Биыл «AMANAT» партиясы 250 мыңнан астам ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» жобасымен таныстырды. Арнайы құрылған мобильді топтар елдегі барлық өңірді аралап шықты. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Осы ретте аталған жобаның негізгі мақсаты – басты шарттарымен тағы да бір таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау. Биыл сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Соған қарамастан мобильді топ өкілдері ауылдықтарды жобамен мүмкіндігінше кеңінен таныстыру үшін елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Оның ішінде ең шалғай ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.Мобильді топтар жобаның мән-мақсатын түсіндіру және таныстыру жұмысын 28 шілдеде бастады. Осы уақыт ішінде 425 ауылға барып, 250 мың адамды қамтыды.
«Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – деді ол.Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. Мысалы, солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Новопокровка ауылында тұратын көпбалалы ана Мушахира Төлебаева.
«Жылыжай шаруашылығым бар. Онда қияр, қызанақ және тағы басқа да көкөністер өсіреміз. Алайда биыл құрғақшылық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Бақшаны ауызсумен суарамыз. Су жинап жатқан кезде ауыл тұрғындары сусыз қалады. Жылыжайға үнемі күтім қажет болғандықтан, кейде тіпті ішерге су таппай қаламыз. Былтыр 520 мың теңгені құрайтын грант ұтып, сол қаражатқа тамшылатып суару таспасын сатып алдым. Кейін шағын консервілі цех ашу идеясы пайда болып, тағы да грант ұттым. Арнайы бизнес-жоспар құрдым. Алайда қайда барып, кімнен не сұрау керектігін білмейсің. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібімді әрі қарай дамыта аламын деп ойлаймын», – деп жобаға үлкен үміт артатынын жеткізді Мушахира Төлебаева.
«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау. Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.
«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Адамдар жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 %-ға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – деді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.Мәслен, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Ақтау ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Белгин алған білімін іс жүзінде қолданып үлгерген.
«Ауданымыздың әлеуетін, қандай өндірісті іске қоса алатынымызды айқындадық. Нәтижесінде, тұрғындардың бірі өз қаражатына таза ауызсу цехының құрылысын бастады. Жұмыс аяқталғаннан кейін ол облыс және жақын шетел тұрғындарын сапасы жоғары таза ауызсумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Өндіріс орны Ақтау ауылында тіркелді. Осылайша, ауылдың салық базасы кеңейеді. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», – деп нәтижесін бөлісті ол.