Cоңғы 1 жылдың ішінде ауқымды саяси трансформацияны бастан өткерген «AMANAT» партиясының жұмысында жаңалық көп. Партияның Орталық аппаратынан басталып, бастауыш партия ұйымдарына дейін жалғасатын бұл ауқымды жұмыстан Шымкент қалалық филиалы да шет қалмайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», – деген болатын. Осы бағытта бүгінгі күнге дейін тиісті жұмыстарымызды жүйелі жалғастырып келеміз. Қалалық филиалға қарасты 5 филиал, 43 бастауыш партия ұйымы, 30 мыңға жуық партия мүшесі қоғамдық-саяси іс-шараларда белсенділік танытып келеді. Үшінші мегаполисте партия мүшелерінің қатысуымен жыл басынан бері Мемлекет басшысының Жолдаулары мен саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларын тұрғындарға насихаттап, әлеуметтік жобалар бойынша («Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра», «Жастар Отанға», «Тазалайық», «Қайсар») – 1 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, оған 15 мыңнан астам азамат қамтылды. Белсенді партия мүшелері мен жақтастардан құралған филиал жанындағы қоғамдық кеңестер де өз қызметін жоғары деңгейде атқарып келеді. 10 айдың ішінде 145 мүшесі бар 9 өңірлік қоғамдық кеңестің 70-ке жуық отырысы өтіп, күн тәртібінде 80-ге жуық мәселе қаралды. Отырыстардың күнтәртібіне 7 рет қоғамда қызу пікірталас тудырған мәселелер қойылған. Жергілікті атқарушы органдарға 46 ұсыныс беріліп, оң шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлығынан кейін, референдумды қолдау жөніндегі партия филиалынан қоғамдық штаб құрылды. Республикалық және қалалық штаб мүшелері 50 мың азаматты қамтитын 350-ден астам үгіт насихат шарасын өткізді. Нәтижесінде ел өміріндегі ең маңызды сәтте Шымкент қаласы тұрғындарының 72,5 пайызы өз таңдауын жасады. Мұндай нәтижеге жетуге партия жанынан құрылған штабтың үлесі зор болды. Кездесулер барысында қала тұрғындары тарапынан 1 700-ден астам ұсыныс пен талап тілек түсті. Ақпараттық пул тобы тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде референдумға келуге шақыруға арналған 5 мыңнан аса материал жарияланды. Қаладағы барлық 311 сайлау учаскесінде «AMANAT» партиясының 933 өкілі бекітіліп, референдумның әділ өтуіне үлес қосты. Бүгінгі таңда партияны модернизациялау бағдарламасы бойынша халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру басты міндет. Осы орайда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, мәслихаттағы партияның депутаттық фракция мүшелері тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп келеді. Бұл тұрғыда жыл басынан бері AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 7 700-ге жуық өтініш түскен. Оның 62 пайызы оң шешімін тауып, 37 пайызына заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы аралықта Мәжіліс және мәслихат депутаттары, қала әкімі мен оның орынбасарлары, басқарма басшылары, партия белсенділері, адвокат, заңгер және медиаторлар тарапынан 320-дан астам қабылдау өткізілген. 1 700-ге жуық өтініш қаралып, 34 пайызының шешімі табылған. Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы 10 басымдық пен 149 іс-шараны қамтиды. Жол картасының 2022 жылға жоспарланған іс-шараларына бюджеттен 140,1 млрд теңге қаралған. Биылға жоспарланған 105 іс-шараның 30 пайызы орындалды. Аталған индикаторлардың орындалуын бақылау мақсатында фракция мүшелері аса жауапкершілік танытуда. Қазір жоспарланған шараның 90 пайызы орындалады деп межелеп отырмыз. Жыл басынан бері филиалдың партиялық бақылау комиссиясының 15 отырысы өткізілді. Онда қаралған мәселе бойынша тиісті органдарға 44 ұсыныс беріліп, 34-інің шешімі табылды. 11 ұсыныстың қаралу мерзімі бар. Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің 16 отырысы өткізіліп, мемлекеттік органдарға 37 ұсыныс беріліп, олардың 20-сы орындалды. Сондай-ақ, қаладағы қоғамдық-саяси ахуалға зерделеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 10 айдың ішінде 2 300-ден астам азамат қатысқан 110-ға жуық наразылық акциясы мен төтенше жағдай орын алғаны анықталған. Бұдан бөлек, партияның қалалық филиалда соңғы айларда кезектен тыс Президент сайлауына Халықтық коалиция атынан ұсынылған Қ.Тоқаевты қолдау жөніндегі 96 азаматтан тұратын қалалық қоғамдық штаб құрылды. Штаб өз жұмысын жоғары деңгейде жүргізгенін атап өту керек. Үміткердің қоғамдық қабылдау бөлмесіне қала тұрғындарынан 3 мыңға жуық ұсыныс пен талап-тілек жиналған. Елімізде жуырда ғана өткен ҚР Президентін сайлау қорытындысынан партияның белсенді жұмысын көруге болады. Республикалық және қалалық қоғамдық штаб тарапынан бір ай бойы жүйелі жұмыстар жүргізілді. Шымкенттік сайлаушылардың науқанға қатысуға қызығушылығын арттыруға, дұрыс тандау жасауға штаб мүшелері ерекше атсалысты. Президент сайлауы елдің үлкен белсенділігі мен жауапкершілігінің артқанын көрсетті.
Жанар БЕКТАЕВА, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы