Еліміздің ғылым саласы жаңа бір дәуір қарсаңында тұр. Соның ішінде биофарминдустрия саласы жаңаша дамымақ. Бұл туралы таяуда «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте белгілі ғалым, QazVac вакцинасының авторы, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ бас директоры Күнсұлу Зәкәрия айтып берді. Өз баяндамасында ол осы уақытқа дейін ғылым саласына бөлінген қаржының нәтижесі мардымсыз екеніне назар аударды. Осы ретте белгілі ғалымды біз де әңгімеге тартқан едік. – Күнсұлу Дальтонқызы, сіздің ғылымда ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенді екеніңізді байқап жүрміз. «AMANAT» партиясында Қоғамдық кеңестің мүшесісіз. Ендеше ғылым мен қоғамды қалай байланыстыра алып жүрсіз? – Негізі, ғылым мен қоғамның дамуы үшін оларды бір-бірінен бөлек алып қарастыруға болмайды. Сондықтан да Қазақстан өзінің ендігі дамуында осындағы симбиоздың мүмкіндіктерін кеңірек пайдалануы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де сайлауалды бағдарламасында айтып отыр. Еліміз жаңа тарихи белеске қадам басты деп атап өткен ол: «Мемлекет базалық өндірістен күрделі өндіріске көшу үшін және жоғары технологиялық тауарлар шығару үшін технологиялық плацдарм қалыптастыратын болады. Бұл мақсатта ғылым саласы жаңа технологиялық өндіріске бет бұрмақ. Бұл еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек. Біздің ғалымдарымыздың қарым-қабілеті практикалық міндеттерді шешуге бағытталмақ. Бұл жұмыстар мемлекет, ғылым және бизнестің тығыз кооперациясы арқылы жүзеге аспақ» деген болатын. Менің де ендігі негізгі жоспарым Президентіміздің сайлауалды бағдарламасы аясында қарқынды ғылыми-зерттеу жұмыстарымды жандандыра түсу болғалы тұр. Ғылым туралы жаңа заңның қабылдануына атсалысу. Президентіміздің тапсырмасын бұлжытпай орындау. «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске осы жылдың басында мүшелікке өттім. Онда өзекті мәселелер жиі көтеріліп тұрады. Әсіресе, соңғы уақытта жұмысы қарқын алып келеді. Сонысын жоғары бағалаймын. Жалпы, бұрынғы тәртіптен мүлдем басқа, мәселелерді шешу жолдарын нақты қарастырылған бағытта жұмыс істей бастады. Кеңестің соңғы отырысында «Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ғылымның жетістіктері мен проблемалары» тақырыбында баяндама жасадым. – Иә, ендігі әңгімеміздің ауаны осы жиында айтылған мәселелер жайында өрбитін болады. Таяуда өзіңіз жаңа Ұлттық холдингтің басшылығына тағайындалдыңыз. Бұл бір өзгерістердің басы деп тануға болады. Осы жағдайлар туралы айтып беріңізші? – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғалымдарға қолдау көрсетіп, ғылымды дамытуға жан-жақты жағдай жасау туралы тапсырма берген болатын. Ол тапсырмасы бүгінде жан-жақты орындалып жатыр. Оған айғақ, елімізде биофарминдустрия саласындағы ғылыми-өндірістік әлеуетті арттыра түсу мақсатында былтыр QazBioPharm ұлттық холдингі құрылып, оның құрамына 8 ғылыми-өндірістік ұйым қосылды. Оның басшылығына мені тағайындады. Маған сенім артып, отандық ғылымды дамытуға міндет жүктегені үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, жаңадан қауіп-қатерлердің пайда болуына байланысты биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері соңғы жылдары өзекті болып келеді. Соның ішінде адамзат баласына шын қауіп төндіріп отырған жаңа аса қауіпті аурулар түрі тұрақты түрде қайта-қайта бой көрсетуде. Бүгінде холдинг биологиялық қауіпсіздік саласында маңызды міндеттерді шешуді жүзеге асыруда. Соңғы үш айдың ішінде QazBioPharm холдингі соңғы 30 жылда жасалған отандық ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы 45 мың есептің талдауын жасап шығарды. Олардың ішінде 500-ден астам ғылыми жоба адам мен жануарлардың аса қауіпті инфекцияларын зерттеуге арналған. Зерттеулердің нәтижелілігі мен тиімділігін бағалау үшін, сондай-ақ өндіріске енгізуге дайын өзекті өнімдерді анықтау мақсатында мәліметтерді талдау Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы (МҒТСҰО) базасының ақпараттарын қолдана отырып жүргізілді. Қазақстанның Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2020-2021 жылдары ғылыми зерттеулерді жүргізуге 15 конкурс өткізілді. Жобалардың саны мен ғылыми-зерттеу қызметін мемлекеттік қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 1991-2000 жылдары Қазақстанда салалық министрліктер желісі бойынша адамдардың аса қауіпті инфекцияларын зерттеу бойынша 39 жоба жүзеге асқан болса, 2001 жылдан 2010 жылға дейін – 47 және 2011-2021 жылдар аралығында 86 жоба орындалды. Ал жануарлардың аса қауіпті инфекциясы бойынша аталған кезеңдерде сәйкесінше 34, 139 және 162 жоба мен бағдарлама жүргізілді. – Осы талдау нәтижесінде қандай шешімге келгеніңізді кеңесте айттыңыз. Ендеше біздің оқырмандарымыз үшін де қайталап айтып берсеңіз... – Жалпы алғанда, соңғы 30 жылда Қазақстанда адамдардың аса қауіпті инфекцияларын зерттеу бойынша 172 ғылыми жоба мен ҒТП жүзеге асқан. Бірақ осы жобалардың ішінен өндіріске дайын өнім ретінде тек 4 вакцинаны ғана тіркеуден өткізу мүмкін болды. Соған қарамастан мемлекет қаржыландыратын жобалардың қатары арта түспесе, кемімеген. Бірақ, өкінішке қарай ол жүз есе аз нәтиже беріп отыр. Мәселен, 1991 жылдан бері күні бүгінге дейін елімізде түрлі ұйым малдың бруцеллез ауруы бойынша 77 ғылыми жобаны жүзеге асырған. Ал 1994 жылдан күні бүгінге дейін мүйізді ірі қара малдың арасында тез тарап, жедел асқынатын аусыл ауруы бойынша 17 ғылыми жоба жасалған. Бірақ осы жүргізілген қарайған жұмысқа, олармен күреске қарсы жұмсалған қыруар мемлекеттік қаржыға қарамастан Қазақстанда аты аталып отырған ауруларға қарсы отандық препараттар жоқ. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл осы конкурстарды өткізуші мемлекетік органдардың арасында жүйеліліктің және өзара ынтымақтастықтың жоғын көрсетеді. Ал ең бастысы, ел экономикасына пайдалы түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге деген талаптың және қадағалаудың жоқ екенін білдіреді. – Былтыр Жамбыл облысында ашылған жаңа зауыт осы тығырықтан шығудың бір жолы ма? – Бүгінде ғылыми әзірлемелерді енгізудің мәселесі стандарттарға сәйкес келетін өндірістік желілердің жоғы болып отыр. Осыған байланысты Президенттің Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында берген тапсырмасына сәйкес биофармацевтикалық OtarBioPharm зауыттың құрылысы салынып, пайдалануға берілген болатын. Ол – Қазақстандағы аса қауіпті инфекциялық ауруларға қарсы иммунобиологиялық препараттарды (вакциналарды) шығару бойынша толық циклға ие және GMP стандартына ие сәйкес келетін ең алғашқы зауыт. 2022 жылдың қараша айындағы мәлімет бойынша бұл өндіріс орнынан 6 миллион доза QazVac вакцинасы шығарылды. Таяу болашақта зауыттан иммунобиологиялық препараттардың 10-нан астам түрін шығару жоспарланып отыр. Одан бөлек, ұсыныстарды қарап, өзге вакцина өндірушілерінің де контрактілік өндіріс қызметін көрсетуге әзір. Бүгінде біздің холдингке қарасты кәсіпорындар денсаулық сақтау саласына арналған вакцинаның 2 түрін, ветеринарияға арналған вакциналардың 6 түрін, диагностикалық заттардың 43 түрін және ветеринария мен денсаулық сақтау саласына арналған 6 бактериофагов шығарады. Алдағы уақытта мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімдерге қажеттілігін қамтамасыз ете түсу үшін біздің холдинг шығаратын өнімдердің саны мен көлемін кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін түрлі ғылыми ауқымы кең өнімдерді дайындау бойынша сынақтан өткен ғылыми әзірлемелеріміз бар. Олардың көпшілігі патенттелген және өндіріске енгізуге дайын. Жалпы алғанда, холдингтің жұмысы Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткендей, жаңа технологиялық өндіріске бағыт алатын болады. – Осы айтылғандардың негізінде, қандай шешу жолдарын ұсынар едіңіз? – Қалыптасып отырған ахуалға жүргізілген сараптама қорытындысы еліміздегі ғылым саласы терең модернизацияны қатты қажет етіп отырғанын көрсетіп отыр. Осыған байланысты біздің холдинг оның келесідей шешу жолдарын ұсынады. Біріншіден, биологиялық, экологиялық және азық-түлік қауіпсізігі саласында ЖОО-лар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық ғылыми кластер құру қажет. Ғылыми мақсаттағы құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану үшін институттар мен университеттердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын біртұтас базаға біріктіру керек. Өйткені бір жағынан алып қарасақ, ғылыми мекемелерде қондырғылар мен жабдықтардың бірдей түрлері жиі кездеседі, екінші жағынан, тек тар шеңбердегі міндеттерді шешуге арнап кішігірім ғана зерттеу жобалары үшін алынған құрал-жабдықтардың бос тұратын кездері аз емес. Кадрлық әлеуетті нығайта түсу мақсатында ғылыми кластердің қатысушылары арасында тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастыру қажет. Осылай жасасақ, ғылыми ұйымдардың өзара ынтымақтастығы беки түседі. Екіншіден, Қазақстанның «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы қабылдануы тиіс. – Әңгімеңізге рақмет!