«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында TALQYLAU диалог алаңы ұйымдастырылды. Кездесуде кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысы талқыланды. «Сайлау-2022: жаңа қоғам» тақырыбында өткен жиынға халықтық коалиция өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, фракция мүшелері, партия белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты. Диалог алаңында алғаш болып сөз алған партияның Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева өткен сайлау халқымыздың саяси мәдениетінің өскенін көрсеткенін жеткізіп, кеше ғана өткен Президентті ұлықтау рәсімі жайлы баяндады.
«Астанаға шымкенттік делегат болып барып, Президентті ұлықтау рәсіміне қатысып қайттық. Салтанатты шарада Мемлекет басшысы: «Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деп бірден іске кірісетінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүддесі, халық сенімі, экономикалық өсімнің өзегі және саяси трансформация жайлы қозғады. Біз де ел болып басшыны қолдап, Әділетті Қазақстан құру жолында аянбай еңбек етеміз», – деді ол.Талқылауға қатысқан спикерлер де сайлау нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық қолдауына ие болғанының көрсеткіші екенін айтты. Енді мақсат – Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына негіз болған халықтың өмір сапасын жақсарту ісіне белсене кірісу.