Францияға жасаған ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесулер өткізді. Мемлекет басшысы Францияның атом өнеркәсібі, энергетика, өнеркәсіптік газдарды өндіру, көлік және басқа да салалардағы ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесуде атом энергетикасы саласына озық технологияларды енгізу мәселесін талқылады. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковты қабылдады. Франсуа Жаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа техникалық газ өндіру саласына маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын бірнеше жобаны жүзеге асырғанын айтты. Orano S.A. компаниясы Директорлар кеңеcінің төрағасы Клод Имовен кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстанда атқарып жатқан жұмысының қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспары таныстырылды. Сондай-ақ Президент Францияның жетекші компанияларының басшыларымен кездесті Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастық бүгінде күрделі геосаяси және экономикалық мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа сын-қатерлер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қиын-қыстау кезең – байланыс орнатып, серіктестікті дамыту үшін қолайлы уақыт.
– Біз ортақ экономикалық және саяси мүдделерімізді одан әрі ілгерілету үшін Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты жолға қойғымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы Қазақстан еркін және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ монополиядан арылу Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және инвесторларға тартымды етеді деп санайды. Ол бизнес ахуалды жақсарту үшін заңнамаға одан әрі тиісті өзгертулерді енгізуге дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.
– Биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12 пайызға өсті. Бүгінде 170-тен астам француз компаниясы, соның ішінде Total Energies, Orano, Airbus, Vicat, Air Liquide, Alstom, Saint-Gobain және басқалары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Францияның Қазақстандағы Сауда өкілдігін құру ынтымақтастығымызды нығайтуға өз септігін тигізер еді деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушыларға инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі мол бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы энергетика, көлік және логистика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына тоқталды.