10 мыңнан астам полиция қызметкері қысқартылды - министр
10 мыңнан астам полиция қызметкері қысқартылды - министр
© сурет интернеттен алынды
189
оқылды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Парламент Сенатындағы үкімет сағатында 10 мыңнан астам полиция қызметкері қысқартылғанын жариялады, - деп хабарлады inbusiness.kz. Оның сөзінше, қысқарту ішкі істер органдарын реформалаудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру аясында атқарылған. Шара шеңберінде полицейлердің саны 11%-ға қысқарған. «Жол картасы 9 басты бағытты көздейді, олардың әрқайсысы бойынша өткен жылы бірқатар жұмыс атқарылды. Бірінші бағыт ұйымдастырушылық-штаттық құрылымды оңтайландыруға негізделген. Осы бағыттың мақсаты – ықшам аппарат құру. Бұл тұрғыда 100 мың тұрғынға шаққанда полицейлер санын орташа еуропалық деңгейге дейін жеткізу ескерілген. ІІМ және оның ведомстволарының функцияларына талдау жүргізіліп, қорытындысында 106 артық басқару буыны және 1 483 басшылық лауазым таратылды. ІІМ қызметкерелері саны 11%-ға кеміді, яғни 10 592 қызметкер қысқартылды», – деді Е. Тұрғымбаев. Министрдің мәлімдеуінше, іс барысында 16 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделген. «100 мың тұрғынға шаққандағы полицейлердің саны 471-ден 393-ке дейін азайды. Бұл орташа еуропалық деңгейге сәйкес келеді. Ең бастысы қабылданған шаралар ішкі істер министрлігіне 16 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді», – деді Ішкі істер министрі.