Автокөлік тақырыбы қазір халықтың назарында тұрған дүние екені айтпаса да анық. Оған қатысты әрбір жаңалық қоғамды елең еткізбей қоймайды. Таяуда азаматтарды бір хабар қуантты. Бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры елімізде жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілді. Дегенмен ел бұл үрдістің кері жағы да барын ұмытпау қажет. Жеңілдік жұрттың көңілінен шықты Сонымен, әуелі жағдайдың жұртшылықтың көңілінен шыққан тұсына тоқталайық. Шетел көліктерін тіркеудің бірреттік төлемі бар болғаны 200 мың теңге болып бекітілді. Осыған дейін шетелден арзан бағаға көлік әкелгендердің бағы жанды десек те болғандай. Арнайы заң жобасын жақында Парламент Сенаты бекітті. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюы ғана қалды. Содан соң 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген көліктер рет-ретімен заңдастырыла бастайды. Әзірге Ішкі істер министрлігі шетел көліктерін тіркеудің барынша қарапайым жолын қарастырып жатқанға ұқсайды. Ведомство автокөлікті заңдастыруға өтінішті онлайн түрде беру мәселесін қарастырып жатыр. Десе де, процесс әлі де пысықталмақ. Шетел көліктері қашан, қандай талап бойынша тіркеледі? Осы сұрақтардың жауабы алдағы уақытта жан-жақты зерделенеді. Шыны керек, шетелден әкелінген көліктердің жыры дастанға айналғанына бірнеше жылдан асты. Бірде Үкімет шекара асып келген көліктерді елден біржола шығарып тастағысы келді, бірде құбылып уақытша тіркеуге қоюға ынталанды. Не керек, жауапты ведомстволар бір тоқтамға келе алмай, мәселені екі жылдан бері созбаққа салған. Ендігі шешімді естіп, қуанып жатқандардың қарасы мол. Олар көлігін бұрын шетелден әкелген азаматтар екені белгілі. Астана тұрғыны Ержан Наурызбеков қазақстандық көлікті сатып алуға қалтасы көтермеген соң астындағы темір тұлпарын Армениядан алдырған. Көлігі көңілінен шыққанымен, оның шетелдік тіркеуде тұрғаны, алда не болатыны көптен алаңдатқан екен.
«Автокөлігім 2014 жылы шыққан. Бірақ шанағына, сапасына қарап барлығы 2015-2016 жылғы деп ойлайтын. Армениядан 4 миллионға алдырттым. Ал мұндай сомаға Қазақстанда ескі көлікті де ала алмайсыз», – дейді ол.Азаматтың сөзінің жаны бар. Қазір еліміздің автокөлік нарығында 20 жылдан асып кеткен машиналардың да бағасы ұшып тұр. Содан кейін азаматтар шетелден көлік алып келмегенде не істейді? Мыңдаған жүргізушінің осындай жанайқайына құлақ асқан Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Ішкі істер министрлігіне мәселені жедел шешуді тапсырған болатын. Тіркеу құнын утилизация алымымен қоса есептегенде, 200-250 мың теңгеден асырмауды да міндеттеді. Сенат бекіткен соң Салық кодексіне осы өзгеріс енгізілді. Құжатқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру 200 мың теңге деп көрсетілген. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев мұның бәрінен бұрын жергілікті бюджеттерге пайдалы екенін айтады.
«2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегеніне бірыңғай алымды белгілеу арқылы 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасалады. Сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көліктерге салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады», – деді ол.Не де болса осындай оң шешімнен дәмеленгендердің көңілі толды. Әйтпесе, осыдан екі жыл бұрын азаматтар шетелден әкелген көлігін тіркеуге қойғысы келгенде 3 миллион теңгеге дейін сұраған. Әйтсе де көлік тіркейді екен деп, барлығын санатқа қосуға болмайды. Егер көліктердің арасында іздеуде жүрген және рөлі оң жағындағы машиналар кездессе, заңға сәйкес келмейді. Сондықтан олар тіркелмейді. Сол себепті жауаптылар қазірден бастап дүрлігудің қажеті жоқ екенін айтуда. Жаңалықтың жағымсыз тұсы бар Жалпы, қазір елімізде 307 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі машина бар. Көбі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген. Үкімет бұл өзгерістің оларға тиімді болатынына сенімді. Жауаптылар да есепсіз емес, салықтың бәрі ел экономикасына да оң әсер етеді. Әйтсе де, тағы бір мәселе тудырар тұсын айтпай кетуге болмас. Стандартты утилалым мен алғашқы тіркеу құнының орнына бірреттік төлем жүргенімен, жауаптылар машиналардың шыққан жылына, экологиялық сәйкестігіне талап қоймаған. Яғни, ескі-құсқы, құр шанағы әрең жүрген ескі көліктерді де қабылдап алғалы тұрмыз. Онсыз да елімізде ескі көліктер өріп жүр. Былтыр еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың көліктің зауыттан шыққанына 20 жылдан асқаны мәлім болды. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраса, 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған әрі экологиялық талапқа сай емес болып саналады. Шетелден кіргізілген көліктердің бәрі жаңа емес, басым бөлігі 10 жылдан асқан. Бұл – бірінші кем тұсы. Екіншіден, шетелдік көліктер тіркеледі дегеннен автонарықтағы бағалар лезде көтеріле бастады. Мәселен, автосарапшы Олжас Оқас осыған дейін шетелдік тіркеумен жүрген Toyota Camry көліктері аяқ асты қымбаттай бастағанын байқапты.
«Осы жаңалықтан кейін шетелден әкелінген Toyota Camry көлігінің иелері бағаны күрт өсірді. Бірақ бұл жерде бізді мазалайтын бір сауал бар: шетелдік көліктерді сенімхатпен жүргізіп келген азаматтар не істейді? Ондайлар да көп кездесетінін білеміз. Сонда Қазақстан азаматына тиесілі емес көлікті қалай атына аударады? Мұны алда ескерусіз қалдыруға болмайды», – дейді автосарапшы.Қорыта айтқанда, біз енгізілген өзгерістің күнгейі мен көлеңкесін қатар қарастырып, қысқаша шолу жасадық. Ал жауабы жоқ сұрақтарды құзырлы ведомство өкілдері алдағы уақытта пысықтай түсері анық. Осы жерде бізді толғандырғаны – алдағы уақытта да шетелден көлік әкелу үрдісі тыйыла ма? Кіргізілген жағдайда ертеңгі күні, шамамен 2-3 жылдан кейін олар да көліктерін тіркеуді сұрап, талап қоймасына кім кепіл? Біздің болжауымызша, шетелден машина тасып жүргендер көбеймесе, азая қоятын сыңайы байқалмайды.