Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі болып Рүстем Дәулет тағайындалды, - деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жаңа әкімді аудан активіне таныстырды. Өңір басшысы жаңа әкімге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. "Біз аудандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды қолға алдық. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Заңды бұзғандар заң алдында жауап береді", - деді Б.Сапарбаев. Сондай-ақ, ол ауданның жаңа басшысына көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын бақылауға алу, білім беру және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, жастар арасында тәрбие жұмысын күшейту тиісті бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев аудан тұрғындарын алып-қашпа әңгімелер мен арандатушылыққа сенбеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенім артуға шақырды. Айта кетейік, Рүстем Рысбайұлы Дәулет 1974 жылы Жамбыл облысында туған. Білімі жоғары, 1996 жылы Жамбыл жоғары кәсіпкерлік мектебін «кәсіпкер-маркетолог», 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік басқару», 2010 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы «Бостандық» акционерлік қоғамында қарапайы жұмысшы болып бастаған. Әр жылдары Талас ауданы Бостандық ауылдық округі әкімінің орынбасары, әкімі, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Сауда комитетінің басқарма бастығы, «ALIT» ЖШС бас директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасы орынбасарының көмекшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл және Шу аудандарының әкімі, Тараз қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2018 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2019 жылғы сәуірден бастап Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.