Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты күрмеуі қиын мәселелер жеткілікті. Мәселен, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік тілде қызмет алу қиын. Дәрігердің қабылдауы тек орысша жүргізіледі. Спорт секцияларында қазақша білетін жаттықтырушылар жоқтың қасы. Соның салдарынан спортпен қосымша шұғылдана алмай жүрген балалар бар. Бұл жөнінде «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде айтылды. Қазақ сыныптары мен топтарында кадр мәселесіне қатысты түйткіл жетерлік. Кей аудандарда әлі күнге дейін «Қазақ тілі» қоғамының филиалы ашылмаған. Атаулары қазақшалануы тиіс елді мекендердің тұрғындары тарапынан қарсылық болмағанымен, ономастикаға қатысты кейбір мәселе аяқсыз қалған. «Тіл туралы» заң мен «Кәсіпкерлік кодексінің» баптары бір-біріне қарама-қайшы. Соның салдарынан жергілікті атқарушы биліктің қолынан келер қайран жоқ. «Ёбидоёби» дәмханасы сияқты келеңсіз атауларды ауыстыруға ешкімнің пәрмені жетпейді. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында екі мәселе қаралды. Алдымен, 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауының қорытындысы талқыланды. Кеңес отырысында баяндама жасаған қоғамдық кеңес мүшесі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева Президент сайлауы жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Жаңа деңгейге өту керек «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында қаралған екінші мәселе – партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық Жол картасының 110-тармағына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, Қазақстан халқының тілдерін дамыту туралы. Бұл ретте өңірде шешімін күткен мәселе көп екені белгілі болды.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев мемлекеттік тілді дамыту тиімді жүргізіліп жатқанын айтып, атқарылған шараларды тізбеледі. Мәселен, облыстық тілдерді оқыту орталығында оқытылатын тыңдаушылар қатары жыл сайын артып келеді. «2020 жылы мемлекеттік тілді 114 топта оқыған тыңдаушылар саны 2 129 болса, 2021 жылы 124 топта – 2 264 адам, ал 2022 жылы 131 топта 2 558 адам. Тілдерді оқыту орталығы «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесе «Тілашар» клубын ашып, айына екі рет «Грамматикасыз қазақ тілі» сабақтарын өткізуде. Тіл заңнамасына сәйкес, облысымыздың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында мемлекеттік тіл жұмыс және іс жүргізу тілі ретінде қолданылады. 2022 жылы І жартыжылдығының қорытынды-сы бойынша, мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы 94,9 пайызды құрады», – деді ол. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхаметжанов: «Біз қазақ тілін іс жүргізу тілі, кіріс-шығыс құжат тілі, осыншама үйірме жүргізіледі деп 30 жыл бойы айтып келеміз. Енді басқа деңгейге өсуіміз керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесі жұмыс тілі, қоғамда қолданылатын тіл ретінде айтатын кез келді. Қашанғы өзімізді өзіміз алдап, бұрынғы сарынмен жүре береміз?», – деді. «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері жаз бойы облыс аумағындағы 25 ауылды аралап, ономастика мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Қоғам филиалы төрағасының айтуынша, Қызылжар ауданындағы Чапаев, Есіл ауданындағы Советское, Тайынша ауданындағы Келлеровка, Ильичевка ауылдарының тұрғындары елді мекендерінің атауларын қазақшалауға келісті. «Одан ары қарай ауылдық округтің әкімі жұмыс жүргізуі керек еді. Жиналыс өткізуді ұсынып хат та жаздық. Алайда әлі жиналыс өткізілмеген. Ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Әкімдіктегілер бір-біріне сілтейді», – дейді Жанат Қабдолрақымұлы. Бүгінде облыста 13 ауылдық округ, 33 ауыл, 270-ке жуық көше идеологиялық жағынан ескірген, тоталитарлық сипаттағы атауларға ие.Петропавлда биыл ашылған «Ёбидоёби» дәмханасының атауына қатысты прокуратураға хат жазылғанымен, сырғытпа жауап келіпті. Прокуратура өкілдері облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасына, қалалық әкімдікке және полиция органдарына сілтей салыпты. Елді мекендердегі көрнекі ақпарат мәселесіне қатысты қандай да бір кемшілік кетсе, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекске сәйкес, иесіне алдымен ескерту жариялануы тиіс. Бірақ осы ескертуді кім жасайтыны түсініксіз. «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйым болғандықтан, қолынан келері – тек заң талаптарын түсіндіріп, әдістемелік жұмыс жүргізу ғана. Ал мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев бүгінгі таңда бизнес өкілдерін тексеруге мораторий жарияланғандықтан, тексеру мүмкін емес екенін жеткізді. Бұған қоса «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 25-4 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне» сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады. Ал Кәсіпкерлік кодексте тіл туралы мәселе алынып тасталған. Бұрын көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңнамасының сақталуы туралы 108-бап болатын. Енді ол жоқ. Иерархия бойынша заңнан кодекстің мәртебесі жоғары. Сондықтан әзірге тиісті басқарма да кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетумен ғана шектеледі. Сондықтан кеңес мүшелері республикалық «Мирас» қоғамдық кеңесіне және Парламент депутаттарына заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасайтын болды. Мектептердің 25 пайызы ғана қазақша оқытады Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопованың баяндамасынан белгілі болғанындай, 454 мектептің 112-сі, яғни 24,7 пайызы қазақ тілінде оқытады. 54 пайыздан астамы – орыс тілінде білім береді, қалған 21 пайызы – аралас. Аралас мектептердің 1,1 пайызға көбейіп, орыс мектептерінің 1,5 пайызға азайғанын, орыс тілді мектептерде қазақ сыныптарының ашылғанын ол жетістік ретінде атап өтті. Биыл 1-сыныпқа қабылданған балалардың 23 пайызы ғана қазақша оқиды екен. Қала бойынша қазақ балабақшаларының саны – төртеу-ақ. Қалғандарында қазақ топтары ашылған. «Мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге баратын балалардың санын арттыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналармен жыл сайынғы жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған іс-шаралар және де қазақ тілінде оқуын жалғастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақ мектептеріне баратын балалардың ата-аналарына қолдау көрсету үшін бастауыш сынып оқушыларына ұзартылған күн топтарының жұмысы ұйымдастырылды», дей келе Татьяна Николаевна да өткізілген іс-шараларды тізіп шықты. 2023-2025 жылдары Петропавл қаласында мемлекеттік тілде оқытатын 4 мектеп құрылысы жоспарланып отырғаны туралы жаңалықты кеңес мүшелері қуана қабылдады.
Бірақ аралас мектептердегі жағдай ала-құла екені кеңес отырысына қатысушылардың назарынан тыс қалмады. Мәселен, Қызылжар ауданына қарасты Архангельское ауылдық округі қоғамдық кеңесінің мүшесі Әлім Төлебаевтың айтуынша, ауыл мектебінде мемлекеттік тіл мәселесі тіпті ушығып тұрғанға ұқсайды. Ол ауылдағы аралас мектептің басшылығы, қызметкерлері, мұғалімдері, кітапханашысы, хатшысы мемлекеттік тілді білмейтіндіктен, қазақтілді оқушылар мен ата-аналардың құқығы бұзылып жатқанын, іс-шаралар тек орыс тілінде өткізілетінін айтты. Оның сөзін кеңес мүшесі, айтыскер ақын Жарқын Жұпархан да қолдады. «Архангельское ауылында негізінен өзіміздің қаракөздер тұрады. Бірақ тіл мәселесі ушығып тұр, өте ауыр», – деді ол. «Қазақ сыныптарында сабақ беретін мұғалімдердің көбі орысша оқыған, қазақша түсінетіндері шамалы. Сондықтан ата-аналар ол сыныпқа балаларын бергілері келмейді. Кадр жоқ», – деді Әлім Әйіпұлы.Оған жауап берген Татьяна Протопопова: «Өз сұрағыңызға өзіңіз жауап бердіңіз. Шынымен де кадр жоқ. О баста бұл мектеп орыстілді болған. Соңғы кезде қазақ сыныптары ашылды. Әрине, мектеп бұл мәселені шешу бағытында жұмыс атқаратын болады, қазақтілді мұғалімдерді тартады», – деді. Кеңес мүшелері бұл ауылға барып, жағдайды өз көзімен көретін болып келісті. Қазақ тілді маман тапшы
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Аманжол Қазиевтің айтуынша, өңірде медициналық қызмет тек ресми тілде көрсетіледі. «Қазақшалау үшін әлі біраз уақыт керек. Біздің өңірде көптеген қазақтардың өздері қазақша түсінбейді», – деді Аманжол Жамақұлы.Спорт саласындағы жағдай да аса мәз емес. Қазақ тілінде жүргізілетін секциялар жоқ.
«Жаттықтырушылар тіл білмегендіктен, неліктен біздің балаларымыз спортпен шұғылданбауы керек? Неліктен біздің балалар кемшілік көреді? Менің балам 1-2 рет спорт секциясына барып келгеннен кейін, «бәрі орысша, түк түсінбеймін» деп бармай қойды. Әрі-беріден соң бұл да біздің төлеп отырған салығымыз ғой. Қазақ тілін білетін жаттықтырушылар жұмысқа қабылдансын. Өз елімізде неге біздің балалар қысым көреді? Жаттықтырушыға қазақ тілін терең білудің қажеті де жоқ, ең қарабайыр он шақты сөзді меңгерсе болды емес пе?» – деп налыды Жанат Мұхаметжанов.Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мият Ерханның айтуынша, жаттықтырушылардың қаншасы қазақтілді екеніне статистика жүргізілмейтін болып шықты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев жаттықтырушыларды да, дәрігерлерді тілдерді оқыту орталығы арқылы оқыту керек деген ұсыныс жасады. Кеңес мүшесі, меценат кәсіпкер Жомарт Омаров бұл мәселе – қоғамның дерті, кеселі, тіпті қасіреті екенін айта келіп, оны бірлесе шешу жолдарын қарастыру керек деген ой айтты. Бірақ бұл – тез арада шешіле қоятын мәселе емес екенін жиналғандардың барлығы да мойындады.
Солтүстік Қазақстан облысы