Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баспасөзге жазылу науқанына орай Астанадағы «Қазпочта» бөлімшесіне барып, бірқатар балалар басылымына жазылды.
Дархан Қыдырәлі: «Биыл Президент тапсырмасына орай «Балалар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беру – мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының бірі. Осы ретте балаларға арналған басылымдарды қолдау негізді деп білеміз», - деді.
Дархан Қуандықұлы Мемлекет басшысы жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығын ауылдарды дамыту мәселесіне арнағанын, ауылдардың баспасөзбен қамтылуы, оларға басылымдардың уақытылы жетуі аса маңызды екенін, бүгінгі жасалып жатқан нақты істер өз нәтижесін береді деп ойлайтынын айтты.
Өз кезегінде Асхат Аймағамбетов: «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттеп, мәжбүрлемейді. Қазір бұл үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Біз мұндай фактілерді болдырмаймыз. Алайда мектептердің өздері бөлінген бюджет есебінен балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары үшін балаларға арналған газет-журналдарға жазыла алады», – деді.«Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова басылымдарға жазылу науқанына байланысты жұмыспен таныстырды.