Көркем спорттың жүгі ауыр – Меруерт Балғынбаева
Көркем спорттың жүгі ауыр – Меруерт Балғынбаева
615
оқылды
Көркем гимнастиканы спорттың балеті ме дерсің. Гимнастшының керіле созылып, шығыршық лақтырып, оны кербездене күтіп алғаны ерекше әсер сыйлайды. Музыка ырғағымен тербеле билегенде таңданбасыңа шараң жоқ. Осындайда алаң сыртында тақым қысып тұрған бапкерге көзің түседі. Барлай қарасаң, әр элементті шәкіртімен бірге орындап тұр­ғандай. Сонда барып еңбек пен төккен тердің арқасында осынша сұлу өнер дүниеге келгенін біле­сің. Елордалық бапкер Меруерт Балғынбаевамен сұхбаттас­қаны­мызда көркемөнердің астарында біз біле бермейтін біршама түйткіл барын білдік. – Меруерт ханым, көркем гимнастшының спорттағы ғұмыры қысқа, жолы қиын. Осындайда кішкентай талантты топ ішінен қалай танисыздар? – Жалпы, елімізде көркем гимнастика өте жақсы дамып келе жатыр. Көбіне ата-аналар осы спорт түрін теледидардан кө­ріп, қыздарын алып келіп жатады. Оған қоса, көркем гимнастика баланың бар қабілетін ашады. Мысалы, түрлі құралмен жұмыс істеу тепе-теңдікті сақтауды үйретеді. Иілгіштік пен оңай керіліп-созылуға да көмектеседі. Әуенмен жаттығу жасағаннан есту қабілетін жақсартып, му­зыка­лық түйсік пайда болады. – Көркем гимнастикаға қабыл­дау талабы, міндеті мен жасына сай жаттығу ұзақтығына тоқтал­саңыз... – Сырт көзге бәрі оңай көрінгенімен, көркем гимнастика қиын спорт түрі екенін айта кеткен жөн. Қыздардың бұлшық еті қатпай жатып қабылдап ала­мыз. Ата-аналар төрт-бес жасы­нан баласын алып келеді. Мы­салы, қыздар 16 жасында спорт шебері атағын ала алады. Ал көр­кем гимнастикамен ұзап кет­кенде 19-20 жасқа дейін айналыса алады. Мансап жолы қысқа болғаннан спортқа ерте қабылдап, талантын барынша шыңдауға тырысамыз. Мәселен, маман­данған мектептер тек емтихан ар­қылы қабылдап алады. Қабыл­дау шартында бірінші баланың дене бітіміне қарайды. Аяғы ұзын болса, бұлшық еті мен иілгіштігі бір-бірін толықтырып тұрса дейміз. Қазір қалада көптеген жеке мектеп бар. Кей ата-ана қы­зы­ның икемі келмей, мемлекеттік мектепке өтпей жатса, жеке мек­тепке беріп жатады. Жаттығуға келсек, топқа жаңадан келген бала аптасына үш рет, бір жарым сағаттан жаттығады. Қатыс­қаны­на екі жыл болған шәкірттерім аптасына үш реттен екі жарым сағатын көркем гимнастикаға ар­найды. Осылайша, жаттығу саға­ты өседі. Мысалы, 10-12 жастағы қыздар аптасына бес-алты рет келіп, үш-төрт сағат талмай жат­тығу жасайды. Темірдей тәртіпке үйренген қыздар барынша ере­жеге сай болуға тырысады. Содан ба, басқа спорт түріне ауысып кетсе де, ары қарай жеңіл болады.  width= – Байқаймыз, елордада та­лант­ты қыздар көп. Шамамен 5 мың­ға жуық бала көркем гимнас­тикамен айналысады. Сіздіңше қа­лада осы спортқа сай жағдай жасалған ба? – Республика бойынша, Ас­тана қаласы көркем гимнастика­дан бірінші орында тұр. Бірақ толық жағдай жасалған деп айта алмаймын. Өйткені дайындық жасайтын талапқа сай зал жоқ. Егер аталғандай ғимаратымыз болса, тек республика көлемінде емес, халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жетер едік. Тек көркем гимнастикаға арналған база болмаған соң бос жер тауып дайындаламыз. Байқасаңыз, қазір жаттықтырушы көп. Себебі жоғарыда айтқанымдай, гимнас­ттар ары кетсе 20 жаста карьера­сын аяқтайды. Артынша жаттық­тырушы болып қызмет етеді. Мысалы, бапкер болу оңай жұмыс емес. Оларды оқыту керек, жат­тығу залын бөлу керек. Осындайда арнайы ғимарат болмағаннан қанатты кеңге жаятын мүмкіндік жоқ. Мысалы, қыздар республика бойынша бірінші орынды бермейді. Азия чемпионатында да өте жақсы өнер көрсетті. Ал олим­пиада ойындарына, әлем чемпионатына бару үшін кең әрі жарық залда дайындалу қажет. Көркем гимнастикаға арналған жаттығу залының биіктігі 18 метрден кем болмауы, ішінде міндетті түрде кілем мен тұғыр болғаны жөн. Ал мұндай талапқа сай орын табу қиын. – Өзіңізге келсек, бапкер ре­тінде шәкірттеріңізді спорттың көркем түріне баулып жүргеніңізге неше жыл болды? Қызықты оқи­ғаңызбен бөліссеңіз... – Жаттықтырушы болып жүргеніме 19 жыл болды. Көркем гимнастикаға 1990 жылы алты жасымда келдім. Сол кезде бап­кер­лер мектеп аралап, бірінші сынып қыздарының арасынан осы спортқа икемі келеді-ау дегендерін таңдайтын. Сонда қолыма хат жазып, ата-анаңа апарып бер деп үйге жіберген-ді. Әкем оқып болған соң көп ойлан­бай гимнастика залына алып келді. Содан бері уақытым мен жігерімді аталған спорт түріне арнап жүрмін. – Жаттықтырушы жағына келгенде, ресейлік мамандарға көпшіліктің аузының суы құриды. Қазақстан да осындай деңгейге жету үшін не істеу керек? Әлде бізде ресейлік жаттықтыру­шы­лармен бәсекеге түсе алатын ма­мандар бар ма? – Иә, Ресей мамандарының мықты екеніне дау жоқ. Алайда біздің мамандарға да сондай жағдай жасаса, тау қопаруға бар бапкерлер жетерлік. Бәрін үйре­нуге, үйретуге болады. Ол үшін заман­ауи стандартқа сай көркем гим­нас­тика базасын салу керек. Мы­салы, ресейлік бапкерлер таңертең жұмыс орнына келеді, ештеңеге алаңдамайды. Өйткені бір базаның ішінде бәрі бар. Мас­саж маманы керек десе, сақадай сай тұрады. Бір оқушы жарақат алды десе, дәрігері дайын тұрады. Бірінші жаттығу мен екіншісін арасында тынығып алу үшін жат­тақханасы да бар. Ал бізде бірінші жаттығудан кейін оқушы үйіне барып, тамақтанып келгенше шаршап қалады. Екінші жаттығу жиынына қатысуға құлқы бол­май­ды. Одан қалса, бес-алты жат­тық­тырушыға бір кілем бе­реді. Содан кілемге бола тала­самыз. Әрине, шәкірттері­мізбен бірге кілемге сыймаймыз. Амалын тауып, уақыт бойынша бөліп аламыз. Мысалы, мен сағат 9-дан 11-ге дейін жаттықтырсам, келесі бапкер басқа уақытқа дайын тұрады. Осылайша, күні бойы кіле­мнің «кестесін» жасаймыз. Егер қыздар сол уақытқа үлгере алмай қалса, жаттығатын орын жоқ деген сөз. Әзербайжанды, Гру­зия­ны алып қарасаңыз, оларда бар жағдайы жасалған база бар. Сондықтан лайықты көңіл бөл­мей жатып, спорт түрінен медаль күту бекершілік. гимнастшы – Төрешілікке келсек, көркем гимнастикаға қандай да бір ереже мен заңдылық бар ма? Төреші бол­уы үшін не істеу керек? Халық­аралық төреші дәрежесіне жету үшін ше? – Өзім халықаралық дәрежесі бар төрешімін. Төреші атану үшін барынша ізденіп, үйрену керек. Бірден халықаралық төреші бола алмайтының тағы бар. Жыл сайын біліктілігіңді көтеру қажет. Мы­салы, спорт төрешісі деңгейі­нен бастайсыз, одан кейін бірінші деңгейлі төреші, жоғары санатты төреші деп бөлінеді. Ал халық­аралық төреші атану үшін шетелде өтетін семинарларға қатысып, тыңдап, емтихан тапсырасыз. Сонда ғана қолыңызға халық­ара­лық төреші екеніңізді айқын­дайтын қағаз береді. Мәселен, көр­кем гимнастикаға бір спорт­шыны 12 төреші бағалайды. Оның екеуі гимнастшының құ­рал­мен көрсеткен өнерін баға­ласа, тағы екеуі денемен қандай элемент орындағанына сын көзбен қарайды. Төрт төреші әртістік шеберлікке мән береді. Ал қалған төртеуі жаттығуды таза орындаған-орындамағанына мән береді. Мысалы, қойылым бары­сында аяқ-қол бүгілмеуі керек. Бәрін бір сызықтың бойында тұрғандай орындап шыққанын қадағалайсыз. Артық-кем жүріс­ке, құралды құлатып алғанына қарай ұпайын төмендетесіз. – Сұхбат соңында болашағынан үміт күтемін дейтін шәкірттеріңіз болса, атап өтсеңіз. – 2023 жылы жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Соған қызу дайындық жасап жатырмыз. Сонымен қатар жеке бағдарлама бойынша кім өткені белгісіз. Бірақ екі қызды дайындауға кірістік. Олар қаламыздың үздік гимнастшылары Айым Мейіржан, оның артынан еріп келе жатқан талантты гимнастшы Ақмарал Ерекеш. Ал ересектерге келсек, Эльжана Таниева мен Айбота Ертайқызы елімізді халықаралық дәрежеде лайықты танытып жүр. Осы екі қыз Мәскеуде жаттығады. Елордалық Сабина Бакатова болса, осында жаттығады. Бірақ ол да болашағынан үміт күттіретін ару. Сондай-ақ Дина Байленованы да ерекше атап өткім келеді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат ЖОЛДАСОВА