Шумков ісі: такси жүргізушісі сотта Алматыда дәрігерді атып өлтірген күдікті туралы айтып берді
Шумков ісі: такси жүргізушісі сотта Алматыда дәрігерді атып өлтірген күдікті туралы айтып берді
Фото: ainews.kz
Алматыда дәрігерді атып өлтірілген күдіктіге қатысты сот процесі өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК-ның мәліметінше, сот отырысында такси жүргізушісі «мені де өлтіре ме деп қорықтым» деп ағынан жарылды. Алматылық дәрігер Юрий Шумковтың ісі бойынша сотта такси жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын баяндады. Жәбірленушінің айтуынша, күдікті рұқсатсыз көлігіне отырып, мылтық кезеп, жүруін талап еткен. Кейін телефонын тартып алып, емханаға бірнеше рет хабарласыпты. Сөз арасында дәрігерді атып өлтіргенін айтып мақтанған.
Жәбірленуші Дидар Қырықбаев: «Отырған кезде маған айтқан жоқ. Жолда «врачты атып тастадым» деді. Мені де атып тастамай ма деп қорқып кеттім. Екі-үш рет емханаға телефон шалды. Бірақ қорыққаннан нақты не айтып жатқаны есімде жоқ. «Жүр» деген жолмен жүріп келе жаттым. «Айтқанымды істесең, саған ештеңе болмайды» деді, – дейді.
Биыл сәуірде Алматыда емделуші дәрігерді мылтықпен атып өлтірген болатын. Қанды қылмыс таңғы уақытта көлік тұрағында болған. Юрий Шумковты атқан соң, артынша жол бойында тұрған көлікке мылтығымен мініп, оқиға орнынан ізін суытады. Полицейлер оны бір сағатқа жетпей ұстады. Атышулы іс бойынша сот әлі жүріп жатыр. Бүгін такси жүргізушісі мен 35 жастағы күдіктіні ұстаған полиция қызметкерінен жауап алынды. Күдіктінің анасының айтуынша, ұлының іш құрылысын тексеру үшін зонд кіргізгенде дәрігер шеміршегін сындырып жіберген. Сол жарақаттан нәр тата алмай қалған жігіттің жағдайы күрт нашарлап, екі айда салмағы 95-тен 64 келіге бір-ақ түскен. Шумков кінәсін мойындамай маңайлатпаған соң, ашынған ұлы ақыры осындай қылмысқа барыпты. Бірақ Шумков жұмыс істеген емхананың қызметкерлері дәрігер мен емделуші арасында еш кикілжің болмады деді. Жақындарының айтуынша, күдіктінің денсаулығы тергеу изоляторында күрт нашарлаған. Ауру асқынған соң, өздігімен жүруден қалған. Сот отырысына төсекте жатып онлайн қосылды. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі дәрігердің өліміне қатысты пікір білдірген еді.