Келелі кездесулер жалғасын тапты

келелі кездесу

Францияға жасаған ресми сапары ая­сында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кез­десулер өткізді.

Мемлекет басшысы Францияның атом өнер­кәсібі, энергетика, өнеркәсіптік газдарды өндіру, көлік және басқа да салалардағы ірі компания­лары­ның басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремон­мен кездесуде атом энергетикасы саласына озық тех­­­­­но­логияларды енгізу мәселесін талқылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Air Liquide ком­паниясының президенті Франсуа Жаковты қабыл­дады.

Франсуа Жаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа тех­ни­калық газ өндіру саласына маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жал­пы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын бір­­­неше жобаны жүзеге асырғанын айтты.

Orano S.A. компаниясы Директорлар кеңе­cінің төрағасы Клод Имовен кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақ­стан­да атқарып жатқан жұмысының қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспары таныстырылды.

Сондай-ақ Президент Францияның жетекші ком­панияларының басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық қо­ғамдастық бүгінде күрделі геосаяси және эко­но­ми­калық мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа сын-қатерлер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қиын-қыстау кезең – байланыс орнатып, серіктестікті дамыту үшін қолайлы уақыт.

– Біз ортақ экономикалық және саяси мүдде­лерімізді одан әрі ілгерілету үшін Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты жолға қойғымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан еркін және бәсе­кеге қабілетті нарықтық экономиканы нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ монополиядан арылу Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және инвесторларға тартымды етеді деп санайды. Ол бизнес ахуалды жақсарту үшін заңнамаға одан әрі тиісті өзгертулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

– Биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12 пайызға өсті. Бүгінде 170-тен астам француз компаниясы, соның ішінде Total Energies, Orano, Airbus, Vicat, Air Liquide, Alstom, Saint-Gobain және басқалары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Франция­ның Қазақстандағы Сауда өкілдігін құру ынтымақ­тастығымызды нығайтуға өз септігін тигізер еді деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушыларға инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі мол бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы энергетика, көлік және логистика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына тоқталды.

қол қойды

Президент Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық серіктестік барлық салада әртарап­танып, кеңейе беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысының Парижге сапары кезінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер ми­нистрлігі арасында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу мәселелері ту­ралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Қол қою рәсіміне Мемлекет басшысы қатысты.

Сондай-ақ Париж сапарында Франция Сенатының төрағасы Жерар Ларшемен кездесті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Па­риж­ге жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы көпжақты ынты­мақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Президент екі мемлекет арасындағы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат спикерін Қазақстанға сапармен келуге ша­қырды.

Жерар Ларше елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

Кездесу соңында Президент Франция Сенатының Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қал­дырды.

Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Матиас Корманмен кез­десуде Президент Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы табысты ынтымақтастық деңгейін атап өтті

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Үкіметі мен ЭЫДҰ арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы бірлескен бастамалардың ауқымын кеңейту ұйыммен ынтымақ­тастықты одан әрі жалғастыруда маңызды қадам болады.

Өз кезегінде Матиас Корман Қазақстанның ұйыммен табысты ынтымақтастығын оң бағалай­тынын жеткізді.

Кездесу нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкі­меті мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.

Сапар аясында Қазақстан-Франция Пре­зиденттері бірлескен мәлімдеме жасап, түрлі салада әріптестік байланыстарды орнату, одан әрі дамыту бойынша құжаттарға қол қойды.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.