемлекеттік кепілдік беруді енгізуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік орган басшылары және жоғары тұрған лауазымды адам жетекшілік ететін салаларда сот талқылауы болған жағдайда олардың міндетін белгілеу ұсынылды. Мұндай қадам жоғары тұрған органдардың үйлес­тіруші рөлін арттыруға, мемлекеттік органдардың күмәнді шешімдерін азайтуға мүмкіндік береді. Пікірталас барысында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды ішкі әкімшілік рәсімдер тетігі арқылы шешу қажеттігі де атап өтілді. Осы және басқа да шаралар Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген ауқымды ұсыныстар топ­тамасына негіз болды. Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген қыл­мыстық-процестік заңнаманы одан әрі реформалауға арналған ұсыныстар мен тәсілдер тиісті заң жо­баларын дайындау үшін уәкілетті органға жіберіледі.