Классика құшағындағы Астана
Классика құшағындағы Астана
Кейінгі жылдары оркестр сүйемелдеуімен өтетін концерттің қатары көбейді. Халық та арнайы іздеп барып, ұйып тыңдап қайтады. Сол сияқты бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты Ержан Құлыбаевтың 9 желтоқсан күні елордаға жолы түседі. Ол Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрмен бірігіп өнер көрсетеді. Құлыбаевтың құдіреті сол, көрермен оның орындау шебер­лігінде виртуоз, жарқыл, күш пен үйлесім үндескенін алға тар­тады. Испаниядағы София пат­шайымның жоғары мектебінің түлегі ретінде ол Аргентина, Польша, Румыния, Германия, Ресей және басқа да көптеген ел­дегі халықаралық байқаудың лауреаты атанды. Кезінде анасы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебіне жетектеп апармағанда мұндай талантпен таныспас па едік, кім білсін?! Иә, Ержан Құлыбаев скрип­кашы боламын деп ойламаған. Оның айтуынша, анасы алты жа­сында аталған мектепке же­тек­теп апарады. Өйткені үйіндегі екі әпкесі де музыка мектебінде оқитын. Мұның өзі қызық әңгі­ме. Бірде Ержанның үлкен әп­кесі ойыншық фортепианоны көріп, қатты қызығады. Ата-ана­сынан алып беруін аттай қалай­ды. Соның әсерінен ол музыка мектебіне барады. Артынан сің­лісі де сол мектепке оқуға түседі. Сөйтеді де кезек Ержанға келеді. Оны анасы алдымен фортепиано сыныбына апарып, пианист болатынын айтады. Бірақ мектеп директоры оны скрипка сыны­бына қабылдайды. Осылайша, оның скрипка әлеміндегі сан қилы жолы басталады. Сан қилы деп отырғанымыз, Құлыбаев өзінің алғашқы бай­қауын естен шығарған емес. Се­бебі кішкентай скрипкашы аталған байқауда оңбай сүрінеді. Содан бастап тыңғылықты да­йын­далып, музыка тұңғиығына барынша сүңгіп, ішіндегі інжу-маржанын сыртқа шығаруға ден қояды. Өзінің айтуынша, атал­ған байқау ес жиюына көмек­тескен. Араға бірнеше жыл са­лып алғашқы жеңісіне де қол жеткізеді. Кейіннен жоғарыдағы байқауға қайта қатысып, топ жарады. Ержан Құлыбаевтың сөзінше, сол байқаудан қалған ащы дәм оны әлі де қамшылап келе жатыр. Оның репертуары стандарт шығармалардан тұрады. Әлемдік классиканың жауһары Бетховен, Чайковский, Шостакович, Си­бе­лиус туындысын кемеліне кел­тіріп орындайды. Бірнеше жыл бұрын Буэнос-Айрестегі байқауда танго әлемімен таны­сып, өзі үшін жаңа музыка аша­ды. Содан бері репертуарына танго шығармалары қосылған. Ержан Құлыбаев Өткенді қайта парақтасақ, Ержан Құлыбаев 12 жасында Мәс­кеудегі Орталық музыка мек­тебінде білімін жалғас­тыра­ды. Ал 2004 жылдан бастап Мад­рид­тегі София патшайымның жоғары музыка мектебіне ауы­сады. Новосібір мемлекеттік кон­серваториясының магистра­турасына түседі. Осы тұста оның «кетіп бара жатқанда, нені жо­ғалт­қаныңды түсінесің» дегені әсерлі. Өйткені оған туған жер­мен қоштасу, қаладан-қалаға көшу қиынға соққан. Бірақ мұн­ша жол оны жігерлендіріп, өзгеруге, алға ұмтылуға жете­леген. Осылайша, скрипкашы Мад­ридте, Зальцбургте білім алып, Познань филармониялық оркес­трімен бірге концерттерге қаты­сып, дирижер Валерий Гер­гиевтің басшылығымен Польша камералық филармониясында, Мариинск театрында, белгілі Карнеги-холлда жеке концертін берді. Ол «Хиндемит Павел» ха­лық­аралық байқауы және «Ген­рик Венявский» байқауының лау­реаты атанды. Осы тұста еліміздің еңбек сіңір­ген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдиновтің айтқаны еске түседі. Оның айтуынша, Ер­жан әлемдік мәдениет сахна­сында сұранысқа ие скрипкашы. Заманымыздың атақты ұстаз-скрипкашыларының бірі Захар Бронның шәкірті. Дирижердің айтуынша, оның әртіс деңгейі­нің үлкен көрсеткіші есебіндегі Венявский атындағы күрделі байқаудың лауреаты атануы – шеберлік. Ал жақында өтетін концертке келсек, көрерменді Р. Бағланова атындағы орталық концерт за­лын­да керемет кеш күтіп тұр. Т. Әбдірашев атындағы мем­лекеттік академиялық симфо­ния­лық оркестрі көркемдік же­те­кшісі және бас дирижері Қанат Омаров елор­даға қонаққа келеді. Ержан Құ­лы­баев срипкада ой­наса, кон­церт «Тұран» этно-фоль­­клор­лық ансамбліне қаты­сады. Олар Я.Сибелиус, А.Ра­йым­құлова, С.Рахманинов шы­ғар­маларын орындайды. Ол бір сөзінде адамның таң­дау және тыңдау құқығы барын айтқан-ды. Оның айтуынша, классика өзінің теңдесі жоқ му­зыка екенін әлі де дәлелдеп келе жатыр. Тыңдарман көп. Десе де ұйым­дастыру жұмысына келген­де олқылық бары білінеді. Сол үшін скрипкашы көбірек кон­церт ұйымдастыруға мүмкіндік туғанын қалайды. Музыканың осы саласына келгенде, ішкі ме­не­джмент жанданып, жұртшы­лықты тарту бойынша тыңқы­лықты жұмыс жүрсе құба-құп. Ұйымдастыру деңгейі плакат ілумен шектелмегенін қалай­тыны тағы бар.

Айбике ЖАНАСЫЛ