Қаңтар оқиғасынан кейін қайтыс болған жасөспірімге сот үкімі шықты
Қаңтар оқиғасынан кейін қайтыс болған жасөспірімге сот үкімі шықты
Фото: kaz.tengrinews.kz
618
оқылды
Жамбыл облысында Қаңтар оқиғасынан кейін көз жұмған жасөспірімге үкім шықты. Бұл туралы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады. Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні сотталушы О. (марқұм) Тараз қаласында қирату, бұзу және қалалық әкімдік ғимаратының мүлкін жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқан. Сондай-ақ әскерилердің өміріне қауіп төндіріп, О. олардың ғимараттан кетуін талап етіп, әкімдікпен бірге өртеп жіберемін деп қорқытқан. О-ның кінәсі іс аясындағы айғақтармен дәлелденді. Атап айтқанда, куәлар К., А., Ж.-ның айғақтары, сот-медициналық, сот-биологиялық, сот-медицина-криминалистикалық, сот-баллистикалық сараптама қорытындысы, сондай-ақ фотосурет бойынша тану хаттамасы мен істің басқа да материалдары бар. Прокурор сотталушы О.-ны қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамай, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін (ҚР ҚК 272-б. 2-б.) кінәлі деп тануды сұрады. Сотталушының өкілі - Б. іс бойынша жиналған дәлелдемелерге дау айта отырып, О.-ға тағылған айыпты мойындамай, істі мәні бойынша қарауды сұрады. Жоғарғы Соттың 2018 жылғы 20 сәуірдегі №4 «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес, қайтыс болған адамды оңалту үшін тараптардың қолдаухаты болған кезде іс бойынша процесс жалғасады және оған негіз болған кезде аяқталып, қайтыс болған адамға айыптау үкімі қаулы етіледі. Сондай-ақ үкімнің қарар бөлігінде жаза тағайындалмай, оны қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша кінәлі деп тану туралы қорытынды тұжырым жасалады. Сот О.-ның кінәсін зерделенген дәлелдемелермен дәлелденген деп таныды. Сот үкімімен О. қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмай, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны (ҚР ҚК 272-б. 2-б.) үшін кінәлі деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.