Байзақтағы жарылыстан 1 жылдан кейін сүйегі табылған Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі бар шындықты айтты
Байзақтағы жарылыстан 1 жылдан кейін сүйегі табылған Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі бар шындықты айтты
коллаж Халық үні
2,362
оқылды
Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыстан 1 жылдан кейін сүйегінің 60 пайызы ғана табылған Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі Талғат Дәуітбаев ұлының өлгеніне әлі сенбейтінін айтады, – деп хабарлады halyq-uni.kz. Жамбыл облысында бір жылдан аса уақыт бұрын жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі 28 қыркүйекте табылған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің 28349 әскери бөлім командирі Еркін Әбсадықов мәлімдеді. «28 қыркүйекте түстен кейін сүйегі табылды. Сол күні құзырлы органдар арқылы ДНҚ сараптамасын жасатуға бердік. Нәтижесі 30 қараша кешке шықты. Шамамен 60 пайыз сүйегі табылды. (...) Ол техникалық аймақта жарылыс болғаннан кейін бір жылдан аса уақыт іздеу жұмыстарын жүргіздік. 1 жыл 3 айдан кейін оны іздеу командасы тапты. Техникалық аймақ 175 гектар жерді алып жатыр. Оның ішінде қарамаған жеріміз жоқ. Топырақтың астынан тереңдіктен табылды», – деді Еркін Әбсадықов. Марқұмның әкесі Талғат Дәуітбаев қаралы хабарға әлі де сенбейтінін жеткізді.
Жүрек әлі де сенбейді. Бір жерде жүрген шығар дейміз. Бірнеше күн бұрын әскери тергеу басқармасынан хабарласып, Алматыда ДНҚ сараптамасы шықты, 99 пайыз сіздің ұлыңыз деп айтты, – дейді ол.
Жамбыл облысында бір жыл үш айдан кейін сүйегі табылған Бауыржан Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтті. Марқұмның отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Айта кетейік, Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегінің қалдықтары табылып, анықталғанын хабарлады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша 5 жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты болады. Сонымен қатар марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі.