Астанада "Үміт" ІІ республикалық студенттік театрлар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды
Астанада "Үміт" ІІ республикалық студенттік театрлар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды
Бүгін  "Үміт" студенттік театрлардың ІІ республикалық фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 29 қараша 1 желтоқсан аралығында Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында өткен байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 11 театр ұжымы қатысты. Фестивальді ЕҰУ «Шаңырақ» студенттік театры екінші мәрте ұйымдастырды. Оның мақсаты – жастар шығармашылығын қолдау, студенттік театрларды насихаттау, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Шығармашылық іс-шараға қатысушыларды қарсы алды.
 «Университеттің негізгі миссиясы – білім беру, ғылыммен айналысу, сондай-ақ Абайдың іліміне сәйкес толық адамды қалыптастыру. Осы бағытта дарынды, жан-жақты дамыған азаматтардың қалыптасуына ықпал ететін студенттік шығармашылық ұжымдардың рөлі зор. Біздің университетте жастардың шығармашылық дамуына барлық жағдай жасалған. 80-нен астам студенттік клуб жұмыс істейді. Біз студенттік ұжымдардың халықаралық байқаулардағы жеңістерін мақтан тұтамыз», - деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Фестиваль қорытындысы бойынша бірінші орынды Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Мұрагер» студенттік театры иеленді. Екінші орын М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің «SINTEZ» театрына бұйырды. Үшінші орынды Тұран университетінің «TeART Turan» шығармашылық тобы жеңіп алды. Бірінші орын үшін жеңімпаздар 300 000 теңге, екінші орын үшін – 200 000 теңге, үшінші орын үшін – 100 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат алды. Қазылар алқасы бірнеше аталым бойынша жеке қатысушыларды да атап өтті. Қазылар алқасының арнайы сыйлығы мен дипломы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «SAf» студенттік театрының актрисасы Нұрлыгүл Достановаға және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Жұбанов жастары» театрының әртісі Данияр Төрегелдиевке табысталды. Үздік әйел бейнесі номинациясының дипломымен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Жауқазын» студенттік театрының актрисасы Асылзат Жәлі марапатталды. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті «Дулати жастары» театрының актері Азамат Тұраров «Үздік ерлер бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Шәкәрім атындағы университеттің «Қаракөз» театры көрермендер көзайымы сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, әр командаға қатысушы университеттер ректорларының атынан алғыс хаттар табысталды. Қатысушыларды ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кенжеғали Мыржықбай, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының жоғары санатты актрисасы «Тұңғыш Президент қоры сыйлығының иегері Гүлмира Жакилина, актер және режиссер Нұрлан Қалиев пен актер, режиссер Аман Ғұмаров марапаттады.