Қарағандылық монтаж редакторы және саунд-дизайнер Әділхан Дүйсембаев R&B және поп-музыка орындаушысы Рианнаның промороликтерімен жұмыс істеген. Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, оның жұмысы тапсырыс беруші BRTHR студиясына ғана емес, әншінің де көңілінен шыққан. Әділхан Дүйсембаев бұл салаға жаңа келген маман емес. Ол 10 жылдан бері фото және видео түсірумен, сондай-ақ монтаждаумен айналысады. Snipes және Levi's сияқты танымал брендтермен жұмыс істеген. Биыл қазақстандық брейкдансер Николай Черников туралы деректі фильм түсірді. Ал Рианнаға арналған бейнелерді монтаждау тапсырысы Әділханға шоу-бизнес жұлдыздарымен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан BRTHR студиясынан түседі.
«Мен Savage x Fenty Show үшін промороликтермен жұмыс істедім. Бұл – Рианна брендінің жыл сайынғы сән көрсетілімі туралы арнайы америкалық телевизиялық шығарылым. BRTHR студиясының режиссерінен тапсырма алдым және олар маған толық еркіндік берді. Таңертеңнен кешке дейін екі апта бойы жұмысты уақытында аяқтау үшін үйден шықпай еңбек еттім. Бұл –Рианнаға арналған екінші бейнеролик. Сондай-ақ аталған жобаға арналған жарнамалық роликті монтаждадым», – дейді Әділхан.Айта кетерлігі, талантты жігіттің мамандандырылған білімі жоқ. Оның айтуынша, алдымен фотоға, содан кейін видео түсіруге қызығушылығы оянған. Әділханның айтуынша, қазір интернеттің көмегімен бүкіл әлемге мәлімдеме жасауға мүмкіндік бар. Тек өз ісіңе сеніп, оны сүю керек. Оған қоса қарағандылық азаматқа жаңа жобаларға ұсыныс түсіп жатыр.