Жоғары жылдамдықты интернетке қосылды
Жоғары жылдамдықты интернетке қосылды
485
оқылды
Бас қаладағы тұрғын үй алап­тарына жоғары сапалы интернет тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әкім­діктің алға қойған жоспары жүзеге асса, жақын арада тұр­ғын­дар заманауи байла­ныс желісінің кең ауқымды мүмкіндіктерінің игілігін іс жүзінде көре бастайды. Астана қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының Цифр­ландыру бөлімінің бас маманы Ғани Бағдаулеттің айтуынша, бүгінде басқарма «Астана – АЭК» АҚ және инвес­торлардың толық­тай қаржыландыру есебінен тұр­ғын алаптарды жоғары жылдам­дықтағы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын әзірлеуге кіріс­кен. Ол үшін алаптарда электр және жарықтандыру бағана­лары орнатылыпты. Айталық «Көктал» елді мекеніне 16 мың шақырым кабелді желі тартылған. Ал жақын­да тұрғын алапта алғашқы або­нент­тер жоғары жылдам­дықты ин­тернетке қосылды. Қазірдің өзінде тұрғын­дардан 50-ден астам өтініш келіп түскен. Алдағы уақытта ауа райының қолай­лы­лығына сәйкес күніне 5 абоненттен қосу жоспарланып отыр. Тарифтік жос­пар жылдамдыққа байланысты 4 500 теңгеден бас­тала­ды. Интер­неттің жылдамдығы 5 Мгбит се­кунд­тан 500 Мгбит секундқа дейін қамтамасыз етіледі.
«Сондай-ақ жыл соңына дейін «Үркер» тұрғын алабын жоғары жылдамдықты интернетпен қам­та­масыз ету қарастырылуда. Бү­гінде тұрғын алап бойынша 20 шақырымдық кабель желісі тартылды. Алғашқы абоненттер желтоқсан айының басынан бастап интернетке қосылады. «Үркер» тұрғын алабы бойынша 40-тан астам өтініш келіп түскен. Бұл алапта да тарифтік жоспар 4 500 теңгеден басталады. Бұдан бө­лек, «Көктал 1», «Агроқалашық», «Интер­­национал», «Оңтүстік шы­ғыс», «Промышленный», «Күйген­жар», «Мичурино», «Казгородок», «Кирпич­ный», «Өндіріс», «Тел­ман» тұрғын үй алаптары бо­йынша бірнеше инвесторлармен жұмыс жүріп жатыр. Жалпы қалаға тарты­латын инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды», – дейді Ғани Ас­қар­ұлы. Сонымен қатар ол «Үр­кер» тұрғын үй алабындағы жоғары жылдамдықтағы интер­нет­ке қосы­лу бойынша техника­лық жұмыстар аяқталғанын жеткізді. Жел­тоқ­санның басында алғашқы тестілеу жұмыстары жүр­гізілсе, «Көктал-2» тұрғын алап­тарында алғашқы або­ненттерді қосу жұмысы басталып қойғанын айтады.
Жақында ғана «Көктал-2» ша­ғын ауданының алғашқы абонент­тері интернетке қосылды. Енді тұрғындар талшықты-оптикалық байланыс желілерін пайдалана отырып, жоғары жылдамдықты интернет пен цифрлық телеви­дение қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Заманауи GPON техно­логиясы жарықтандыру бағана­лары мен электр желілерінің бойы­мен жұмыс істейді. Ендігі жер­де Баршын, Құланөтпес, Сау­малкөл, Айдарлы, Ақмола, Ұлытау және т.б көше­лер бойында орна­ласқан 200 үй қосылуға дайын. Сол күні шараға Астана қаласы мәсли­хатының хатшысы Ерлан Канали­мов, Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұма­ғұлов, Цифрландыру және мемле­кеттік қызмет басқар­масы басшы­сының орынбасары Берік Ахметов қатысып, көктал­дық тұрғындарды сапалы интер­нетке қосылуын сүйіншілеген болатын. Ал серви­стік компания Баршын көшесі 28/1 үйінде тұ­ратын көпбалалы отбасын интер­нетке бір жылға тегін қосып беріп, қуантты. Айта кету керек, GPON техно­логия­сының (Gigabit Passive Optical Network) басты артық­шылығы жо­ғ­­ары жылдамдығы және сым­дар­сыз бір желіде бірден бірнеше цифрлық қызметтерді қосу мүм­кін­дігіне ие. GPON тех­но­логиясы абоненттің үйі­не опти­калық кабель тартуды қамтамасыз етеді екен. «Көктал-1» тұрғын алабы ке­лер жылдың ақпан, наурыз айла­рында толығымен сапалы интер­нетпен қамтамасыз етілмек. Аста­на қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқар­ма­сының Цифр­ландыру бөлімінің бас маманы Ғани Бағдаулеттің айтуынша, Сарыарқа ауданы бо­йынша «Казахский домашний сети» компаниясы жұмыс жүргізіп жатыр. «Қоянды» тұрғын алабында да келесі жылы ұялы байланыс сапасы арттырылады. Қазірдің өзін­де инвестор тартылып, антен­ді-діңгектер салыныпты. Алда байланыс операторларымен бірге базалық станса орнату жоспар­ланған. Жалпы алғанда 2010-2021 жылдары елордада 17 антенді-діңгекті құрылғы орнатылса, биыл 10 антенді-діңгек салынған. Ендігі жерде тұрғындардың өтініші бо­йынша абонентті орнату әр мекен­жай бойынша жеке қарас­тырыл­мақ.