Президент Францияның жетекші компанияларының басшысымен кездесті

Франция

Шараға Total Energies, Orano, Saint Gobain, Boehringer Ingelheim France, Soufflet Group, BPI France, Vicat, Syctom, Pellenc, FICT мал шаруашылығы қауымдастығы, Total Eren, PCM, Safran, Thales, Groupe EDF, Assystem, Alstom, Evolution International, MHB SAS, Exa International, Airbus, Rungis – Semmaris, MBDA, SOPREMA, Луи Викат және басқа да ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастық бүгінде күрделі геосаяси және экономикалық мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа сын-қатерлер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қиын-қыстау кезең – байланыс орнатып, серіктестікті дамыту үшін қолайлы уақыт.

– Біз ортақ экономикалық және саяси мүдделерімізді одан әрі ілгерілету үшін Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты жолға қойғымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Франция

Мемлекет басшысы Қазақстан еркін және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ монополиядан арылу Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және инвесторларға тартымды етеді деп санайды. Ол бизнес ахуалды жақсарту үшін  заңнамаға одан әрі тиісті өзгертулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.

– Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері макроэкономикалық деректерден көрініп отыр. Биылғы 10 айда ЖІӨ өсімі 2,5 пайызды құрады. Бұл болжанған нәтижеден жоғары. Қолданыстағы тасымал тізбегінің үзілуіне қарамастан біздің экспортымыз 50 пайызға (63,8 млрд доллар) жуық өсті. 2022 жылдың алғашқы алты айында шетелдік серіктестеріміз біздің экономикамызға шамамен 15 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Алдағы 7 жылда біз 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан инвестиция салу жөнінен Орталық Азиядағы ең тартымды ел болуы үшін инвестициялық саясатымызды үнемі жетілдіріп отырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Франция

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

– Биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12 пайызға өсті. Бүгінде 170-тен астам француз компаниясы, соның ішінде Total Energies, Orano, Airbus, Vicat, Air Liquide, Alstom, Saint-Gobain және басқалары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Францияның Қазақстандағы Сауда өкілдігін құру ынтымақтастығымызды нығайтуға өз септігін тигізер еді деп санаймын. Біз оның тезірек құрылғанын құптаймыз. Сондай-ақ француз компанияларын еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамын. Жиынға қатысушылардың бәріне Қазақстан қауіпсіз және тұрақты инвестициялық орта қалыптастыруға кепілдік беретінін нық сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушыларға инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі мол бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтты.

– Біз агроөнеркәсіп кешенін дамытып жатырмыз. Оның өндіріс көлемін 2,5 есе ұлғайту және экспортымыздың көлемін екі есе арттыру жоспарланып отыр. Тиісінше, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге салынатын инвестицияны ынталандырамыз және Францияның азық-түлік өндірушілерін осыған байланысты инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырамыз. Біз осындай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, бұл –  ынтымақтастық орнатуға зор әлеуеті бар экономиканың нақты секторы. Біз табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы және тау-кен өндірісінің жалпы көлемі бойынша (мұнай мен газды қоспағанда) оныншы орындамыз. 2040 жылға қарай аса маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныс төрт есе артады деп болжанып отыр. Үкімет қажетті қолдау көрсетуге дайын. Біз компаниялар өздерінің озық тәжірибелерін, ноу-хауын және жаңа технологияларын әкеледі деп үміттенеміз, – деді Президент.

Франция

Сонымен қатар Мемлекет басшысы энергетика, көлік және логистика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына тоқталды.

Президент Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық серіктестік барлық салада әртараптанып, кеңейе беретініне сенім білдірді.

– Бүгінгі конструктивті диалог бизнесті өркендетуге және ортақ дамуға ниетті екенімізді тағы да нақтылауға мүмкіндік береді. Менің әкімшілігім француз компанияларына өңірдегі экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірінде бизнес жүргізуі үшін барлық қажетті қолдау көрсетуге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррер, Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат, Қазақстан-Франция Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бешт, Airbus компаниясының атқарушы вице-президенті Ван Верш, Thales компаниясының вице-президенті Марион Парада, Vicat компаниясының президенті Ги Сидос, Safran компаниясының аға вице-президенті Стефан Роллан, Saint-Gobain компаниясының аға вице-президенті Патрик Дюпин, PCM президенті Марио Мартинони, Soufflet Group компаниясының бас директоры Кристоф Пасселанд, Boehringer Ingelheim France өкілі Найджел Свифт және Evolution International компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Сирил Джосс сөз сөйледі.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.