Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 5-мерейтойлық отырысы өтті
Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 5-мерейтойлық отырысы өтті
414
оқылды
25 қарашада Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 5-мерейтойлық отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, Канада премьер-министрінің Еуропа мен Еуропалық одақтағы арнайы өкілі Стефан Дион; сенатор, Сенаттың Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және ардагерлер істері жөніндегі комитетінің және Сенаттың ауыл және орман шаруашылығы жөніндегі комитетінің мүшесі, ҚР-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы Виктор Оу; сенатор, Сенаттың Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және ардагерлер істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, Сенаттың Қаржы комитетінің және Ресми тілдер жөніндегі комитетінің мүшесі, ҚР-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшесі Жан Ги Дэжэнэ; Канаданың Қазақстандағы елшісі Алан Хамсон, Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдарының, энергетика, тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібі, авиация, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және т. б. салалардағы ірі қазақстандық және канадалық компаниялардың өкілдері қатысты. 2022 жылдың қорытындысында Канада мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетуі мүмкін.
«Тауар айналымы айтарлықтай табысты әрі серпінді дамып келеді. Өкінішке қарай, 2020 жылы құлдырау болды. Пандемия тауар айналымына айтарлықтай өзгертулер енгізді. 2019 жыл жақсы динамика көрсетсе, ал 2021 жыл барлық үмітімізді желге ұшырды. 2021 жылы 380 млн доллар тікелей инвестиция тартып, тауар айналымын 700 млн долларға жеткіздік. Биылғы қаңтар-тамыз айларында тауар айналымы 700 млн доллардан асты және осы жылдың қорытындысында 1 млрд долларға жеткіземіз деген үмітіміз бар», – деді Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің V мерейтойлық отырысында.
Кездесуді ұйымдастырушылардың дерегінше, Қазақстаннан Канадаға экспорт аталған кезеңде 3,6 есеге өсіп, 609,2 млн АҚШ долларын құрады. Ақылбек Камалдиновтың айтуынша, Қазақстан одан әрі өңдеу үшін Канада нарығына уран жеткізуде бірінші орында тұр. Жалпы, канадалық бизнес-қоғамдастықтың Қазақстан экономикасының түрлі салаларына үлкен қызығушылығы бар.