Бәс тігу баюдың жолы ма?
Бәс тігу баюдың жолы ма?
723
оқылды
Таяуда төртжылдықтың басты додасы – футболдан әлем чемпионаты басталды. Осы қарсаңда футбол матчтарын та­машалаудан бөлек, бәс тігетін жандардың қарасы көп. Әлеу­меттік желіде «Катардағы чемпионат басталғалы бәс қою­шы­лардың қатары көбейген» деген ақпарат тарап жүр. Ра­сын ай­тайық, букмекерде ойнауды көп адам «арам» санап жүр­гені­мен, оған әуестердің де саны аз емес. Соған сай та­быс кө­зі­не айналдырғандар бар. Ойы бір арнада тоғыспай­тын осы екі тарап не айтады, баюдың кілтін бәстен іздеген жөн бе? Еселеп артқан есіл ақша Жақында ақпарат құралдарында ақтөбелік бір азаматтың көпқабатты тұрғын үйдің же­тін­ші қабатынан секіріп, өзіне қол жұмсағаны жайлы жазылды. Анығы белгісіз, әйткенмен алдын ала болжам бойынша, азамат құмар ойын­ның құрбаны болып, өзін кешіре ал­мап­ты. Бұндай жаңалықтарды бұрын да бірнеше мәрте құлағымыз шалды. Алайда кінәні бук­мекерлер арқаламайды. Оның да себебі тү­сінікті, қазір олар ресми түрде жұмыс істейді, салығын төлейді, жарнамасын «жаңғыртып», ерікті түрде бәс тігуге құмартқандардың ауди­то­­риясын қалыптастырып алды. Түрлі спорт­тық транслацияларға, жарыстарға демеушілік етеді. Енді олардың қаржылық жағдайын тілге тиек етейік. Қазақстанда биыл жарты жылдың өзінде құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдас­тыру бойынша қызметтер көлемі 294,4 млрд тең­гені құраған екен. Өткен жылдың 6 айы­мен салыстырғанда 8,3 есе көп, ал 2021 жыл­дың толық көрсеткішімен өлшесек, 2 есе артық. Осы деректер елімізде бәс тігу үрдісінің қаншалықты артқанына дәлел. 2020-2021 жылдары бұл бағыттағы қыз­мет­тер көлемі құнының 2022 жылмен салыс­тырғанда аз болуына сарапшылар екі себепті дәйек еткен. Біріншіден, пандемия көп аза­мат­тың қалтасын қақты. Екіншіден, 2021 жыл­дан бастап барлық букмекерлер Став­ка­ларды есепке алу орталығы арқылы жұмыс істей бастады. Яғни, бәс тігуде көлеңкелі биз­несті жою механизмі енгізілді. Әр бәс – бір тәуекел Әрине, көпшіліктің бәс тігуге қатысты ойы­ның астарын біліп отырмыз. Дегенмен біз мәселені екіжақты қарастырамыз. Әуелі бәс тігуді «аса жаман дүние» санамайтын тараптың ойын білейік. Мәселен, IT маман әрі блогер Аршат Ораз букмекерлерге тәжірибесіз ойын­шылар жем болатынын айтады.
– Әлем чемпионаты, Чемпиондар Лигасы сияқты ірі турнирлер кезінде бәс тігушілер са­ны көбейетіні рас. Букмекерлер де түрлі ак­циялар жасап, жұртты қызықтырады. Бұлай болуы заңды деп ойлаймын. Өйткені үлкен футболды бәс тігіп қарағысы келетіндер көп. Шынында бәс тігу арқылы кәсіпқой деңгейде ақша табуға болады. Бірақ ұзақ мерзімде, қыс­қа мерзімде табу қиын. Сондықтан тәжірибесіз ойыншылар букмекерлерге жем болып жата­ды. Оның үстіне несие, қарыз алып немесе соңғы ақшасына ойнайтындар бар. Тәжірибелі ойыншылар ойынға арнаған бюджетінің 5-10 пайызын ғана тігеді, оның өзінде тек ординар, яғни, дара бәстерге қояды. Қаржыны бас­қа­руы және бақылауы мықты. Өз лимиттерінен асырып ақша тікпейді. Бұған бір инвестиция ретінде қарайды. 25-30 пайыз табыс жақсы болып есептеледі. Ал тәжірибесіз ойыншылар бар ақшаларын салады, үлкен коэффициентті экспрестерге тігеді, аз уақыттың ішінде көп ұтқысы келеді. Олардың тәуекел етпегені дұрыс, – дейді ол.
Аршат Ораздың айтуынша, бәс тігетін әр адамда ішкі лимит болуы тиіс. Содан артық кетпегені жөн. Сайып келгенде, нақты өзіндік бақылау болғаны абзал. Әйтпесе бәс тігуге құмарлық наркомания мен алкоголизмнен де жаман. Өйткені санадағы нәрсені жою қиын­дау. Қазір әлеуметтік желіде өзінің болжамда­рын саудалайтын адамдар бар. Яғни, жақын арадағы спорттық кездесулерге болжам жа­сап, сол болжамын өзге бәс тігушілерге сата­ды. Оның үстіне олар әр бәске қомақты сома қояды. Дегенмен шығынға ұшырамайтында­ры бар. Көбінің тәжірибесі 10 жылға жуық. Со­­ның бірі – Айбек (тегі өзінің сұрауы бойын­ша жазылмады) атты азаматпен тілдестік. Оның сөзінше, ақылға салмайтын жандар бәстің кесірінен өз өмірлерін құртады екен.
– Мысалы, талай жылдық тәжірибемен ана­­лиз жасайтын менің болжамдарым да шық­­пай жатады. Ешқашан мынау бәстің шығу мүм­­кіндігі 100 пайыз немесе 99 пайыз деп ай­туға болмайды. Әр бәс – бір тәуекел. Яғни, мүм­кіндік 50/50. Осыны түсіну керек. Одан кейін ойнайтын адамның букмекердегі есеп­шо­тында артық ақша жату керек. Бір бәс тігу үшін сол қордың 5-10 пайызын ғана шы­ғын­да­ған жөн. Әйтпесе қарызданып, ақшаны есеп­сіз шашып, жөнсіз тәуекелге баратындарға бір-ақ кеңес – мүлде жоламағаны абзал, – деді азамат.
Қарап отырсақ, қос азаматтың да пікірі жөн­сіз емес, өз шындығы бар, орнықты ұста­ным. Әйтсе де кейбір жандар букмекерлерге мүлде тыйым салып тастауды сұрап жүр. Бірақ бүкіл әлемді қамтыған бәс тігу үрдісін тоқтату мүмкін емес секілді. Бәс тігудің зардабы да көп Енді келесі тарапқа ойысайық. Әрине, шенеуніктер белгілі бір дәрежеде бәс тігудің зардабын азайтуға ұмтылып келеді. Мысалы, биыл маусымда Мәжілістегі жалпы отырыс­тардың бірінде депутат Екатерина Смышляева Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі ойынқұмарлардың мәселесі әлі де тиімді шешімін таппай отырғанын жеткізген еді. Депутат келтірген мәліметке қарасақ, ойын­құмар қазақстандықтың қарызының ор­та­ша мөлшері 10 миллион теңге. Ал отау құр­ған 10 жұптың 7-еуі құмар ойындардың ке­­сірінен ажырасып тынады. Қылмыстық әре­кеттер мен суицид жағдайлары да жиілеп кет­кен. Осының бәріне қарамастан заңнамада букмекерлік орталықтарды жарнамалауға тіке­лей тыйым жоқ екенін айтып, шағым­данған. Айтпақшы, бұған байланысты Ашық НҚА сайтында жаңа құжаттың жобасы тұр. Өткен айда Мәдениет және спорт министрлігі әрбір бәс тігуші қойған ставкалар, оның нәтижесі, бәс тігу ұтыстары мен төлемдер, сондай-ақ оны өзге тұлғаларға беру туралы ақпаратты қабылдау, есепке алу және сақтау қағидаларын әзірлеп біткен еді. Жаңа құжат талабына сәй­кес, кейбір тұлғаларға құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынбақ. Соған сай азартқа бе­рілген, бәс тігуден шектелуі тиіс тұлғалар­дың тізімі құрылады. Ережеде ставкаларды есепке алу орталығын құру да көзделген. Сол арқылы бәс тігуге қатысы бар азаматтардың қандай жағдайда тұрғаны ашылады. Аталған құжат қоғамдық талқылауда 8 желтоқсанға дейін болады. Қазір бәс тігетін адамдардың белгілі бір жас санаты жоқ. Кәмелет жасына енді толған баладан бастап, егде жастағы адамдар да құмар ойынның кеңістігінде жүреді. Психолог Марал Жұмагелді ставкалар қоюға бейім жандарды бірнеше санатқа бөлетінін айтады.
– Адам бала күнгі немесе есейе келе алған жараларының кесірінен, шешілмеген геш­тальт­тың салдарынан осындай жолға түсіп кетуі мүмкін. Ал енді бірі «бірігу процесінде» жүргендер санатында. Яғни, ондай адамның өзінің ішкі «мені» жоқ, өзіндік ой-пікірі қа­лып­таспаған. Психологиялық тілде бұл кон­флюэнция аталады. Олар өзгелерге қызығумен жүріп, процестен шыға алмай, осы жолға түсіп кетуі мүмкін. Үшінші жағдай – проекция. Адам­ның қолында азын-аулақ ақшасы бар де­лік, ол сол ақшасы арқылы «көп ақша ұтып алуым мүмкін» деп ойлайды. «Мүмкін» – нақ­ты нәрсе емес, ол сол нақты нәрсе емес қиял-ғажайып ойларына сенеді, – дейді маман.
Психологтар дәл осы ойынқұмар және бәс тігуге әуес адамдарды қалыпты өмірге қайта әкелуді ең қиын жұмыстардың бірі санайды. Көп жағдайда тіпті оң нәтиже де болмайды.
– Әдетте өзінің қиял-ғажайыбына сенген адамдар шынайы өмірде өзімен кездесуден қашады. Өйткені, бұл процесс өте ауыр. Мұндай пациенттерді емдеуге ұзақ уақыт кетеді. Ең қиын нәрсе – өзіңмен өзің кездесу, болмысыңды тану, реалистік өмірге қадам басу. Көбіне конфлюэнция мен проекцияда жүретін адамдар шынайы өмірге қадам басуға қорқады. Ол өзінің бар жетістігін сол құмар ойындармен, ставкалармен ұштастырған. Сондықтан ондай адамда көп жағдайда кінәлау, ұрысу арқылы психологқа апару нәтиже бермейді. Ол адамдарды сол болмысы арқылы ақырын ғана өзгертеді, – деді Жұмагелді.
Қорыта айтсақ, бәс тігудің зардабы айналып келгенде сол құрбан болған жанның өзінен шығып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл тұста букмекерлердің жарнамасын шектеу жайы елеусіз қалмаса керек. Әйтпесе смарт­фонында жылт еткен жарнамаға еріп, бәс тігуге ақырындап ден қойғандар жетерлік. Сондықтан букмекерді де, бәс тігушілерді де бақылау жайы қолға алынғаны жөн деп білеміз.