Кейінгі жылдары оркестр сүйемелдеуімен өтетін концерттің қатары көбейді. Халық та арнайы іздеп барып, ұйып тыңдап қайтады. Сол сияқты бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты Ержан Құлыбаевтың 9 желтоқсан күні елордаға жолы түседі. Ол Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрмен бірігіп өнер көрсетеді.
Құлыбаевтың құдіреті сол, көрермен оның орындау шеберлігінде виртуоз, жарқыл, күш пен үйлесім үндескенін алға тартады. Испаниядағы София патшайымның жоғары мектебінің түлегі ретінде ол Аргентина, Польша, Румыния, Германия, Ресей және басқа да көптеген елдегі халықаралық байқаудың лауреаты атанды. Кезінде анасы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебіне жетектеп апармағанда мұндай талантпен таныспас па едік, кім білсін?!
Иә, Ержан Құлыбаев скрипкашы боламын деп ойламаған. Оның айтуынша, анасы алты жасында аталған мектепке жетектеп апарады. Өйткені үйіндегі екі әпкесі де музыка мектебінде оқитын. Мұның өзі қызық әңгіме. Бірде Ержанның үлкен әпкесі ойыншық фортепианоны көріп, қатты қызығады. Ата-анасынан алып беруін аттай қалайды. Соның әсерінен ол музыка мектебіне барады. Артынан сіңлісі де сол мектепке оқуға түседі. Сөйтеді де кезек Ержанға келеді. Оны анасы алдымен фортепиано сыныбына апарып, пианист болатынын айтады. Бірақ мектеп директоры оны скрипка сыныбына қабылдайды. Осылайша, оның скрипка әлеміндегі сан қилы жолы басталады.
Сан қилы деп отырғанымыз, Құлыбаев өзінің алғашқы байқауын естен шығарған емес. Себебі кішкентай скрипкашы аталған байқауда оңбай сүрінеді. Содан бастап тыңғылықты дайындалып, музыка тұңғиығына барынша сүңгіп, ішіндегі інжу-маржанын сыртқа шығаруға ден қояды. Өзінің айтуынша, аталған байқау ес жиюына көмектескен. Араға бірнеше жыл салып алғашқы жеңісіне де қол жеткізеді. Кейіннен жоғарыдағы байқауға қайта қатысып, топ жарады. Ержан Құлыбаевтың сөзінше, сол байқаудан қалған ащы дәм оны әлі де қамшылап келе жатыр.
Оның репертуары стандарт шығармалардан тұрады. Әлемдік классиканың жауһары Бетховен, Чайковский, Шостакович, Сибелиус туындысын кемеліне келтіріп орындайды. Бірнеше жыл бұрын Буэнос-Айрестегі байқауда танго әлемімен танысып, өзі үшін жаңа музыка ашады. Содан бері репертуарына танго шығармалары қосылған.
Айбике ЖАНАСЫЛ