Парламент Сенатында еліміздің сот жүйесін реформалау мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында осы саладағы ұлттық заңнамаға енгізілетін түзетулер және сот жүйесін реформалау бойынша құрылған жұмыс тобы атқарған істің қорытындысы талқыланды. Жиынды ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін реформалауды заңнамалық қамтамасыз етуге баса мән беріп отырғанын, бұл әділетті мемлекеттік басқару жүйесін құрудың негізі екенін атап өтті.
«Президентіміз наурыз айындағы Жолдауында барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айрықша айтты. Соңғы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін атап көрсетті», – деді Мәулен Әшімбаев.Сондай-ақ Палата Спикері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат жанынан құрылған жұмыс тобы сот жүйесін реформалауға қатысты ұсыныстар әзірлегенін айтып, олардың негізгі бағыттарына тоқталды. Нақты айтқанда, судьяларға күштік органдардың қысымын төмендету және қылмыстық процесте бәсекелестікті дамыту тетіктері ұсынылды. Одан бөлек, қамауда ұстауға балама бұлтартпау шараларын қолдану аясын кеңейтуге арналған тетіктер де ұсынылды. Адамгершілік бағыттағы балама ретінде зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмыс жасағандар үшін электронды білезік тағу мәселесі көтерілді. Бастамалардың тағы бірі сот процесінде «іс бойынша объективті шындық» пен әділ шешімге кепілдік берумен байланысты. Жұмыс тобы азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарының тізбесіне «әділдік қағидатын» енгізуді ұсынды. Судья шешім шығарған кезде соған сүйенуге тиіс. Әрине, ол үшін бұл шешім заңға негізделуі және оның шегінен шықпауы қажет. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін медиативтік қызметтерге мемлекеттік кепілдік беруді енгізуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік орган басшылары және жоғары тұрған лауазымды адам жетекшілік ететін салаларда сот талқылауы болған жағдайда олардың міндетін белгілеу ұсынылды. Мұндай қадам жоғары тұрған органдардың үйлестіруші рөлін арттыруға, мемлекеттік органдардың күмәнді шешімдерін азайтуға мүмкіндік береді. Пікірталас барысында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды ішкі әкімшілік рәсімдер тетігі арқылы шешу қажеттігі де атап өтілді. Осы және басқа да шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген ауқымды ұсыныстар топтамасына негіз болды. Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі реформалауға арналған ұсыныстар мен тәсілдер тиісті заң жобаларын дайындау үшін уәкілетті органға жіберіледі.