Елорда жастары есірткіге қарсы
Елорда жастары есірткіге қарсы
629
оқылды
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен «Жастар есірткіге қарсы! Біз саламатты өмір салтын қолдаймыз!» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында өтті. 500-ге тарта жас қатысқан жиында медицина мамандары есірткінің денсаулыққа, жалпы қоғамға тигізетін ауыр зардабы туралы жан-жақты ақпарат берді. Астана қалалық Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы басшысының айтуынша, қазір жастар арасында синтетикалық есірткі пайдаланатындар саны едәуір көбейген. Олар негізінен 16-30 жас аралығындағы жастар. Сонымен бірге, нашақорлыққа салынғандардан бөлек, оны тара­ту­шылардың да саны өскен. Оның алдын алу үшін қалада ай сайын ауқымды іс-шаралар ұйымдас­тырылып тұрады.
– Есірткіні көп тұтыну емдел­мейтін ауруларға ұшыратады. Сондықтан біз жастар арасында ескірт­кінің зияны жайлы жиі айта­мыз. Нашақорлықтың зардабын оны тұтынғандармен бірге олар­дың ата-анасы мен туысқандары да тартады. Сондықтан біз осы акция арқылы студенттер ара­сында саламатты өмір салтын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Арнайы дәрігер мамандарды шақырып, жастарға үгіт-насихат жүргізудеміз, – дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қармасы Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ди­ректоры Қанат Хамзин.
Оның айтуынша, қазір жас­тардың синтетикалық есірткіге құш­тарлығы артқан. Мұның бірнеше себебі бар. Синтетикалық есірткіні тұтыну жай ғана қызығу­шылықтан басталады. Сондай-ақ оны «есірткі емес» жай ғана таб­летка, одан ештеңе болмайды дейтіндер де табылады. Әрине, олардың бұл пайымы қате. Халық арасында «ауыр» және «жеңіл» деп есірткіні екіге бөліп қарас­тыра­тындар да бар. Жастар интернет арқылы есірткі жарнамалайтын және сататын ресурстарды оңай тауып алады. «Интернет-дүкен­дерді» негізі Telegram мобильді қосымшасы арқылы құрылады, оларды кез келген смартфонға жүктеуге болады. Көп жағдайда жас­тарға есірткі жарнамасын та­ратушы немесе курьер қызметі ұсынылады. Алайда бұл әрекеттері үшін кім-кімнің де жауапкер­шілікке тартылатынын ұмытпау керек. Мұндай әрекетке барғандар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Мамандар жастардың есірткіге көп елітуіне синтетикалық есірткілердің баға­сының қолжетімді болуы да себеп екенін алға тартады.
– Нашақорлықтың алдын алу мәселесін ашық талқылап, сала­мат­ты өмір салтын ұстануды насихаттау – негізгі міндетіміз. Жастарға психобелсенді заттар мен электронды темекінің және есірткінің адам өміріне залал-зардабын түсіндірдік. Бүгінде есірткіні тұтынатын жастардан, есірткіні сатумен айналысатын жастардың саны көбейіп келеді. Олар ақша табу үшін осындай жолға түседі. Бірақ олар өз қателік­тері үшін заң алдында жауап береді. Жиында осы мәселелер жайында ашық айтып, бейне­роликтер көрсеттік, – дейді Қанат Хамзин.
Айта кету керек, 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық ко­декске енгізілген жаңа баптарға сәйкес есірткіні жарнамалағандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпарат ресурстарын пайдаланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса, онда 3 жыл­дан 6 жылға дейін бас бостан­дығы­нан айыру түріндегі жаза бел­гіленеді. Іс-шара аясында, «ЖасТолқын» ЖДО қызмет­кер­лерінің күшімен, фойеде «Ден­саулық бұрышы» ұйымдас­тырыл­ды. Онда барлық ниет білдіру­шілерді уролог, психолог, гине­колог мамандар, полиция де­пар­таментінің инспекторы қабылдап, кеңес берді. Сондай-ақ, қантқа, СПИД-ке жедел тест тапсырып, масса индексін білуге болады.
– Жастар өздерін мазалайтын сауалдарды арнайы дәрігер маман­дардан білуге көп жағдайда ыңғай­сызданады. Соның салдарынан олар СПИД инфекциясын жұқты­рып алуы мүмкін. Біз студенттердің әртүрлі сұрақтарына жауап беріп жатырмыз. Қазір жоғары оқу орындарында есірткімен күрес ең басты тақырыптардың бірі,– дейді №3 қалалық емхананың гинеколог дәрігері Динара Түсіпбекова.
Акция интерактивті әңгіме форматында өтті. Тәуелділіктің бұл түрінен жастарды айықтыру – ұзақ процесті алатын психо­логиялық жұмыс. Бұл тақырыпта Restart республикалық жобасының үйлестірушісі Диар Ыдырыс-Бел­байлы сөз етті. СПИД орталы­ғының маманы Ажар Тұрымова ғасыр індетіне баланған СПИД-ті жұқтырып, өмірі үзіліп жатқандар туралы айтып, одан сақтану жолдары туралы баяндады. Жастар саясаты басқармасының мектеп және студент жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бағдат Атым­тай «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында атқарылып жатқан жұ­мыс­тарға тоқталды. Ал Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильинов синтетикалық заттарды сату, жарнамалау және тәркілеу фактісін ашуға бағыт­талған шаралар туралы айтты.
– Үйдегі тәрбиеге осылардың барлығын байланыстыра отырып, біз нашақорлықпен тікелей күресе аламыз. Осының алдын алу үшін үлкендер оның ең зиянды жақ­тарын көрсете білуі керек. Сол кез­де жастар есірткіге қарсы күреседі. Қазірде көптеген ұйым наша­қорлыққа қарсы насихат жүр­гізіп жатыр. Осы жұмыстар жал­­ғасын тапса, болашақта наша­қорлық жоқ болады деген ойда­мын, – дейді студент Ақниет Қас­қыр­баева.
Сонымен қатар, бұл күні Өнер мектебінің жас гимнасттары Анна Алябьева өз шеберліктерін көр­сетсе, фитнес жаттықтырушы музыкалық фитнес жаттығуларын өткізді.