Түркістан облысында қылмыстық жауапкершілікке тартылған мұғалімдер мектепте сабақ берген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті хабарлады. Түркістан облысы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбектің айтуынша, дерек бірнеше ауданда тіркелген. «Талдау барысында Арыс қаласы мен Шардара, Сауран ауданында жұмыс істейтін мұғалімдерде соттылықтың болуы немесе болмауы зерттелді. Нәтижесінде, аудандарда 8 443 мұғалімнің 90-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Шардара ауданында – 43, Сауран ауданында – 32, Арыс ауданында 15 факт тіркелген. Оның ішінде есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу және ұрлық, пара беру-алу, қарақшылық және тағы басқа да қылмыс жасағандар бар», – деді Сәбит Әсілбек. Бұған дейін туысының мәйітін үйінде жарты жыл сақтаған мұғалім туралы жазған болатынбыз.